Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қанат Шарафадинов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры: салғырттыққа жол бермеу – басты мақсатымыз

Қанат Шарафадинов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры: салғырттыққа жол бермеу – басты мақсатымыз

Жылдың қай мезгілі болсын көптеген табиғи апат пен тілсіз жаудың адам өміріне тигізер қауіптілігі жоғары. Әрбір өңірдің орналасу географиясына қатысты төтенше жайдың сан түрлісі орын алып жатады. Өрт, су тасқыны, лай көшкіні, жер сілкінісі секілді апаттық оқиғалардың орын алуы – мемлекет үшін орасан шығын. Ең алдымен, адам өмірін сақтап қалып, техногенді апатты болдырмау жолы – төтеншеліктердің негізгі міндеті. Өз кезегінде өткен жылдың қорытындысы бойын­ша саладағы ауқымды жұмыстарды саралау мақсатында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Қанат Шарафадинов­пен сұх­бат­тас­қан едік.

– Қанат Шарафаддинұлы, ең алдымен өзіңіз жетекшілік ететін төтенше жағдайлар бөлімінің қызметтік бағытын айтып берсеңіз.

– Негізінен Сырдария ауданы гарнизоны бойынша төтенше жағдай бөлімінде 5 және №12 өрт сөндіру бөлімінде 35 маман жұмыс істейді. Жалпы біздің бөлім азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты, оның ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, аудан аумағында азаматтық қорғанысты ұйымдастыруды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, төтенше жағдай аймағында халыққа көмек көрсетуді жүзеге асырады. Бөлімнің 22 тармақтан тұратын жылдық жұмыс жоспары бекітіледі. Жұмыс барысында Қызылорда облысы төтенше жағдайлар депар­таменті бастығының №31 бұйрығымен бекітілген арнайы жоспарға сүйенеміз. Расында, бөлім қызметкерлеріне функционалдық міндеттемеге сәйкес, салалық жұмыс тізбегі бөлініп берілген.

– Аудан көлемінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою негізінде азаматтық қорғау саласы бойынша өткен жылы қандай жұмыстар атқарылды?

– Шын мәнінде, төтенше жағдайдың алдын алу және оларды жою жөніндегі кешенді жұмыспен біздің бөліммен қатар, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін қалыптастыратын 14 арнайы қызмет айналысады. Олардың әрқайсысының төтенше жағдай орын алған мезетте атқаратын қызметі бар. Өткен жылы аталған бағыттағы аудандық комиссия отырысында қаралатын тақырыптық іс-шаралар жоспарына сәйкес, 7 отырыс өткізілді. Аталған мерзімде аудандық төтенше жағдайлар комиссиясы отырысында 17 мәселе қаралып, сала мамандарына 97 тапсырма берілді. Берілген тапсырмалардың орындалуы бойынша талдау жасалып, жергілікті атқарушы органға жолданды. Айта кетейік, 2023 жылы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға аудан бюджетінің шұғыл шығындар резервінен 84 млн 404 мың теңге қаржы қаралды. Ауданның қауіп-қатер каталогы мен қауіпсіздік паспортына өзгерістер мен толықтыру 2022 жылы енгізілген. Көпшілікке мәлім аудан аумағында су басуы ықтимал аумақтар жеткілікті. Сондықтан жергілікті тұрғындарды су басу аумағынан қауіпсіз аймаққа орналастыру үшін іс-шара жоспары жасалған. Су басу ықтималдылығы жоғары аймаққа Тереңөзек кенті мен «Майлықұм», «Узтоп», «Соркөл», секілді жекелеген бірнеше саяжай кіреді. Жергілікті халықты су басу аймақтарынан көшіру мақсатында 4 эвакуациялық жинақтау пункті, 7 эвакуациялық қабылдау пункті бекітілген. Аудан аумағында оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай жалпы ұзындығы 77 шақырымды құрайтын «Сырдария» өзені ағатыны мәлім. Өзен бойымен жалпы ұзындығы 96,9 шақырым яғни, оң жаға – 55, сол жаға – 41,9 болатын қорғаныс бөгеті бар. Алдын ала жоспарланған жұмыстың нәтижесінде су тасқыны былтыр орын алмағанын айта кетейік.

Өз кезегінде оқу-жаттығу жиындары тұрақты түрде мерзімі бойынша өткізілді. Атап айтқанда, аудан көлемінде «Қыс – 2023», «Көктем – 2023», «Зымыран – 2023», «Қорғау – 2023» оқу-жаттығуы ұйымдастырылды. Сонымен қатар ҚР Төтенше жағдайлар министрінің «Жер – 2023» командалық-штабтық оқу-жаттығуды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастырушылық нұсқауына сәйкес, «Жер – 2023» командалық-штабтық оқу-жаттығуы Тереңөзек кентінде өткізіліп, облыстық штаб құрылды. Оқу-жаттығу барысында эвакуациялық жинақтау, қабылдау пункттерінің жай-күйіне қарау жұмысы жүргізіліп, қатысушылар тарапынан оң баға берілді. Сырдария ауданы бойынша төтенше жағдайлар туралы халықты жаппай құлақтандыру мақсатында Тереңөзек кентінде 5 дабыл жүйесі орнатылған. Цифрлық технологияның көмегінің арқасында барлық дабыл жүйесін бір мезетте қосуға мүмкіндік бар.

– Бүгінде тілсіз жаудан зардап шеккен жандар қатары аз емес. Өз кезегінде өрт қауіпсіздігі саласында жүзеге асқан жұмыстарды тізбектеп айтып бересіз бе?

– Өрт қауіпсіздігі – қашанда басты назарымызда. Осы күні аталған саладағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру ұдайы өз деңгейінде жүргізіліп келеді. Әкімшілік құқық-бұзушылық туралы істерді жүзеге асыру – күн тәртібінен түспейді. Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде 349 бақылау және қадағалау объектілері есепке алынған. Өрт қауіпсіздігі бойынша 2023 жылы тексеру кестесіне барлығы 17 нысан енгізілген. Есепті мерзімде аудан көлеміндегі 16 жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған нысандарға профилактикалық бақылау жүргізілген. Арнайы тексеру нәтижесінде 158 өрт қауіпсіздігі бұзушылығы анықталған. Бірнеше заңды тұлғаға айыппұл салынып, ескерту берілген. Былтыр аудан аумағында түрлі деңгейдегі төтенше жағдай туралы 164 хабарлама тіркелген. Оның ішінде 29 өрт, 79 өртке жатпайтын жану оқиғалары, 32 авариялық құтқару жұмыстары 15 аумақтылығы бойынша жолданған болып табылады. Былтыр орын алған 29 өрт оқиғасынан 23 млн 838 мың теңгеге шығын келтірілген. Бұл ретте, өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамағандарға заң шеңберінде шара көрілді. Аудан бойынша 219 өрт гидранты жұмыс жасайды. Анығын айтқанда, Тереңөзек кентінің орталығында 92, елді мекендерде 127 және 4 су қоймасы бар. Осыдан 4 жыл бұрын Шаған, Амангелді ауылдық округтерінде өрт сөндіру бекеттері ашылды. 2024 жылы Ақжарма және Шіркейлі елді мекенінде өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланған. Қазіргі таңда Ақжарма ауылдық округіне 1 өрт сөндіру автокөлігі берілді.

– Жергілікті тұрғындар жылу беру маусымы кезінде қандай талаптарды ескеруі керек? Маусым бойы сақтық іс-шарасы қалай жүзеге асырылды?

– Жылу беру маусымында аудан бойынша әлеуметтік осал топтарына жататын 173 отбасының тізімі нақтыланды. Барлық тұрғын үйлерге рейдтік іс-шара барысында өрт қауіпсіздігі ереже талаптары түсіндірілді. Жалпы тұрғын үйлерге 751 дана көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатылған. БАҚ өкілдерімен осы бағыт бойынша ақпараттандыру жүргізілді. Негізінен, дәмі мен иісі жоқ түссіз газ адам өміріне қауіпті. Құрамында көміртегі бар кез келген отын, жанар-жағармай түрлері, мазут көмір, ағаш отынның толық жанбауынан адамдардың иістен улану жағдайы болады. Кез келген келеңсіз жағдай орын алған кезде жедел қызметтердің нөмірлеріне тұрғындар шұғыл хабарласу керек. Моржадағы ақау, пеш құрылысындағы жарықтар өз зиянын келтірмей қоймайды.

– Жаз мезгілінде суға түсу маусымы басталатыны анық. Су айдындарында шомылатын жандар қатары көп. Бұл бағыт бойынша өткен жылы ауқымды іс-шаралар атқарылған шығар.

– Өткен жылы азаматтардың суға кетуі бойынша 3 жағдай тіркелді. Ауданда орын алған суға кету оқиғаларын болдырмау мақсатында Тереңөзек кентіндегі «Қалғандария» көлінде алғашқы суда құтқару құрал-жабдықтарымен және құтқарушылармен қамтамасыз етілген коммуналдық жағажай ашылды. Тұрғындарға судағы қауіпсіздік дағдыларын түсіндіру бағытында «Тіршілік тынысы» газе­тіне 5 мақала және «Сыр құтқарушысы» журналына 6 ма­қа­ла жарияланды. «Facebook», «Instagram» «Telegram» әлеуметтік желісінде «Суға түсу маусымындағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында 8 бейнеролик пен 92 мақала жарияланды. Сонымен қатар аудандық полиция бөлімінің мамандары мен еріктілер бірлесіп, арнайы рейд жасалды. Аудан көлемінде 8 билборд және суға түсуге тыйым салынған жерлерге 36 дана тақтайша орнатылды.

– Сыр өңірінде алғаш рет біздің ауданда «Жас құтқарушылар» сыныбы ашылғаны жөнінде хабардармыз. Саланың оң имиджін қалыптастыру мақсатында жүзеге асқан жоба жөнінде айтып бересіз бе?

– Азаматтық қорғау органдарының оң имиджін көтеру және оқушыларды патриоттық сезімге тәрбиелеу, «Жас құтқарушы» клубтарының жұмысын жетілдіру мақсатында аудандық білім бөлімімен 2022-2023 оқу жылдарына арналған бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген болатын.

Жоспарға сәйкес аудан көлемінде «Жас құтқарушылар» сайысы өткізіліп, үздік шыққан топ облыстық сайысқа қатысты. Облыстық жарыс барысында оқушыларымыз жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар 2023 жылдың желтоқсан айында облыста алғаш рет №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде «Жас құтқарушылар» сыныбы ашылды. Оқушылар күнделікті және далалық киімдермен, ал сынып оқуға қажетті өрт-техникалық құрал жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Оқу бағдарламасы әзірленіп, әр аптаның сәрсенбі күні бөлім қызметкерлері оқушыларға арнайы сабақ өткізуде. Талабы таудай оқушыларымыздың арасында болашақ әріптестеріміз тәрбиеленіп келе жатқанына сенімдіміз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Балтабай ОРДАБЕКОВ 


13 ақпан 2024 ж. 166 0