Өнерлілер өрге озды
Мен мектеп қабырғасында жүргенде достарым түрлі үйірмелерге қатысатын. Бірі спортпен шұғылданса, енді бірі ауылдағы әуез мектебінде домбыра, қобыз секілді аспаптар сыныптарында оқыды. Мен де қызықтым. Сол әуез мектебінде қызу тіршілік пен ығы-жығы оқушылардың қатарында мен де болдым. Өнер мектебінен жас әншілер мен күйшілер көптеген байқаудың жеңімпазы болып, өнерге қанат қақты. Олар бүгінде киелі сахнада көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, халықтың сүйіктісі атанып жүр.
Талай өнерпазды тәрбиелеген қасиетті өнер ордасында қазір де сол қалпынан тайған емес. Жақында ғана Тараз қаласында өткен «Өнер керуені» байқауында Әділет Оразғали жүлделі ІІ орынмен оралды. Кішкентай ғана жүрегімен орындаған әні қазылар алқасының көңілінен шығып, биік шыңнан көрінді. Дәл осы байқаудың бас жүлдесі де біздің жерлестерімізге бұйырыпты. Аяжан Ештаева топ жарып, өнер сайысының жүлдегері атанды.
Аяжан – өнер мектебінің екінші сынып оқушысы. Домбыраның құлағында ойнайтын күйші қыз байқауда халық күйі «Кеңесті» орындаса, орта топта өнерін көрсеткен Әділет те халық күйі «Келіншекті» өз нақышында көрерменге жеткізді. Екі өнерпаздың да өнердегі ұстазы – Алтынай Жақсыбекова.
Тағы бір өнермен қанаттанған жеткіншек – Мейіржан Өткелбай. Ол баян аспабы бойынша облыста өткен «Адал ұрпақ» байқауында «Финская полька» шығармасын орындады. Көрермен көзайымы атанып, жүлдемен оралды. Ал екі бірдей аспаптың арғы тегі саналатын шертерде ойнайтындар ел арасында аз екен. Дәл осы аспапты меңгерген жас өнерпаз Айжан Сәкенқызы – өнер мектебінің жұлдызды шәкірті. Республикалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы Айжан «Адал ұрпақ» байқауында топ жарды. Халық күйі «Толғауды» орындап, биіктен көрінді. Айжанның ұстазы жас мұғалім – Жаңабай Төлепов.
Елінің атын шығарып, көрерменнің көңілінен ойып орын алатын жас таланттарға бізде ақ жол тіледік.
Майя ҚОЖАБАЙ