Облыста жаңа аудан құрыла ма?
«Ауданымыз таратылатын болыпты», «Аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауылдық округтерді Қызылордаға қосады дейді ме?», «Тәуелсіздік алған жылдары да осындай бір ауыс-түйіс болып еді», «Шеттегі ауылдар үшін дұрыс болыпты ғой», «Елдің бәрін әуре-сарсаңға салатын болды»... Екі адамның басы қосылса яки отырыс, жиын-тойда осы сарындас әңгіменің айтылып жүргені ақиқат. Қанша адам болса сонша пікір бар екені де шындыққа жанасады. «Самаурыннан су ақты» десе «Самарқанды су алды» деп әсірелеп жіберетіндер де бар.
Иә, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны рас. Десек те әркімнің жобасындағы ойын көзбен көргендей таратып, жалған ақпараттың халық арасында талқылануына себепкер болмау қажет. Облыста жаңа аудан құрылып, оның құрамына біздің ауданнан кенттен шалғайда орналасқан ауылдық округтер қосылуы мүмкін деген жоба бар. Алдымен тарихқа ден қояйық.
1938 жылдың 15 қаңтары – Тереңөзек ауданының қайта құрылған мерзімі. Ол кезде аудан құрамында 18 ауылдық кеңес болған. Атап айтқанда Тереңөзек, Қызылөзек, Көкжиде, Бесөзек, Жаңа ауыл, Жәдігер, Ақжарма, Шіркейлі, Қызыл Ту, Далакөл, Аламесек, Бірінші Май, Калинин, Ақбойдақ, Құндызды, Еңбекші, Шолақарық, Мәдениет ауылы. 1963 жылы Қызылорда облысы Оңтүстік Қазақстан аймағы құрамында болғандықтан, Арал, Жалағаш, Тереңөзек, Жаңақорған аудандары қайта тарайды. Сондықтан Тереңөзек ауданының ауылдары Сырдария мен Қармақшы аудандарына екіге бөлініп беріледі. Ал Оңтүстік Қазақстан аймағы таратылғаннан соң Тереңөзек ауданы тағы да қайта құрылады. Ауданның құрамына Тереңөзек, Шіркейлі, Құндызды, Қызыл Ту, Қызылөзек, Бесөзек ауылдық кеңестері беріледі. Республика Президентінің 1997 жылы қабылданған Жарлығымен Тереңөзек ауданы осы жылдан бастап Сырдария ауданы болып қайта аталады. Ауданға Аманкелді, Айдарлы, Бесарық, Жетікөл, Қоғалыкөл ауылдары қосылады.
Аудан құрамына кейіннен қосылған ауылдық округтер аудан орталығынан шалғайда орналасқан. Ауыл тұрғындарына аудан орталығында жасалуы тиіс жұмыстарына келіп-кетуі үшін ғана жарты күн уақыт кетеді. Сол себепті шеттегі ауылдық округтердің жаңадан құрылатын аудан құрамына енуін көпшілік қос қолдап қолдауда. Бірақ әлеуметтік желіде жаңа аудан құру туралы жоба кестеленген құжат таралған. Ондағы дерек бойынша, жаңадан құрылатын аудан 13 ауылдық округтен құралмақ. 71 997 халқы болады деп жоспарланыпты. Жаңа ауданға Сырдария ауданынан Аманкелді, Айдарлы, Жетікөл, Бесарық ауылдық округтері енгізілмек делінген. Ал халық санының азаюына орай Сырдария ауданы құрамына Қызылорда қаласының Қызылөзек ауылдық округі Қараөзек ауылы, Айнакөл және Қараөзек станциясы қосылатыны жазылған. Жоба бойынша Сырдария ауданында 33 967 адам, 11 ауылдық округ қалмақшы. Осы құжатты «қолға түсірген» қоғалыкөлдік ағайын Қоғалыкөл мен Тереңөзек арасы 46 шақырым, ал Қоғалыкөл-Тасбөгет арасы 34 шақырым екенін айтып, әлеуметтік желіде жарыса жазба жариялауда. Тұрғындар ауылдық округтің қазіргі Сырдария ауданы орталығынан алыс орналасқанын, жаңа ауданға «енбей қалғандарын» тілге тиек етіп, ресми органдарға сауал жолдауда.
Десек те ресми түрде жарияланбаған ақпаратты әлеуметтік желіге салып, халықты дүрліктірген орынсыз болар. Өз кезегінде аудан әкімдігі бұл сауалға «Көпшілік арасында тарап кеткен ауданды қайта құруға байланысты ақпарат – бұл жоба, нақты ресми ақпарат емес. Бұған қатысты жұмыстар зерделенуде. Арнайы комиссия құрылған жоқ. Тұрғындардың пікір-ұсыныстары ескеріледі. Алдағы уақытта осы мәселеге байланысты жұмыстар хабарланып отырады» деп ресми түрде жауап берді.
«Халық сұраса хан түйесін сояды» деген халық даналығы заман ағымына сай «халыққа құлақ асатын Үкімет» ұғымымен астасып жатыр. Иә, «тыңдаушы билік», «халық үніне құлақ асатын Үкімет» ұғымдарын басшылыққа алып, өгіз өлмейтін, арба сынбайтын шешім шығару маңызды. Бұл ретте Президент тапсырмасына орай ашықтық саясатын ұстанып, шешім қабылданбай тұрып, көпшілік пікіріне де құлақ асу керек. Қалай болса да, халықтың игілігі үшін, көпшіліктің жайлы тұрмысы үшін атқарылар жұмыстар ортақ екені даусыз. Талай тұлғаны дүниеге әкелген қасиетті мекен Сырдария ауданының атауының өзі ұлы дариямен аттас болуы ел-халықтың бірлігі мен татулығын асқақтата түседі. Сондықтан тарихи маңызды шешім алдында халық пен билік бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы қажет. Халық үшін ұтымды шешім қабылдау – атқамінер азаматтарға парыз. Ал тұрғындарға алдын ала даурықпай, ресми ақпарат көздеріне ғана сену керегін ескерткіміз келеді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ