Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейтойлық лебіздерге мың алғыс

Мерейтойлық лебіздерге мың алғыс

«Тіршілік тынысы» газетінің 85 жылдық мерейтойына орай 26 наурыз күні аудандық газет редакциясына құттықтау жеделхаттары келді. Тілеулес көпшілік шығармашылық ұжымға арналған жылы лебізді әлеуметтік желілер арқылы да жолдады. Мерейтойлық құттықтау жолдаған ағайынға алғыс айтып, шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Газеттің ең алғашқы нөмірі 1939 жылдың 26 нау­­рызында оқырманға жол тартқаны белгілі. Сондықтан дәл осы күні қаламгерлерге құрмет көрсетіп, ізгі ниетпен ілтипат білдіру – дәстүрге айналған жүйелі жұмыс. Осы игі істі аудан әкімі Берік Сәрменбаев жандандырып, газеттің айтулы белесі ортақ қуаныш екенін айтты.

– Әр жұмыс күнінің басталуында республика­­лық, облыстық, аудандық газеттердегі ақпараттармен танысамын. Оның ішінде ең алдымен аудандық газеттегі жаңалықтарды оқимын. Мұнан бөлек қызметтік жиындар барысында және сапарларда әріптестерімнің, ардагерлердің жергілікті басылымды оқитынын аңғарамын. Бұл аудандық газетке деген тұрғындардың оң көзқарасын білдіреді, – деген аудан басшысы газет ұжымына толағай табыс пен шығармашылық сәттілік тіледі.

Бұл күні аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов «Төл газет биыл 85 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл бір күнде немесе бір айда ғана тойланатын мерейтой емес, бұл жыл көлемінде аталып өтілуі тиіс дата. Сондай-ақ сапалық мазмұны терең іс-шаралар өткізетін кезең. Жақында аудандық газеттің мерейтойына орай іс-шаралар жоспары бекітілгенін оқыдым. Жоспар жақсы әзірленіпті. Мүшәйра, эссе байқауы, сондай-ақ ғылыми-практикалық конференция, кітаптың тұсаукесері, тақырыптық кездесулер өткізіледі деп жоспарланыпты. Мұның бәрі қаламгерлерге деген шынайы құрметтің белгісі» деп жылы лебізін білдірді.

Құттықтау лебіздер Астана қаласынан да келіп жетті. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Р.Рүстемов «Аудандық газет 1939 жылғы 26 наурыздан бері руханиятқа үздіксіз қызмет етіп, Сырдария жұртшылығының сыбағалы «сүйіншісіне» айналғаны ақиқат. Сонан бері басылым бетіне қаншама қаламгердің қолтаңбасы түсті, талай талантты түлетіп ұясынан ұшырды. Сырдария ауданында қызмет атқарған кезеңде газет қызметкерлерімен әріптес ретінде етене байланыс­та, аймақтың ортақ мүддесі үшін идеологиялық жұмыстарды жандандыруға жұмыс жасағанымды айтқым келеді. Жаңалыққа жаны құмар Сырдария жұрты жоғары бағалайтын «Тіршілік тынысы» газетінің ұжымын 85 жылдық мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын» деп пікір білдірсе, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М.Ергешбаев «Ата-бабамыздың атақонысы болған, өзіміздің кіндік қанымыз тамған қасиетті Сыр өңірінің әрбір жақсы жаңалығы, жетістігі біз үшін ерекше қуаныш. Облыстың бірнеше ауданында қызмет еткендіктен барлық ауданның тыныс-тіршілігіне шынайы тілектес болып, айтулы даталарына мән бергенді жөн көремін. Тарихы бай, бірлігі бекем, тірлігі көркем ауданның дамуында биыл 85 жылдығы аталып өтілетін аудандық газеттің алатын орны ерекше. Газетте шығармашылықтың шыңына шыққан талай азаматтар жемісті еңбек етті. Ауданды басқарған кезеңде «Тіршілік тынысы» газетінің әр нөмірін үзбей оқып, жергілікті жаңалықтармен танысып шығатынмын. Шығармашылық топ мүшелерімен бірнеше рет кездесіп, ақпараттық-насихаттық жұмыстарды үйлестіргеніміз есімде. Жергілікті басылым әркез біздің жұмысымызға ақпараттық қолдау көрсетіп, халық пен билік арасына алтын көпір бола білді. Сондықтан айтулы мерейтойын атап өтіп жатқан қаламгерлерге шынайы риза­шы­лығымды білдіремін» деп құттықтауын жолдады.

Бұл күні облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Хожбанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы М.Келдібаев бастаған аудан ардагерлері, облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудан әкімі аппаратының басшысы Р.Шайхиев бастаған мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, редакция ардагерлері мен олардың ұрпақтары, тұрақты оқырмандар мен жалпы көпшілік те құттықтау лебіздерін жолдап, ұжымның мерей-мәртебесін арттырды. Құттықтау лебіздер басылым беделін биіктетіп, біздің жауапкершілік жүгіміздің салмағын арттырды. Сондықтан абыройдың биігінен көрініп, халық пен билік арасында алтын көпір болып, жаңалық жаршысына айналамыз деп сенеміз.
А.ИБРАГИМҰЛЫ
30 наурыз 2024 ж. 215 0