Тиімділігі мол тәжірибе алмасу
Биыл аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 85 жылдық мерейтойы. Айтулы датаға орай мәдени-көпшілік іс-шаралардың жоспары бекітілгенін газетіміздің өткен жолғы нөмірінде жаздық. Бұл жолы аудандық газет редакциясының ұйытқы болуымен ауданда тиімділігі мол тәжірибе алмасу жиыны өткізілгенін ақпараттандыруды жөн көрдік.
Басылымның 85 жылдығын атап өту бағытындағы іс-шаралар аясындағы басқосу аудандық мекемелер үйінің мәжіліс залында өткізілді. Дөңгелек үстел форматындағы жиынға Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қаршыға Есімсейітова, «Сыр медиа» серіктестігі бас директорының орынбасары Айжан Абдуллаева және республикалық «Әлімсақ» журналының, «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Көбегенұлы арнайы қатысты. Сондай-ақ аудандық газет редакциясының шығармашылық топ мүшелері мен аудандық газетте жарияланып келе жатқан мақалалардың тұрақты авторлары да басқосуға шақырылды.
Жиынды аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы ашып, жүргізді. Өңір журналистикасында өзіндік орны бар меймандарды таныстырған ол жергілікті басылымның тарихы, жетістіктері жөнінде айтып өтті. Мұнан соң Қ.Есімсейітова газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік екенін айтып, басылымның беделін арттыруда журналистердің біліктілігі жоғары болу керектігіне назар аударды. Өзінің тәжірибесімен бөлісіп, қиын да күрделі салада еңбек етіп жүрген әріптестеріне сәттілік тіледі. Өз кезегінде Н.Көбегенұлы журналист құқықтары туралы лекция оқыды.
– Журналист қырағы, жан-жақты болуымен қатар, өте сауатты болуы қажет. Заңды білген, оны іс жүзінде дұрыс қолданған, құқығы мен міндетін ажырата алған журналистке сұраныс жоғары болады. Осы ретте демократияның дамуына аса қажетті шарт саналатын сөз бостандығы еркін пікірдегі журналистердің жұмыс істеуіне мол мүмкіндік береді. Дегенмен бұл «еркіндіктің жөні осы екен» деп, адам құқығына қол сұғу емес, керісінше, құқығы бұзылған азаматтарға заң аясында жәрдем беру. Себебі ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы заңының «Сөз, ақпаратты алу және тарату бостандығы» деп аталатын 2-бабында: «Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенімдерін баспа арқылы және өзге де нысанда білдіруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдіспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» делінгенімен, ақпарат алып, таратуда адам құқығы, оның ар-намысы, қадір-қасиеті, іскерлік беделі барын, кемсітуге жол бермеу керектігін ұмытпауымыз керек. Журналист сыни немесе проблемалық мақала жазғанда, әсіресе жемқорлық, қылмыстық оқиғалар жөнінде қалам тербегенде эмоцияға берілуге болмайды. Сондай-ақ әлі шешім мен үкім қабылданбаған істерді ақпараттандырмаған дұрыс, – деген Нұрлан Көбегенұлы өз тәжірибесімен бөлісті.
Басқосуда А.Абдуллаева сараптамалық мақалалар жазудың, сұхбат алудың, арнайы беттер әзірлеудің ерекшелігі мен әралуандылығы жөнінде айтты. Сондай-ақ аудандық газетте ауданның дамуына айрықша үлес қосқан қайраткер-тұлғалардың, еңбек адамдарының өнегелі өмір жолы жөнінде жақсы мақалалар жарияланып жатқанын оң бағалады. Мұнан бөлек тұрақты авторлармен байланыс орнатудың тиімділігін сөз етті.
Жиын барысында Ж.Маханбет, М.Омаров сөз сөйлеп, сұрақтарын қойды. Аудандық газет редакциясының журналистері де ойларын ортаға салды. Тиімділігі мол тәжірибе алмасу соңында аудандық газеттің бас редакторы А.Ибрагимұлы меймандарға ризашылығын білдірді.
«Тт» ақпарат