Таза болса көшеміз, кетпес, сірә, есеміз!
Әдеттегідей, тазалық екі айлығы басталғалы аймақта әр сенбі сайын сенбілік жұмыстары қызу жүргізіліп, оған тұрғындар белсенді түрде атсалысуда.
«Санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру» акциясы облыс көлемінде өткізілуде. Соған сәйкес өткен сенбіде облыс орталығында, одан бөлек аудандар мен ауылдық округтерде тазалау, тал егу жұмыстары жүргізілді. Тал егу акциясы аясында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі қала көлемінде егу үшін 15 мың көшетті тегін таратса, аудан орталығында да көшет отырғызу жұмыстары жүйелі жүргізілді. Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Тағзым» алаңында тал егілді. Сондай-ақ аудан басшысы жергілікті тұрғындарға көркейту іс-шарасының маңыздылығын атап, тазалық акциясына белсенді қатысуға шақырды. Айта кетейік, қазіргі таңда негізінен су арналарын тазартуға күш жұмсалуда. Өйткені, жақын арада каналдарға су жіберілгенде, қыс бойы жиналған қоқыс су ағысына кедергі келтіреді. Осы ретте, каналдар арқылы аяқ су жеткізілетін арықтарды тазалау жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар сырдариялықтар көше бойындағы ағаштарды әктеп, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Көктем шығып, жаңару, тазару айлығы басталғалы апта сайын жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы пікір білдірген ардагер Жантемір Айсин:
– Аула тазармаса, сана тазармайтыны рас. Бір жағынан тазалық – денсаулықтың кепілі әрі туып-өскен ортамыз жарқырап, жайнап тұрса, қандай жақсы! Күнделікті сол көшемен өзіміз жүреміз, өзіміздің бала-шағамыз жүреді. Айналамыз таза болса, ауа да таза. Жыл басы – жаңару мен тазалықтың бастауы. Осы ретте көшет отырғызу, тек отырғызып қоймай, оны күтіп-баптау жұмыстарын жүргізу де аса маңызды. Бұл арқылы біз табиғатқа жан бітірумен қатар келешек ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетеміз. Әрбір тұрғын сенбі күні бір сағат уақытын бөліп, ауласын тазаласа, бұл қалыптасқан үрдіске де айналады. Есесіне қоршаған ортаны күтіп-баптап, қасиетті Рамазан айында үлкен сауапқа кенеледі, – дейді ардагер.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ