Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдариядан көмек

Сырдариядан көмек

Аптаның сейсенбісінде өтетін Үкімет отырысынан кейін аудан әкімі Б.Сәрменбаевтың төрағалығымен жиналыс өткізілді. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер талқыланғаннан кейін қосымша мәселелер де қаралды. Аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов көршілес өңірлердегі су тасқыны апаты туралы айта келе қоғам болып жұмылып, көмек көрсету бастамасын көтеріп, ұсыныс тастады. Орынды ұсынысқа жиынға қатысушылар қолдау білдіріп, игі іс аясында аз уақытта жүйелі жұмыстар атқарылды.

«AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Ержан Ертарғынұлының ұсынысы орынды. «Апат айтып келмейді» деп бекер айтылмаған. Сондықтан аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев пен аудан әкімі аппаратының басшысы Р.Шайхиевке тиісті ұйымдастыру жұмыстарын пысықтауды тапсырамын. Халыққа дұрыс ақпарат жеткізудің де маңызы зор. Жергілікті газет пен әлеуметтік желілер арқылы атқарылып жатқан жұмыстарды ақпараттандыру керек. Бұл бастамаға кәсіпкерлер, шаруашылықтар және ерікті жастар өз үлесін қосады деп сенемін» деді аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы.

Жиыннан кейін ерікті жастардың ұйытқы болуымен аудандық қоғамдық даму бөліміне қарасты жастар ресурстық орталығының жанынан арнайы гуманитарлық көмекті қабылдау пункті ашылды. Гуманитарлық көмекті қабылдау пунктіне аудан әкімінен бастап аудандағы мемлекеттік қызметшілер өз үлесін қосты. Игі істен аудандық мәслихат депутаттары, мәслихат ұжымы, «AMANAT» партиясының аудандық филиалы және «Жастар рухы» жас­тар қанатының мүшелері де тыс қалмады. Күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдері партияның аудандық филиалына жиналып, жастар ресурстық орталығының жанынан ашылған арнайы гуманитарлық көмекті қабылдау пунктіне өткізілді.

Айта кету керек, аудан жұртшылығы бұған дейін де қайырымдылық көмек көрсетуде үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Ал су тасқынынан зардап шеккен өңірге жөнелтілген көмектің орны бөлек. Қай кезде де тату тірлікті, бекем бірлікті ту еткен аудан халқы су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі Мемлекет басшысының шешімдерін қолдайды.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
06 сәуір 2024 ж. 149 0