Жаңа жылда азық-түлік бағасы қымбаттай ма – министр жауабы
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жаңа жылда азық-түлік бағасы қалай өзгеретінін айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Біріншіден, біз мониторинг жүргізіп отырмыз. Ұлттық статистика бюросы жасайтын мониторинг деректерін үнемі пайдаланамыз. Ең соңғы деген деректен мысал келтірейін, алдыңғы аптада әлеуметтік-экономикалық маңызы бар азық-түлік бағасының индексі өзгеріссіз қалды. Осы санаттағы 19 түрлі тауардың бағасы өзгерген жоқ», - деді ол.
Министрдің сөзінше, жаңа жыл қарсаңында 37 түрлі тауардың бағасы өзгеруі мүмкін.
«Жаңа жыл себетіне қатысты айта кетейін, мейрам кезінде дастарханға қойылатын өнім түрлері бойынша белгілі бір өзгеріс болады деп күтіп отырмыз. Шартты түрде 37 тауар түрін алып қарадық – белгілі бір өзгерістер бар. Оның ішінде жұмсақ қаптамадағы сүт, мандарин, шампан сияқты өнімдер бар», - деді Арман Шаққалиев.
Ведомство басшысы жылдық инфляция көлемі – 10,3% екенін еске салды.
Ал Жаңа жыл себетіне кіретін тауарлардың бағасындағы қазіргі өзгеріс 10-10,7% пайыз аралығында.