Қаржылық сауаттылық керек пе?
«Халық тұрмысы төмендеп бара жатыр», «айлық шайлыққа жетпейді», «несиесі жоқ адам бар ма қазір» деген сөздерді бір рет болсын естіген боларсыз. Қымбатшылық алқымнан алған тұста төл теңгеміз де құнсызданып барады.
Қанша ақша тапсаң, сонша ақша жұмсайсың. Рас. Айлығың жетпіс мың болса да, екі жүз мың болса да. Бірақ бұл өмір сүру сапасына әрине ықпал етпей қоймайды. Базар бағасына тоқтау жоқ. Шарықтап барады. Оған байланысты сұрақтың да нақты жауабы болған емес. Дүкеншіден сұрасаң, «бізге келген баға осындай» деп шорт қайырады. Құзырлы органдардың да жауабы дайын. Хош, үкіметті даттау мақсатымыз емес. Әр адам тапқан ақшасының қожайыны. Оны қалай жарату, қалай жеткізу өз еркінде.
«Қаржылық сауаттылық» деген терминді естідіңіз бе? Қазір оны да үйрететін арнайы курстар бар. «Ақшаны қалай ұстау керектігін үйретемін» дейді де, қалтаңдағы ақшаны қағып алады. Әңгіме бұл туралы да емес. Жақында әлеуметтік желіден оқып қалдым, біреу өзінің бір айдың ішіндегі табысын қалай жұмсағанын бақылауға алыпты. Бір ай бойы сатып алған затын, жұмсаған ақшасын және кірісті қатар тізіп отырған екен. Ай соңында талдау жасап қараса, керексіз дүниеге жұмсалған ақша көбірек болып шықса керек. Өз жазбасының түйінін «күнделікті алған бір стакан шемішкенің айға шаққандағы құнынан өзім шошыдым» деп келтіріпті.
Иә, қаржылық қызметтерге деген сұраныстың өсуі азаматтардың бұл саладағы жауапкершілігін арттырып отыр. Статистикалық деректерге сүйенсек, елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі 40 пайызға жуықтаған. Халықтың қаржылық сауаттылығын анықтау меншікті қаржы қаражатын басқару, қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалану және халықтың қаржы жүйесі туралы хабардар болу деңгейімен өлшенеді.
Арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында ер азаматтардың әйелдерге қарағанда ақшаны ұқыпты әрі жоспарлы түрде жұмсайтыны анықталған. Ал 18-29 жас пен 60-75 жас аралығындағы адамдар өз қаржысын игеруде қиындыққа көп кездесетіні белгілі болыпты. Айта кетерлік дерек – жоғарғы оқу орнын бітірген азаматтар, кәсіпкерлер мен жеке яки мемлекеттік компания өкілдерінің қаржылық қабілеті жоғарырақ.
– Қолымда ақша болса, ешқандай жоспарсыз яки алдағы күндерді ойламай жұмсай береді екенмін. Әрине, кейде «ақша жинап, үлкен бір дүние сатып алуға неге болмасқа» деген ой келеді. Бірақ күнделікті жақсы тамақтану мен үйлесімді киіну үшін көп ақша жұмсаймын. Жалпы ақша жинай алмаймын, – дейді атын көрсетпеуді өтінген кент тұрғыны.
Ал өзімізше жүргізген кішігірім сауалнама барысында ақша жинайтындардың саусақпен санарлық екенін аңғардық. Көбінің айтатын уәжі біреу. Ол – табыстың бір айлық тамақ пен отбасын асыраудан артылмайтындығы.
Халықаралық сарапшылар қазақстандықтардың табысының көп бөлігі азық-түлік алу үшін жұмсалатынын айтқан еді. Әрине, ас адамның арқауы екені, деннің саулығы үшін құнарлы тамақ ішу орынды екені анық. Десек те, «тарта жесең – тай, қорқа жесең – қой» қалатыны және бар.
Осы ретте арнайы мамандар көпшілікке қаржыны қалай үнемдеу керегін яки қаржылық сауаттылық туралы кеңес береді. Біз де тұрғындарға пайдалы болар деген мақсатта аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Айнұр Ғалымовамен сөйлестік.
– Қымбатшылық белең алған қазіргі заманда біреуге «қаржыны үнемде» дей алмайсың. Әр адамның жағдайы әртүрлі. Дегенмен, өз қаржысын мақсатты әрі жоспарлы жұмсауды үйрене алады. Қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізудің бірден бір жолы – табысты көбейтіп, бос шығынды азайту дер едік. Сондай-ақ жеке және отбасылық бюджетті бақылау маңызды. Ең алдымен негізгі қажеттіліктер үшін ақша бөлу орынды. Жалпы адам тапқан табысын бірнеше бөлікке бөліп, жоспарлы түрде жұмсаса, өзіне тиімді. Мысалы, табыстың белгілі бір бөлігін ай сайын төленуі керек несиеге, белгілі бір пайызын тамаққа жұмсасақ, әр ай сайын он пайыз болса да үнемдеп, оны жинап отыру абзал. Және ыңғайы келгенше, қарыз алудан бас тартыңыз. Қарапайым логикаға сәйкес, тапқаныңыздан аз ақша жұмсауға тырысыңыз. Кірістен шығыс көп болса, әлбетте минусқа кетесіз. Қарыздың көбеюі – сіздегі мәселенің көбеюі. Кіріс пен шығысты жазып, жеке қаржы кестесін жүргізу де өз ақшаңызды жоспарлы түрде жұмсауға көмектеседі. Сондай-ақ қосымша табыс көздерін іздеу маңызды, – дейді білікті маман.
Қаржылық сауаттылық бойынша жүргізілген статистикаға сүйенсек, еліміздегі деңгей тіпті елу пайызға да жетпейді. Айтпақшы, дамыған, тәжірибелі мемлекеттерде қаржылық сауаттылық балаға мектеп жасынан үйретіледі екен. Бала жастайынан қалай ақша табуға болатынын, оны қалай жарату керегін де мамандардан үйреніп шығады. Десек те, қанша жерден қаржылық сауаттылығы жоғары болса да, тапқаны аз болса, жетпейтін ақша жетпейді. Бірақ қанша тапсаң да оның берекесін келтіріп жұмсау әр адамның өз ырқында.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: matritca.kz