Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардақты аналарға лайықты құрмет

Ардақты аналарға лайықты құрмет

«AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының мәжіліс залында «8 наурыз – халықаралық әйелдер күні» мерекесі аясында жиын ұйымдастырылды. Партияның аудандық филиалының төрағасы Ержан Әжікенов ел аналары мен қыз-келіншектерге арналған мерекелік қабылдау өткізді.

Көктемнің шуақты мерекесі саналатын айтулы күн иелерінің құрметіне арналған кез­десуді ашқан Е.Әжікенов аналарға жылы лебізін білдірді.

– Құрметті ардақты жандар, сіздерді «8 наурыз – халықаралық әйелдер күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Шуақты көктеммен қатар келіп, жүректерді жарықтандыратын бұл мереке – ана мейірімі, жар жылуы секілді асыл сезімдер мен ерекше құндылығы мол терең мағынаға ие. Ана әрбір адамның жарық дүниедегі жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүт беріп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Мен «ана» деген сөзді қанша айтсам да жалықпаймын. Өйткені ана дүниедегі ең ардақты жан саналады. Бойымызға ең жақсы қасиеттеріміз бізге алды­мен анадан тарайды. Әр отбасының береке-бір­лігін қалыптастырып, халқымыздың дәстүрі мен салтын, оның мәдениеті мен тарихын, тілін қадірлеуді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Мейірбан жандарға шын жүректен бақыт, қажымас қайрат, зор денсаулық тілей­мін, – деді Ержан Ертарғынұлы.

Кездесу барысында сан салада қызмет етіп, қажырлы еңбегімен танылған ардақты аналар марапат төрінен көрінді. Сонымен қатар кездесу қонақтарына арнап әннен шашу шашылды. Өз кезегінде жиналған қауымның атынан ардагер аналар Сұлупан Шамшадинқызы, Ғалия Мырхиева, Жанат Өтеп жетекші партияға алғыс айтып, аналық ақ батасын берді. Сондай-ақ әйел заты жөнінде ғибратты, өсиеті мол әңгімелер айтылды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
07 наурыз 2024 ж. 241 0