Кәсіби мереке қарсаңында куәлік табысталды
5 наурыз – АХАТ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Айтулы мерекеге орай Сырдария аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өтті.
Биыл еліміздің АХАТ органдарының құрылғанына – 103 жыл. Қазір Азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімдері деп аталады. АХАТ органдарының мамандары өздерінің адал еңбегімен және заңдарды сақтауымен жоғары әлеуетті мемлекет пен елдің бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруға үлес қосуда. Шұғылалы көктем шуақты мерекелерімен ғана емес, миллиондаған шаңырақтың шырағын жағуға дәнекер болған, отбасы институтының қайнар көзінде тұрған, өмірге келген әрбір сәбидің алғашқы құжаттарын рәсімдеуші бірегей орган Азаматтық хал актілерін тіркеу саласының құрылған күнімен де ерекше.
Салтанатты іс-шараға ауданымыздың ардақты ардагерлері Шырынкүл Елеусінқызы мен Әсия Масилова, жас жұбайлар Ержан Сарымбаев мен Арайлым Баймахан және жақында ғана өмір есігін ашқан Аңсар Беркінбайұлы мен анасы Мақпал Бауыржанова шақырылды. Жаңадан отбасын құрып отырған жас жұбайлардың некесін аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Салтанат Бекжүнісова салтанатты неке қию рәсімі бойынша тіркеп, неке куәлігін АХАТ бөлімінің ардагері Әсия Масилова салтанатты түрде екі жасқа табыстады. Сонымен қоса өмірге жақында ғана келген Аңсар есімді сәбидің анасына туу туралы куәлік табыстау рәсімі ардақты ардагер Шырынкүл Елеусінқызына ұсынылды. Өз кезегінде кәсіби мерекеге орай аудандық АХАТ бөлімінде талай жыл қажырлы еңбек етіп, аудан дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ардагерлер Ә.Масилова мен Ш.Елеусінқызы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Іс-шара соңында АХАТ бөлімінің басшысы Салтанат Бекжүнісова аталған бөлімінің қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, Алғыс хат табыстады. Әр қонаққа кішігірім сый-сияпат табыстады.
Осы ретте ерекше қызметті атқара отыра, ізгілік жолында жүрген бөлім қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!
А.ЖҮНІСОВА