Төсбелгімен марапатталды
Биыл «Жас Алаш» газетінің 100 жылдық мерейлі мерейтойы. Осыған орай кеше республикалық басылымның бас редакторы Қ.Матреков бастаған жасалаштық қаламгерлер ауданға жұмыс сапарымен келіп, зиялы қауым өкілдерімен, оқырмандарымен кездесті.
Кездесу аудан әкімдігінде ұйымдастырылды және қаламгерлер бірқатар әлеуметтік, рухани-мәдени нсындар жұмысымен танысты. Жұмыс сапары аясында «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Қ.Матреков аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы А.Ибрагимұлына мерейтойлық төсбелгі табыстады.
– Біз «Жас Алаш» газетінің 100 жылдығына орай арнайы төсбелгі дайындадық. Төсбелгі басылым жұмысына қолдау көрсеткен азаматтарға берілуде. Былтыр Сырдария ауданына келгенімізде аудандық газеттің бас редакторы А.Ибрагимұлы бізбен әріптестік байланыс орнатып, пікірлесіп, жоспарлы жұмыстарды жүзеге асыруға атсалысқан болатын. Біз сырдариялық әріптесіміздің жұмысына жеміс тілейміз, – деді Қ.Матреков.
Өз кезегінде А.Ибрагимұлы «Жас Алаштың» алғашқы бас редакторы Сыр елінің тумасы Ғани Мұратбаев екенін, сондықтан Сыр перзентінің қолтаңбасы қалған басылымның мерейлі мерейтойы сырдариялық қаламгерлердің де ортақ қуанышы екенін атап өтті. Аудандық газет тілшілері «Жас Алаштағы» тұрақты рубрикалар мен сараптамалық мақалалардан өзіндік ой түйіп, аудан жаңалықтарымен қатар, келелі мәселелерді баспасөз бетінде көтеріп келе жатқанын жеткізді. Аудандық газет редакциясының атынан «Жас Алаш» газетінің ұжымын жүз жылдық мерейлі мерейтоймен шын жүректен құттықтады.