Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Күндізгі стационар»: тұрғындарға есігін айқара ашқан бөлімше

«Күндізгі стационар»: тұрғындарға есігін айқара ашқан бөлімше

«Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» екені даусыз. Дертіне дауа іздеген көпшілік дәрігер тағайындаған емнің шапағатын қай кезде де көргісі келетіні анық. Қазіргі уақытта денсаулығында кінәраты бар жандар жылына 2-3 мәрте ауруханаға жатып, ем-шара қабылдауға мәжбүр. Осындайда Сырдария аудандық ауруханасының «Күндізгі стационар» бөлімшесі созылмалы және белгілі бір сырқатқа шалдыққан дертті жандарға есігін айқара ашады. Апта ағымында білікті дәрігер Қайрат Ерманов жетекшілік ететін аталған бөлімше мамандарының қызметімен жан-жақты танысқан болатынбыз.

Аудандық аурухана жанындағы «Күндізгі стационар» бөлімшесі 16 жылдан бері жергілікті халыққа қалт­қысыз қызмет етуде. Ең алғаш 20 төсек орын ретінде жұмысын бастаған бөлімше Тереңөзек кентіндегі Абай Құнанбайұлы көшесінде орналасқан болатын. Кейіннен 250 орындық емхана ашылған уақытта бөлімше емдеу мекемесіне көшірілді. Бүгінде бөлім­шенің құрылымы кеңейіп, тәулігіне 30 төсек орынға жататын жергілікті халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік алды. Өткен жылы «Күндізгі стационар» бөлімшесіне 909 адам жоспарлы емдеуге жатқызылған. Бұл көрсеткіш – 2022 жылмен салыстырғанда 56 науқасқа артық. Медицина саласында терапевт дәрігер ретінде 30 жылдық тәжірибесі бар Қайрат Жоламанұлының айтуынша, жыл өткен сайын кез келген нозология бойынша шағым келтіретін сырқаттанушы қатары көбею үстінде екен.

– «Басы ауырып, балтыры сыздаған» жұртшылық денсаулығының жағдайы бір қалыпта тұра бермесі анық. Осы күні созылмалы дерті бар жандар біздің бөлімшеден уақытылы ем қабылдап отырады. Негізінен, «Күндізгі стационар» бөлімшесінде ем қабылдаудың өзіндік ережесі бар. Ең алдымен, емделуші аймақтық дәрігер диагнозы бойынша дайындайтын жолдаманы портал арқылы арнайы базаға енгізеді. Аймақтық дәрігер нұсқаған емделушінің сырқатының қай деңгейде екенін анықтау үшін зертханалық сараптама қорытындысы шығарылады. Өз кезегінде дәрігер ретінде менің міндетім – әрбір диагноз бойынша бекітілген нұсқаулық негізінде науқасқа ем-шара тағайындаймын. Дегенмен дәрігер хаттамада көрсетілген дәрі-дәрмектің науқасқа тигізер пайдасын, жағымсыз әсерін анықтап алу керек. «Күндізгі стационар» бөлімшесінің бір артықшылығы – жергілікті халық емдеу мекемесіне қонбастан, қажетті ем-шараны таңғы және түскі мезгілде қабылдай алады. Біздің тарапымыздан науқастарға массаж, физиотерапияға жолдама беріледі. Әрқашан бас дәрігер Жалғасбек Үсеновке бөлімше тынысы баяндалып отырылады, – дейді Қайрат Жоламанұлы.

Шын мәнінде, кез келген диагноз бо­йынша науқасты 7 жұмыс күнінде емдеу көзделген. Бөлімшеде меңгеруші, аға медбике, орта және кіші буын, маманы жұмыс жасайды. Өз кезегінде бөлімшенің арнайы дайындалған нұсқаулығы бар. Нұсқаулық аясында күндізгі стационарда емделуші науқастардың тексерілуі мен ем жүргізілуі хаттама стандартына сәйкес, жүзеге асырылады. Бұл ретте, тәжірибелі дәрігер Қайрат Жоламанұлынан осы күні науқастар арасын­да жиі кездесетін диагноздарды сұраған едік.

– Шындығын айту керек, жергілікті халықтың басым көпшілігі – жүрек, қан тамырлары ауруларына көптеп шалдығады. Науқастың көбінде тамыр көздері бітеліп, қан қоюлануы жиі кездеседі. Қан қысымы жоғарылап, жүрек қызметі тежеліп, инсульт, инфаркт алған жандар жоспарлы емге жүгі­не­ді. Сонымен қатар экологияның әсері­нен болар, жастар мен егде тарт­қан жандарда бүйрек аурулары біршама көбейген. Неврологиялық дерті бар кісілер уақытылы ем алатындар қатарында. Ішкі ағзасы зақымданған жандар қаншама. Қазіргі уақытта көпшілік тез дайындалатын кез келген тағамға әуес. Энергетикалық сусынға тәуелділік басым. Күнделікті тамақтану режимін ұстанбайтын сырқаттар арасында бауыр, өт, асқазан, ұйқы безі қызметінің бұзылуы жиі байқалады. Қант диабеті, онкологиялық аурулар қатаң бақылауды талап етеді. Қашанда денсаулықты барынша күтіп ұстау маңызды рөл ойнайды. Кей жағдайда 7 күндік ем-шарадан кейін тағайындалатын дәрі-дәрмек­ті уақытылы тұтынбайтын жандар бар­шылық. Ақырында олар денсаулығын­дағы кінәратты асқын­дырып алып жатады, – дейді білікті дәрігер.

Расында денсаулықтың жақсаруы – әрбір адамның өз қолында.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

03 ақпан 2024 ж. 136 0