Кәсіпкерлік – қаржы нарығының басты табыс кілті
Кәсіпкерлік саласы – қаржы нарығының басты табыс кілті. «Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу». Қазіргі экономикалық-нарықтық заманда кәсіпкерлік саласы – экономиканың дамуына, халықтың тұрмыстық әл-ауқатының артуына әкелетін ең басты жол. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға, оның ішінде жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында ауқымды жұмыс жасалып, қаржылай көмек көрсетілуде. Салық кодексіне толықтырулар мен жаңа өзгерістер енгізіліп, кәсіпкерлік салықтық салымдарының кейбір түрінен босатылып, кәсіпкерлерді себепсіз тексерулерді тыю мақсатында мораторий жарияланған болатын.
Шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі таңда өзекті мәселе. Себебі кәсіпкерлік мемлекеттің қаржы нарығында маңызды рөл атқарады. Кәсіпкерлік дамыса, жұмыссыздық азаятыны сөзсіз. Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуде мемлекетіміз ел жастарын кәсіпкерлікке тартуға әрекет жасауда. Бұл мемлекет үшін де, қоғам мен азаматтар үшін де тиімді. Кәсіпкерлік саласын дамытуда ауданда қарқынды жұмыстар атқарылуда. Осы тұста аудан бойынша кәсіпкерлік саласында атқарылған жұмыстарға нақтырақ тоқталып өтсек.
2023 жылдың қорытындысына сәйкес аудан бойынша 2856 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. (Оның ішінде, 149 шағын және орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары, 1247 жеке кәсіпкер, 1460 шаруа және фермер қожалықтары). Ал жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2765 болып, тіркелгендер үлесі 96,9 пайызды құрады. Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауданның өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 75 166,0 млн теңгенің өнімін өндірді, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 132,8 пайызға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 21 510,0 млн теңгені құрап, 112,1 пайызға өскен.
– Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі тарапынан тұрғындарға әрдайым түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бағыт-бағдар беріліп отырады. Жыл басынан бері қаржы ұйымдарының қатысуымен кент және ауылдық округтерді 5 рет аралап, мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар аудандық прокуратура қызметкерлерімен бірлесе отырып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша 4 рет дөңгелек үстел өткізілді.
Қарқынды жұмыстардың атқарылуының нәтижесінде жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 4,9 млрд теңгені құрайтын 454 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліп отыр. Атап айтқанда, «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы бойынша құны 159,5 млн теңгенің 17 жобасы қаржыландырылды. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бағыты аясында құны 568.0 млн теңгенің 23 жобасы, ішінара кепілдендіру бағыты бойынша құны 359.0 млн теңгенің 12 жобасы екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландырылды. Осы бағдарламаның 5,0 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз грант беру тетігі бойынша 1 жоба 5,0 млн теңгеге қаржыландырылды, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы А.Сәдуақасов.
Осы ретте аудан халқының көпшілігі ашып жатқан кәсіптерін мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант алу арқылы бастап жатқаны барлығына мәлім. Бұл әрбір бастапқы кәсіп бастаушы адам үшін таптырмас мүмкіндік екені айдан анық. Ауданымызда кәсіпкерлер мен кәсіп ашуға ниеттілер саны күн санап көбеюде. Әсіресе жастар мен үйде отырған аналар кәсіп саласын бастауда. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Тынымсыз еңбек пен ізденістің арқасында көп жетістіктерге жетіп жатыр. Қазіргі кезде аудан халқы үшін тамақтану орталықтары мен асханалар жиі ашылуда. Сонымен қатар көлік жөндеу орталығы, фотостудия, монша, сұлулық салондары, киім дүкендері, құрылыс заттары дүкені, кондитерлік дүкендері де бой көтеріп халық үшін жұмыс жасауда. Осы кәсіптердің арқасында қаншама адам жұмыспен қамтылып отыр. Мемлекеттік грант қаражатын алуға көбінесе жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер, сондай-ақ қоныс аударушылар үміткер бола алады. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы шеңберінде мемлекеттік гранттар беру мақсатында 1 380 000 теңгеден 144 адамға 198,4 млн теңге көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант берілген. Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында, жастарды 2,5 пайызбен несиелеу бойынша 407,7 млн теңгенің 91 жоба қаржыландырылды.
Сондай-ақ өткен жылы шілде айында бастау алған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында құны 3,0 млрд теңгені құрайтын 489 жобаның құжаттары жинақталды. Осы бағдарлама бойынша кент және ауыл округтерден барлығы – 1460,4 млн теңгеге 193 жоба, оның ішінде 322 млн теңгеге 13 АӨК-нің жобалары «Байқоныр» ӘКК АҚ-на ұсынылған. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие комитетінің шешіміне сәйкес құны 234,7 млн теңгенің 23 жобасы бойынша қаржы бөлінген. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Қызылорда филиалы арқылы құны 2 млрд 436 млн теңгеге 71 ауылшаруашылық техникалары мен құрал-жабдықтары алынған болатын.
Қорытындылай келе, ауданда кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында көптеген жобалар іске асырылып, қарқынды түрде жұмыс жасалуда. Бұл бір жағынан аудандағы кәсіпкерлік саласын дамытса, екіншіден тұрғындар үшін де қолайлы жағдай жасауда.
Алтынай Қайратқызы
Фото: ашық дереккөзден