Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шалғайдағы шағын ауылға сапар

Шалғайдағы шағын ауылға сапар

Кеше аудан әкімі Руслан Рүстемов аудандық мәслихаттың хатшысы Ержан Әжікеновпен бірге жұмыс сапарымен Жетікөл ауылдық округіне барды. Аудан басшысы елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуымен және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
Аудан басшысы Р.Рүстемов ең алдымен ауылдағы №174 орта мектебінде болып, білім беру мекемесін аралап көрді. 1977 жылы пайдалануға берілген нысанда қазіргі таңда екі ауысым бойынша 118 оқушы білім алуда. Орта мектепте 35 мұғалім жұмыс істейді. Оның ішінде 5 мұғалім жоғары, 10 мұғалім бірінші, 8 мұғалім екінші санатты. Орта мектеп жанындағы шағын орталықта 25 бала тәрбиеленуде.
Мұнан кейін аудан әкімі ауылдық клуб үйінің жұмысымен танысты. Ауылдық клуб ұжымы орналасқан ғимарат 1982 жылы салынған және 2000 жылы ауылдық клубқа лайықтандырып, пайдалануға берілген. Ауыл өнерпаздары аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Сонымен қатар, клуб жанынан "Коворкинг" орталығы ашылып, жұмыс жасауда.
Жұмыс сапары аясында аудан әкімі ауыл әкімі аппаратының ғимаратын аралап, мекеме қызметкерлерімен кездесті. Елбасының және Мемлекет басшысының саясатын дәйекті түрде жүргізуде бюджеттік сала қызметкерлеріне артылар міндет жоғары екенін айтқан аудан басшысы мемлекеттік қызметшілер барлық қырынан өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуі тиіс деді.
– Аудан әкімі қызметіне кіріскеннен кейін ауылдық округтерді аралап, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауыл активімен кездестім. Бүгін жұмыс сапарымыз Жетікөл ауылында жалғасуда. Ауылдың тарихын, даму мүмкіндіктерін және әлеуетін білемін. Ауыл әкімдігіне қойылатын негізгі үш талап бар. Ол жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықты жою және сол арқылы ішкі тұрақтылықты сақтау,-деді аудан әкімі Р.Рүстемов.
Ауылдық Қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Камалов аудан басшысының талабы орынды екенін айтып, соңғы жылдары ауылды дамыту бағытында көптеген жұмыстар жүргзілгенін жеткізді. Ауылдың ардагері ретінде елді мекеннің тыныс-тіршілігіне етене араласатынын айтты. Аудан әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, тілектестігін білдірді.
Жұмыс сапары қорытындысында аудан әкімі Р.Рүстемов тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Айта кету керек, Жетікөл ауылдық округі аудан орталығынан 97 шақырым қашықтықта орналасқан. Елді мекенде 714 тұрғын тұрады. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны 450 адамды құрайды.
19 қыркүйек 2019 ж. 1 115 0