«Жас құтқарушылар» сыныбы ашылды
№36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде «Жас құтқарушылар» сыныбы ашылды. Оған аудан әкімі Б.Сәрменбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ж.Түйменов, аудандық мәслихат депутаты А.Есназар, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Қ.Шарафадинов, бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері мен оқушылар қатысты.
Патриоттық мәні зор іс-шарада ҚР Мемлекеттік Туы кіргізіліп, Гимн орындалды. Мұнан соң аудан басшысы құттықтау сөз сөйлеп, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында ашылған сыныптың маңызы зор екеніне тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласының дамуына ерекше мән беріп келеді. Президенттің бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып, облысымызда 21 мектеп салынады деп жоспарлануда. Аймақ басшысының қолдауымен 1 мектептің құрылысы Сырдария ауданында жүргізіледі. Жастарға сапалы біліммен қатар патриоттық тәрбие беру әркез маңызды. Аудан орталығындағы №36 мектеп-лицей базасында жасақталған «Жас құтқарушылар» сыныбының өскелең ұрпақ үшін мәні зор. Себебі, мұнда оқушылардың бойына қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге, құтқару жұмыстарының дағдыларын меңгеруге бағыттайды. Оқушылар жылдамдық пен жауапкершілікті талап ететін саланың қыр-сырын үйренуге, психологиялық дайындықтан өтуге мүмкіндік алады. Осы арқылы жастар Отанды, елді, жерді қорғауға дағдыланады. Сондықтан «Жас құтқарушылар» сыныбында тәрбие алатын өскелең ұрпақ еліміздің патриоты болары анық, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Өз кезегінде Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Жасұлан Түйменов «Жас құтқарушылар» сыныбының облыс бойынша алғаш рет Сырдария ауданында ашылып жатқанын тілге тиек етті. Сыныптың пайдалануға берілуіне қолдау көрсеткен аудан әкімдігіне, аудандық білім бөліміне алғысын жеткізіп, жас құтқарушыларға куәлік табыстады.
Департамент бастығының орынбасары салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы да хабардар етті.
– Біз жастармен бірлесе атқарылатын жұмысқа әркез көп көңіл бөлеміз. Бүгін ашылған сынып кабинеті арнайы стендтермен және өрт-сөндіру және құтқару құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта аудандық білім бөлімімен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Осы орайда аудан әкімдігінің қолдауына алғыс білдіреміз. 8-9-шы сынып оқушылары үшін арнайы киім әзірленіп, тігілді. Бұл киімдер жас өрендерге жарасып тұр, – деді Жасұлан Түйменов.
Негізінен, төтенше жағдайлар саласында жұмыс істеуге талабы бар оқушылар саны жыл санап артып келеді. Енді мектеп оқушылары осы саланың қыр-сырын кәсіби тұрғыда меңгеретін болады. №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің 8-9 сынып оқушыларынан құралған «Жас құтқарушылар» сала мамандарынан кеңес алып, білімін жан-жақты жетілдіре алады. Сонымен қатар «Жас құтқарушылар» сыныбы қауіпсіздікті сақтау, төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысты құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда оқушыларға патриоттық бағытта іс-шаралар өткізіледі деп жоспарлануда.
Айта кетейік, іс-шараға «Жол қозғалысының жас инспекторлары – 2023» облыстық байқауының ІІ орын иегері атанған №137 орта мектеп оқушылары арнайы шақырылса, №37 мектеп-лицейдің өнерпаздары патриоттық ән шырқап, өз өнерлерін көрсетті.
Балтабай ОРДАБЕКОВ