Сырдариялық аналар «Анаға тағзым» орталығына барды
Ақ кимешекті әжелер, ақ жаулықты аналар, қазақы үлгіде киінген қыз-келіншектер, әдемі әуен, жайдары жүз, көтеріңкі көңіл-күй. Апта ағымында облыстағы «Анаға тағзым» орталығында бас қосқан әйел-аналардың тағылымды іс-шарасының сипаттамасы бұл. Аймақ әйелдерінің ашық есік күніне орай Сырдария ауданының әйелдері делегациясы ұлттық құндылықтарды насихаттауда мәні мен маңызы зор орталықта арнайы қонақ болды.
Аудандық газеттің қазан айында жарық көрген кезекті нөмерінде «Анаға құрметтің айрықша үлгісі» тақырыбында мақала жарияланып, онда идеологиялық мәні зор нысанның өз жұмысын бастағаны туралы жазылған еді. Іске қосылып, келушілерге есігін айқара ашқан орталық бір айдың өзінде түрлі танымдық іс шаралар мен тағылымды басқосуларды жоғары деңгейде ұйымдастырып үлгерген. Осындай тәрбие мен құндылықтарды насихаттаушы іс-шаралардың бір бағыты аймаққа қарасты әр ауданның ашық есік күні өткізілуде. Бұған дейін орталықта Шиелі, Қазалы, Жаңақорған аудандарының делегациясы қонақта болып, орталық жанынан ашылған клубтар мен студиялар жұмысымен танысқан. Тағылымды орталықтың кезекті қонақтары – алыптарға мекен болған Сырдария ауданының қоғамда белсенді әйел-аналары болды.
«Анаға тағзым» орталығы қазіргі заман талабына сай ерекше дизайнда салынып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алыстан менмұндалайтын ғимарат алдында ана мен бала махаббатын бейнелейтін алып ескерткіш орнатылған. Сырттан келген қонақтар алдымен осы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, аналарға құрметтің үлгісін көрсетеді. Сырдария ауданынан барған делегация құрамы 60-қа жуық нәзік жандылардан құралды. Құрамында қоғам қайраткерлері, білім саласының ардагерлері, көпбалалы батыр аналар, қолөнер шеберлері, өнерлі әжелер мен этнос өкілдері болды. Арнайы қонақтардың бір күнге жоспарланған іс-сапары орталық алдындағы ескерткішке тәу етуден басталды.
Келген қонақтарды «Сыр елі облыстық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Райкүл Мансұрқызы мен «Анаға тағзым» орталығының басшысы Алтынай Молжанова күтіп алды. Орталық қызметкері Феруза Оңталапова қазақы дәстүрге сай қара домбырасымен қонақтарға арнау арнады. Одан кейін орталықтың негізгі жұмысы мен экс картина, этнографиялық таныстырылым өтті. Сырдария ауданының қолөнер шеберлері көрмесі орталық төрінен орын алып, аудан қолөнершілерінің өнер тамған он саусағынан шыққан бұйымдар көптің назарын аударып тұрды.
Сонымен қатар «орталықта – Сырдариялық аналар қонақта» деген жаңалықты естіген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі Жеңіс Ысқақова арнайы келіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. «Мені дүниеге әкеліп, өсірген, үлкен өмірге қанат қақтырған ауданымның аналары облыс орталығына келді дегенді естіп, бағытты бұрдық. Жоспарлы жұмыстар бойынша уақыттың тығыздығына қарамай аналарға құрмет көрсетіп, ақ баталарын алуға келдім» деген әнші бала күнгі ұстаздарымен қауышып, туған жерге деген сағынышын, ыстық ықыласын, аналарға деген құрметін әсем әнмен жеткізді. Құтты қонақтың ән-шашуы көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады. Ардақты ана Алма Бақтиярова Сыр елінің атын шет жерде әуелетіп жүрген әнші Жеңіс Ысқақоваға ақ батасын берді. Ал аудандағы белгілі қолөнер шебері Алтын Нұртаева қазақы таным мен қазақ әйелінің қонақжайлығын көрсетіп, құтты қонақтарға өз қолымен әсемдеп тігілген жастықтарды сыйға тартты.
Одан кейін аудан аналары орталықтың жұмыстарымен танысып, түрлі бағыт бойынша бөлініп, сыр-сұхбат құрып, әуелете ән шырқап, жас келіндерге өнеге көрсетті. Бір топ қайраткер аналар мен білім, мәдениет саласы ардагерлерін Бексұлу Синаева, Ырысты Өкшебаева, Райкүл Жалғасбаева, Алма Бақтиярова, Гүлбар Әбілова, Баян Сүюбаева, Балшекер Өтегенова, Рахима Досжановалар бастап, «Ана тілі» дебат клубында бас қосты. Олар өз кезегінде сырлы сұхбат құрып, өздерінің өмір жолдарымен бөлісті. Сондай-ақ, мерекелік көңіл-күймен жақсы әңгімелер айтылып, жүрекжарды лебіздерін арнасты. Биыл ғана «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын алған Рәзия Қалжанова, Қаршыға Есімсейітова, Сәуле Өмірзақовалар сөз сөйлеп, кейінгі буынға үлгі-өнеге боларлық әңгіме өрбітті. «Шамшырақ» фото-бейне студиясында күрішші, екі мәрте «Еңбек даңқы» орденімен наградталған Бексұлу Синаева «Бір шәугім шай» бағдарламасына сұхбат берді.
Ал «Жас отау» жас отбасылар мектебінде жас сәбиді бесікке бөлеудің, бесік жырының мәні мен маңызы туралы айтылып, жас келіндерге танымдық дәріс өтілді. Сәбиді бесікке қалай бөлеу керегін, баланы қалай дұрыс емізу қажет екенін, бесік жырын ананың телефоннан қоспай, өз даусымен айтуының маңызы туралы Ұлбосын Қалқоразова, Патыма Алданова, Әлия Төлеуова, Құралай Әбілқайырова бастаған өнегелі аналар жастарға түсіндірді.
«Мирас» әжелер клубында «Үнемшілдік» тақырыбы аясында шеберлік сабағы болды. Ауданға белгілі қолөнер шебері Алтын Нұртаева мата қиындыларын қоқысқа тастамай, одан күнделікті есік алдына төсеуге арналған сәнді төсеніш тігу жолдарын көрсетті. Сондай-ақ әйел-аналар тігін, тоқыма, киіз басу өнерлері туралы әңгіме өрбітіп, көңілді әнді де әуелетті.
Сондай-ақ орталықта арнайы аспаздық студия бар. «Берекелі дастархан» ұғымымен орайластырылып, «Береке» деп аталған аспаздық студияда аудандағы «Достық үйі» жанындағы этнос өкілдерінің ұлттық тағамдарынан көрме ұйымдастырылды. Ауданда топтасқан өзге ұлт өкілдері осылайша ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, ақ дастарханды молынан жайды. Сонымен қатар жас келіндер қазақтың ұлттық тағамдары бауырсақ, бешбармақ дайындап әкеліп, көптің алғысына бөленді.
Аталған бағыттағы іс-шаралардың барлығы орталықтың тарих-таспасына түсіріліп, сақталды. Одан кейін Сырдария ауданының қадірменді аналары мәдени концерттік залға жиналды. Бұнда бір күнге жоспарланған тағылымы мол іс шара қорытындыланды. Концерттік бағдарламаға аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев арнайы қатысып, әйел-аналарға деген ризашылығы мен құрметін көрсетіп, ақ тілегін арнады. Сондай-ақ жақында өз жұмысын бастап, Алтынай Молжанова басшылық етіп отырған орталыққа ауданның атынан ұлттық танымды нақыштайтын сый-сияпатты ұсынды. Одан кейін орталық атынан ашық есік күнін жоғары деңгейде ұйымдастыруға ат салысқан ауданымыздың бірқатар ардагер-аналары мен этнос өкілдері марапатталды. Мерекеге орай күні кеше 95 жылдық дүбірлі тойын өткізген ауданның өнерпаздары әннен шашу шашып, күмбірлете күй тартып, аудан тарихынан сыр шертетін қойылым көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жиын соңында Сырдария ауданының делегациясын бастап барған Сырдария аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева орталық мұрағатына ауданның еңбеккер әйелдері туралы ақпарат жинақталған «Ай дидарлы аналар» кітабын сыйға тартты. «Анаға тағзым» орталығының редакторы Гүлсім Нұрланқызы «Алтын алқа» иегері Жанат Сүлейменова мен аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиевадан сұхбат алды. Абзал аналар орталық жұмысына сәттілік тілеп, өз ризашылықтарын білдірді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ