Жанға шипа дарытқан
«Басы ауырып, балтыры сыздаған» көпшілік дертіне қатысты дәрігерге сан түрлі шағым айтатыны рас. Егде тартқан шақта адамның денсаулығы сыр беріп, сырқаты жанына бататыны тағы бар. Бұрнағы күні аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, қаламгер Мүсілім Қалмұратұлы басылым арқылы дәрігерлерге өз алғысын жеткізгісі келетіндігін айтты. Өз кезегінде бас редактордың тапсырмасына сәйкес, ардагер-журналисттің дертіне дауа тапқан «Хирургия» бөлімшесінің ақ халатты абзал жандары жөнінде жазу үшін қолымызға қалам алған болатынбыз.
Қазіргі уақытта «Хирургия» бөлімшесінде бірнеше маман жұмыс жасайды. 2024 жылдың 19 қаңтары күні Мүсілім Қалмұратұлының денсаулығы сыр беріп, аурухана төсегіне танылады. Таңғы 4:30-да «Қабылдау» бөлімшесіне келген ардагерді сол мезетте кезекшілік қызметте болған «Хирургия» бөлімшесінің меңгерушісі Дәуірхан Тағыбергенов пен «Жан сақтау» бөлімшесінің дәрігері Нұркен Усайынов қабылдайды. Заматында қос дәрігер ем-шара тағайындап, науқастың жағдайын бақылауға алады. Өз кезегінде «Хирургия» бөлімшесіне жатқызылған ардагерді дәрігерлер арнайы зертханалық тексеруден өткізеді. Анықталған диагноз бойынша бүйректен сырқаттық белгі табылады. Бірер күннен кейін Қызылорда қалалық ауруханаға жатқызу үшін Мүсілім Қалмұратұлын «Жедел жәрдем» көлігімен сала мамандары жеткізеді. Қалалық ауруханада 74 жасқа келген қарияға ота жасалады.
– Біз қашанда адамның басты байлығы – денсаулық екенін естен шығармағанымыз абзал. Үнемі жанға шипа дарытатын дәрігердің қолы алтын. Жас келгеннен кейін сырқаттанатын кезіміз көп болады. Бұл ретте, дәрігер-хирург Дәуірхан Тағыбергенов пен реаниматолог Нұркен Усайыновқа шынайы алғысымды жеткіземін. Сонымен қатар «Хирургия» бөлімшесінің аға медбикесі Гүлмира Тоқсейітоваға, медбикелер Салтанат Басқараева, Гүлзат Исабаева, Ләйла Ешмаханова, Хадиша Бердоңғарова, мед аға Әділет Бекзатов, кіші буын қызметкерлері Айнұр Әмзева, Салтанат Сарымбетова, Алтын Рахымжанова, Гүлнар Әбдірайымға ризашылығымды білдіремін. Жүзі мейірімге толы Хадиша қарындасым қалалық ауруханаға өзі апарды. Әлсін-әлсін денсаулығымды бақылаған әрбір маманның еңбегі өлшеусіз. Олардың халыққа еткен қызметі көзге көрінбейтін майдан іспетті, – дейді Мүсілім Қалмұратұлы.
Расында, әрбір науқастың сырқатына бей-жай қарамайтын ақ халатты абзал жандар бар мақтауға лайық.
Балтабай ОРДАБЕКОВ