Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қараөзектен Тереңөзекке дейін…

Қараөзектен Тереңөзекке дейін…

Сырдария ауданының түпкі тарихы колхоздастыру кезеңінен бастау алады. Қазан революциясының жеңісінен кейін алғашқы онжылдықта ауыл мен елді мекендерді әлеуметтік және экономикалық жағынан дамытуға ден қойды.

Коммунистік партияның 1927 жылғы 2-19 желтоқсанда өткізілген ХV съезінде Кеңестік Социалистік Республикаларындағы ауыл шаруашылығын дамыту жолдары талқыланды. Онда лениндік кооперативтер құру қағидасына сүйене отырып, ауыл шаруашылығын коллективтендіру жұмыстарын жүргізу шешімі қабылданды.

Міне, сол жылы үш машина жобалау пункті Шиеліде, Талсуатта, Тереңөзекте құрылады. Оларда бас-аяғы 96 ауыл шаруашылығы машинасы болған екен. Бұл ұжымдық шаруашылықтар сол кезеңде 13 мың десятинадан астам жерді өңдеп, егін еккен. Тереңөзек кентінің тарихы осы 1927 жылғы машина жобалау бекетінен басталған деуге негіз бар.

1927 жылы желтоқсан айының аяғында Қызылорда қаласында кеңестік партия белсенділерінің актив жиналысы өткізіліп, жаппай коллективтендіруге көшу, байларды кәмпескелеу есебінен колхоз мұқтаждығын шешу мәселелері қаралған. Соның нәтижесінде 1928 жылғы көктемгі егіс уақытында Қызылорда қаласы, Шиелі, Қараөзек станцияларынан 3 машина-трактор пункті құрылады. Ал жаппай ұжымдастыру 1929 жылдың екінші жартысынан бастап жүргізіледі. Жоғарыда айтқанымыздай, бүкілодақтық коммунистік партияның ХV съезінде колхоздастырумен қатар, жаңаша әкімшілік-территориялық басқару жүйесі де енгізілген еді. Революцияға дейінгі губерния, уезд, болыс және ауылдар секілді әкімшілік бөліністердің орнына округтер мен аудандар құрыла бастады. 1928 жылға дейін Қызылорда уезд болса, 1928 жылдың 17 қаңтарында Қызылорда округі болып құрылады. Округке 8 аудан кірді. Олар Арал, Қазалы, Қармақшы, Қараөзек, Қарсақпай, Шиелі, Қызылорда және Аламесек ауданы еді. Соның ішіндегі Қараөзек – қазіргі Сырдария. Көп ұзамай Қараөзек ауданы Тереңөзек ауданы болып қайта аталған. «Сырдария» деген аудан атауы бұл уақыттарда мүлдем болмаған.

1930 жылы Голощекиннің бастамасымен әкімшілік басқарудың жаңа реформасы жүргізілді. Маусымда барлық округ таратылды. Қазақстан территориясында 175 аудан құрылды. Осылай 1932 жылы құрамында 19 ауданы бар Оңтүстік Қазақстан облысы жасақталды. Ондағы алты аудан Қызылорда округіне қарасты аудандар болатын. 1934 жылдың тамыз айында Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен Тереңөзек ауданы таратылып, жер көлемі Қармақшы мен Қызылорда аудандарына берілді.

1938 жылдың 15 қаңтарында бұрын аудан құқында Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында болған Қызылорда жаңадан облыс болып құрылды. Облыс құрамына Арал, Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған, Сырдария аудандары кірді. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің облыстық ұйымдастыру комитетінің президиумы отырысының №38 хаттамасының қаулысына сәйкес аудан құрамына 18 ауылдық кеңес енді. Олар: Тереңөзек, Қызылөзек, Көкжиде, Бесөзек, Жаңа ауыл, Жәдігер, Ақжарма, Шіркейлі, Қызылту, Далакөл, Аламесек, Бірінші Май, Калинин, Ақбойдақ, Құндызды, Еңбекші, Шолақарық және Мәдениет ауылы. Кейіннен төрт ауылдық кеңес Жалағаш ауданына берілді.

1963 жылдан 1964 жылға дейін Қызылорда облысы «Оңтүстік Қазақстан өлкесі» құрамында болуына байланысты Арал, Жалағаш, Тереңөзек, Жаңақорған аудандары таратылады. Ақыры Тереңөзек ауданының елді мекендері Сырдария мен Қармақшы аудандарына бөлінді. «Оңтүстік Қазақстан өлкесі» таратылғаннан кейін Қызылорда облыстық жұмысшы депутаттар кеңесінің 1966 жылғы №21/443 қаулысына сәйкес Тереңөзек ауданы қайта құрылды. Оның орталығы осы қаулы бойынша Тереңөзек селосы болды. Тереңөзек ауданының құрамына Сырдария ауданынан Тереңөзек, Шіркейлі, Құндызды, Қызылту, Қызылөзек, Бесөзек ауылдық кеңестері қараса, Жалағаш ауданынан Далакөл ауылдық кеңесі берілді. Он жылдан соң облыстық атқару комитетінің №180 шешімімен Тереңөзек селосына қалалық поселке мәртебесі берілді.

Ал ел тәуелсіздік алған соң, 1997 жылы Тереңөзек ауданы Сырдария ауданы болып қайта аталды. Орталығы Тереңөзек қыстағы болды. Ауданға Аманкелді ауылы және Айдарлы, Бесарық, Қоғалыкөл ауылдық округтеріне қарасты елді мекендер берілді.

Аудан аты аталғанда әуелі құлаққа Сырдария өзенінің сылдыры естіледі. Ұлан-ғайыр қазақ даласында өзен көп болғанымен, дария аталғаны екі-ақ өзен. Сол қос өзеннің бірі – Сырдария десек, қазақ елі тарихындағы сан оқиғаның, түрлі қоғам мен кезеңнің куәсі болған дария атындағы аудан да өзіндік тарихымен, дамуымен ерекшеленеді. Ырыс пен ынтымақтың қайнар бұлағына айналған ауданның өндіріс орындары өркендеп, ауыл шаруашылығы дамыған өңір ретінде танылып келеді. Жыл сайын ауыл шаруашылығы бойынша көшбасшылар қатарында келетін ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени саладағы жетістіктері бір төбе.

Тереңге бармай-ақ, кеңес заманында береке мен байлықтың, дархандықтың киесіне айналған Сырдария ауданынан 2 Кеңес Одағының Батыры мен 8 Социалистік Еңбек Ері шықты. Беріде Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие азамат та – осы ауданның тұрғыны.

Киелі жерден шыққан тарихи тұлғалардың ісі кейінгі ұрпаққа өнеге екені анық. Сан тарихтың куәсі болған Сырдария ауданы – ел шежіресіне қатысты көптеген жәдігер сақталған аймақтың бірі. Жент қаласының орны, «Мүлкілан», «Сырлытам» кесенелері, «Жетімасар», «Қосасар» асарлары, ХІХ ғасырдың тамаша туындысы «Қалжан ахун» мешіт-медресесі – тарихтың тамаша туындылары, баға жетпес құндылықтар. Аудан көлемінде діни-ағартушылық мектептердің көп болғаны білім дәстүрінің іргетасы ерте қаланғанын меңзейді.

Ақындар «таланттардың өлкесі» деп жырға қосқан Сырдария ауданы сатира сардары Асқар Тоқмағамбетов, халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов пен Әбіраш Жәмішев, театр саңлағы Сәбира Майқанова, ақын-жазушылар Танаш Дәуренбеков, Сейфолла Оспан, Нұрхан Жанаев, Қайырбек Асанов, Қанафия Дәрібаев, Мұхтар Сақтапов, Замадин Ибадуллаев секілді талантты тұлғалар мен жерлестерінің мақтанышына айналған елжанды азаматтарды өмірге әкелді.



Мадияр ТӨЛЕУ,
«Сыр бойы»
22 қазан 2023 ж. 208 0