Ардагерлердің батасын алды
Биылдан бастап азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі еліміз бойынша қайта құрылды. Бірнеше мәрте сан салаға біріктірілген аталған бөлімнің қызмет көрсету аясы кеңейіп, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ құрамында қызмет ете бастады. Жақында азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Салтанат Бекжүнісова сала ардагерлерінің басын қосып, кездесу өткізді.
Кездесуге облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, сала ардагерлері мен мамандары қатысты. Кездесу барысында азаматтық хал актілерін теркеу бөлімінің басшысы С.Бекжүнісова бүгінде жергілікті халық үшін жүзеге асырылатын қызмет түрлерін жиналған көпшілікке таныстырды.
– Шілде айынан бастап өз алдына мекеме болып құрылып, бөлімде төрт маман жұмыс жасаудамыз. Бұрнағы күні жас отаудың алғашқы некесін қиып, салтанатты рәсім өткіздік. Біздің саламыздың алға жылжуына өзіндік үлес қосқан Әсия Масилова, Алтын Есболғанова, Шырынкүл Елеусінқызы секілді ардагерлеріміздің еңбегі ерен. Ардақты жандардың қолы тиген құнды құжаттар бөлімнің архивінде сақтаулы. Негізінен, бөлім тарапынан жергілікті халыққа неке қию және неке бұзу туралы куәлік, Туу туралы куәлік, қайтыс болу туралы куәлік пен бірнеше анықтама беріледі, – деді бөлім басшысы.
Облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, сала ардагерлері Ә.Масилова, А.Есболғанова, ақжарма тілектерін жеткізді. Сонымен қатар осы салада қызмет жасаған Ж.Бағдатқызы жылы лебізін білдірді.
– Жылдар бойы әлеуметтік саламен біріккен АХАТ бөлімі өз алдына бөлек шыққанына қуаныштымыз. Біз аудандағы әрбір отбасымен тығыз байланыс орнатып, сапалы қызмет көрсетуге тырыстық. Неке қию рәсімдерін салтанатты түрде өткізіп, жас жұбайлардың қуанышына ортақтастық. Сондай-ақ ата-аналарға туу туралы куәлік беріп жатып, балаларының үлкен азамат болып өсуіне тілектестік білдірдік. Сала мамандарының алдағы қызметіне сәттілік тілейміз, – деді ардақты ардагер Әсия Масилова.
Айта кетейік, кездесуде сала ардагерлеріне арнайы құрмет көрсетіліп, сый-сияпат ұсынылды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ