Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылу беру маусымына дайындық пысықталды

Жылу беру маусымына дайындық пысықталды

Бұрнағы күні Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Ернар Оспан төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аудандық қоғамдық даму бөлімінің баспасөз орталығында арнайы брифинг өткізді.

Төтенше жағдайлар қызметіндегі жұмыстарды саралау жөнінде жүзеге асқан брифингке аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің әдіскері Д.Кузербаев Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің аға өрт сөндіруші Б.Аппазов, аңшылық қызметінің маманы Д.Файзрахманов, аталған бөлімінің аға инженері азаматтық қорғау майоры С.Джалмухамбетова, аудандық қоғамдық даму бөлімінің мамандары қатысты.

Негізінен, басқосуда жоғары өрт қаупі маусымында орман, дала алқаптарындағы өрттің алдын алу және жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын пысықтау барысы көпшілікке баяндалды.

– Жаз маусымында барлық елді мекенде жоғарғы өрт қаупі сақталады. Қазіргі уақытта Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімі бойынша жергілікті тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Қай кезде де, өрттің алдын алу үшін сала мамандары сақадай-сай болғаны дұрыс. Есепті мерзімде 20 өрт оқиғасы орын алды. Жалпы, орман өртін болдырмау негізінде тиісті оқу-жаттығулар өткізіліп тұрады. Сонымен қатар жылу маусымында дайындық уақытылы жүргізіледі. Шындығында, оқыс оқиға орын алмау үшін олқылықтар назардан тыс қалмағаны жөн. Есепті мерзімде аудан көлемінде 8583 үй араланып, түсіндірме жұмысына 36152 адам қамтылған. Жылу беру маусымына дайындықты жүйелеу үшін 21 мәрте жиын өткізілген, – деді Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Ернар Оспан.

Өз кезегінде сала мамандары БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, алдағы уақытта атқарылатын мақсат-міндет сараланды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
15 тамыз 2023 ж. 372 0