Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы күніне орай неке қиылып, маңызды құжаттар табысталды

Отбасы күніне орай неке қиылып, маңызды құжаттар табысталды

Отбасы құндылығы қоғам өмірінде маңызды рөлге ие. Әрбір шаңырақтың берекесі артып, саялы бәйтеректей жайқалуында ерекше мән бар. Елімізде қыркүйектің екінші жексенбісінде «Отбасы күні» мерекесі аталып өтіледі. Айтулы күнге орай партияның «Бақытты отбасы» жобасы шеңберінде аудандық АХАТ бөлімінің ұйымдастыруымен ерекше іс-шара өткізілді. Айтулы шараға аудандық партия филиалының кеңесшісі Б.Ахметов қатысты.

Мән-мағынасы, мазмұны терең іс-шара барысында АХАТ бөлімінің мамандары сан түрлі мерейлі сәтке ие бірнеше отбасы мүшесінің басын қосты. Ең алдымен, аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Салтанат Бекжүнісова жақында дүние есігін ашқан Томирис Мұратованың анасы Жәмила Темірханқызына перзентінің Туу туралы куәлігін табыстады. Сонымен қатар кәмілет жасқа толған аудан жастары Аңсат Нақыпұлы мен Ақерке Серікқызы жеке куәліктің иесі атанды. Жаңадан отау құрған жас отбасы мүшелері Ерасыл Нұрмағанбетұлы мен Назым Әлібекқызына неке куәлігі салтанатты түрде берілді. Неке жүзігін таққан жас жұбайларға биыл отасқандарына 50 жыл толып, алтын тойға қол ұстасып жеткен Амантай Есмағанбетов пен Дарияш Ермағанбетова ақ батасын берді. Ал, 35 жыл медицина саласында қажырлы еңбек еткен Дана Әскербекқызын жиналған көпшілік зейнет демалысына құрметпен шығарып салды.

– Қоғам өмірінде отбасының бірлігін, тыныштығын сақтап қалу жолында аянып қалмасымыз анық. Қай кезде де, жас отбасылар бір-бірін түсініп, үлкеннің тағылымын, тәрбиесін ала білген дұрыс. Бұл ретте, отбасындағы баға жетпес дүниелер жан-жақты дәріптелгенде жастардың ажырасуы, екі жақа кетуі ешқашан орын алмайды. Кез келген жағдайда қиындықты еңсере білген жандар өнегелі жанұяға айналады. Бұл ретте, айрықша бастамаға иек артып келе жатқан сала мамандарына айрықша алғыс айтамыз, – деді ардагер Амантай Есмағанбетов.

Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Берік Ахметов кеш иелерін атаулы күнмен құттықтап, арнайы құттықтау хатын табыстады. Айта кетейік, аудан өнерпаздары Ербол Сағынбайұлы мен Жандос Сансызбаев халық әндерін шырқап, күмбірлеген күй төкті.
08 қыркүйек 2023 ж. 147 0