Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Анаға құрметтің айрықша үлгісі

Анаға құрметтің айрықша үлгісі

Құрылысы өткен жылдың қараша айында басталған символикалық мәні зор нысан елімізге белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен салынды. Құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын заманауи үлгідегі «Анаға тағзым» орталығы өңіріміздің қыз-келіншектеріне, жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді жаңғыртуға мол мүмкіндік береді.

Анаға құрмет көрсету, әйелдерді сыйлау, қыздарды төрге шығару – қазақ халқының сан ғасырдан қалыптасқан әдет-ғұрпы, дәстүрі. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде де әйел-аналарға құрмет пен қолдау аз көрсетіліп жатқан жоқ. Ананы ардақтаған сырбойылықтар биыл тағы да жақсы істі жүзеге асырып, көпке үлгі көрсетті. Сыр елінің бас шаһары Қызылорда қаласында «Анаға тағзым» орталығы бой көтеріп, пайдалануға берілді. Бұл анаға құрметтің айрықша үлгісі ретінде өңір тарихында таңбаланды.

Жаңа ғима­раттың ашылу салтанатында облыс әкімі «Анаға тағзым» орталығының Сыр елінде еңсе тіктеп, бойы көтеруінің үлкен мәні бар екенін айтқан болатын.

– Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты қағидасы бү­гінде мәнін жоғалтқан жоқ. Ке­зінде Соци­алистік Еңбек Ері атан­ған 12 ақ жау­лықты ана шық­қан біздің киелі өң­ірде қа­жырлы еңбегімен ел ықыласына бөленіп жүрген олардың ізба­сарлары да жетерлік. Алдағы уақытта осы ғимаратта өткенге құрмет көрсетіліп, ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүрлеріміз насихатталады, – деген еді аймақ басшысы.

Сонымен қатар қоғамның игілігіне қызмет етуді басты қағида еткен туған жерге жанашыр азамат, белгілі кәсіпкер Марат Базарбайұлы өңірімізде «Анаға тағзым» орталығын салуға ниет білдіріп, құрылысты аяқтағанына алғыс білдіріп, келешекте жас отбасылар мен кейінгі буын жастар бұл орталықтан рухани құндылықтарды алатынын айтты.

Жаңа нысанда қыз-келіншектердің сәні мен сымбатты жүруіне арналған арнайы бөлмелер, тұрмыстық жағдай және қонақ күту кабинеті, аруларға жан-жақты психологиялық көмектер беретін кабинеттер бар. Сондай-ақ, шығармашыл жандарға бағытталған әдебиет және поэзия, дизайн студиясы мен би орталығы және жас отбасыларға қызмет көрсету бөлмелері де орналасқан.

–Ана – тек отбасының берекесі ғана емес, елдің ынтымағы мен несібесіне тілекші, бірліктің ұйытқысы. Сондықтан Сыр елінде жаңадан ашылған орталық қызметкерлері ең алдымен асыл да қасиетті аналарды құрметтеуге үндеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге күш салады. Жаңа орталықтың жас аналарға, бойжеткендерге берері мол болады. Қазіргі кезде түрлі бағыттағы іс-шаралар жоспары да әзірленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Анаға тағзым» орталығы ғимаратынан «Әйелдердің креативті индустрия орталығы» жұмысын бастайтын болады. Қолынан іс келетін, жаңаша ұлттық брендтерді ойлап тауып, экспорттың дамуына үлес қосатын жерлестерімізді бір жерге шоғырландырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да жағдай жасалмақ. Мұнан бөлек ғимаратта «Мирас» әжелер клубы, «Ұлт жақұты» музей залы, «Бойтұмар» қыздар клубы, «Сырғалым» сырласу клубы, «Жас отау» жас отбасылар мектебі, «Ана тілі» дебат клубы құрылды, – дейді орталық басшысы, өңірге белгілі журналист Алтынай Молжанова.

Алыстан менмұндалап тұратын ғимараттың әсем көркіне көз тояды. Орталық шын мәнінде әйел-аналарға, қыз-келіншектерге қызмет етіп, талай белсенді қыздардың танылуына мүмкіндік берері сөзсіз. Осы ретте ауданымыздың абыройын асырар тағы бір жаңалықты айта кеткеніміз жөн. «Анаға тағзым» орталығының ашылу рәсімінде сырбойылық аналардың атынан ауданымыздың Құрметті азаматы, еңбек ардагері Алма Бақтиярова сөз сөйлеп, тарихи күн туралы өз лебізін білдірді. Бұл саналы ғұмыры ауданның дамуына арналған ел анасының ұзақ жылғы адал еңбегіне ғана емес, облыс басшылығының ауданымызға деген құрметінің белгісі. Сондықтан біз жаңа орталықтың ашылуынан кейін Алма Сайранқызымен пікірлестік.

–Қыркүйек айының 29-ы бәріміз үшін, әсіресе аналар қауымы үшін ерекше сәт, тарихи күн болды. Облысымызда «Анаға тағзым» орталығы ашылып, аналар қауымына айрықша құрмет көрсетілді. Бұл – бізді қуанышқа бөледі және үлкен жауапкершілік те жүктеді.

Өздеріңізге белгілі, өмірдегі барлық жылулық, мейірім, жақсылық ананың ақ сүтімен тарайды. Ана – барлық бақыттың бас­тауы. Біздің қасиетті Сыр өңірінде «Ел анасы» атанған ардақты аналар көп болған. «Анаға тағзым» орталығының ашылуын біз жақсылыққа балап отырмыз. Бұл бір емес, мыңдаған анаға арналған, ұлттық және отбасылық құндылықтарымыз дәріптелетін, насихатталатын, рухани-мәдени іс-шаралар өткізілетін бірегей орталық боларына сеніміміз кәміл.

Халқымызда «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген сөз бар. Аймағымызда Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің қолдауымен үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын білесіздер. Аймақ басшысының ұсынысымен, жанашыр азаматтардың қолдауымен бюджеттен тыс көздер арқылы да үлкен ғимараттар салынуда. «Қорқыт ата» әуежайы, «Неке сарайы», сондай-ақ тұрғын үйлердің қасбетінің жаңартылуы, жолдардың жөнделіп, «Балалар ойын алаңдарының салынуы – өңіріміздің бекем бірлігін, көркем тірлігін білдіреді. Ауыз толтырып айтуға болатын бұл істер облысымыздың 85 жылдығына тамаша тарту болуда. «Анаға тағзым» орталығы ел игілігі жолында жұмыс істейтініне, әдет-ғұрпымыз, салт-санамыз насихатталып, жас аналарға бағыт-бағдар берілетініне сенеміз және сол жұмыстарға өзіміз де белсене атсалысамыз, –дейді ел анасы.

Иә, қоғамның дамуын әйел-аналарсыз елес­тету мүмкін емес. Жұмыста білікті басшы, жауапты маман, отбасында ардақты жар, аяулы ана, тәрбиелі келін бола білген әйел-аналар қай кезде де ер-азаматтармен иық тірестіре еңбек етіп келеді. Отанның да, отбасының шуағына айналған әйелдер қауымы Мемлекет басшысының саяси реформаларының да қолдаушысы. Ал жаңадан ашылған «Анаға тағзым» орталығы өңірдегі мыңдаған әйел-аналар бас қосатын бірегей мекемеге айналары сөзсіз. Жалпы Сыр елінде руханият саласын дамытуға, ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеуге баса мән беріліп, нақты жұмыстар атқарылуда. Аймақ басшысының ұсынысымен, жанашыр азаматтардың қолдауымен бюджеттен тыс көздер арқылы да көптеген ғимараттар салынуда. «Қорқыт ата» әуежайы, «Неке сарайы», сондай-ақ тұрғын үйлердің қасбетінің жаңартылуы, жолдардың жөнделіп, балалар ойын алаңдарының салынуы – өңіріміздің бекем бірлігін, көркем тірлігін білдіреді. Ауыз толтырып айтуға болатын бұл істер облысымыздың 85 жылдығына тамаша тарту болуда. Әрбір жақсы жаңалықты игі іс санайтын аймақ жұртшылығының қуанышы еселеніп, алты Алашқа ана болған, қиын кезде пана болған Сыр елі өзге өңірлерге үлгі көрсетсе, онда ер еңбегінің, ел тілегінің орындалғаны деп білеміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
10 қазан 2023 ж. 257 0