Ана – ақ жүрек әлем
Әлемнің, төрткүл дүниенің ажары – ана десек қате айтпаймыз. Өйткені, адам бойындағы барша асыл қасиет ананың мейірім шапағатынан жаралған, даңқы жер жарған кемеңгер данышпандар да, ақындар мен батырлар да анадан тараған, оның ақ сүтінен нәр алған. Сондықтан әркімнің анаға деген құрметі ерекше, ілтипаты мол.
Аудандық мәдениет үйінде «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне» орай салтанатты шара өтті. Оған аудан әкімі Ғ.Қазантаев қатысып, барша аналарды, қыз-келіншектерді мерекемен құттықтады.
– Қашан да еліне тұтқа, ұрпаққа пана болған Анадан құдіретті, Анадан ардақты, Анадан аяулы ешкім жоқ. Отбасының берекесi, барша адамзаттың тәрбиешiсi де – Ана. «Ана – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді». Сондықтан, мына жарық дүниеге әкелген Ананың алдында бәрiмiз де бас иемiз. Сыр өңірінде ақыл мен парасаттың, әдеп пен ибаның, әдемілік пен әділдіктің, ауызбіршілік пен сыйластықтың үлгісі болған, ерлігі мен еңбегі елге сіңген талай ардақты Аналардың өнегелі өмірі, сырлы шежіресі аңызға айналып, ел ауызында жүр. Әрине, қазақ қашаннан отбасында отағасы ретiнде Әкенi сыйлаған. Ал, әке мен бала арасындағы қарым-қатынастың жақсы, өзара түсiнiстiкте болуы – Ананың қолында. Ана – барлық перзент тәрбие алып шығатын өмірдің алғашқы мектебі. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын, – деді аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлы.
Мұнан соң аудан басшысы елге қызмет етіп, құрметке бөленген, ауданның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген аналарды «Алғыс хатпен» марапаттады. Ардақты аналар мен қызкеліншектердің құрметіне аудан әкімінің ықылас гүлі қойылды.
Мерекелік шарада ауданның көркемөнерпаздары әннен шашу шашып, би биледі. Мерекелік көңіл-күй сыйлап, аудандық мәдениет үйіне жиналған әйелдер қауымына гүл шоқтары ұсынылды.
Е.БЕРКІНБАЕВ