Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскерден жалтару – абырой емес

Әскерден жалтару – абырой емес

Ер азамат үшін елге адал қызмет етумен қатар Отанды қорғау абыройлы борыш саналады. Сондықтан да батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы естеліктерінің бірінде «Елінен безген ер оңбас» деп жазған екен. Десе де соңғы жылдары елімізде өз міндетіне салғырт қарап, аяқ-қолы сау, денсаулығы мықты болса да әскерден жалтаратын азаматтар кездесуде. Мұны отбасындағы, қоғамдағы патриоттық тәрбиенің төмендігінен деуге болады.

Шет мемлекеттермен шекарамыз ше­ген­деліп, Қарулы күштеріміз нығай­ға­ны­мен бейқамдыққа салы­нуға болмайды. Се­бебі әскери қуат­ты мемлекеттің ғана Тәуел­сіз­дігіне, тұрақ­тылығына сызат түспейді. Сондық­тан да елімізде «Қуатты әскер – қуатты мем­лекет» ұранымен әскери күштік құрылымдарды жақсарту жұмыстары жасалуда. Соның аясында Отан алдындағы міндетін өтеген азаматтар үшін жеңілдіктер қарастырылуда.

ҚР Қорғаныс министрлігі мер­зімді әскери қызметке баратын ұландар үшін жағымды жаңалықты мәлімдеді. Атап айтқанда, әскерге шақырылған сарбаздар қызметін өтеген соң ҰБТ нәтижесін тексермей-ақ еліміздің жетек­ші жоғары оқу орындарына түсе алады. Олар ақы­лы да, тегін де оқуға мүмкіндік алады.

– Қазір еліміздің барлық өңіріндегі жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, жас­тардың әскери қызметке деген ынтасын арттыру мақсатында Қорғаныс министрлігінің жобасы жүзеге асырылуда. Бізге қазірдің өзінде 60-тан астам жетекші жоғары оқу орындары (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ­стан инженерлік-технологиялық университеті және т.б.) қолдау көрсетті. Қорғаныс министрлігіне тиіс­ті қолдау хаттары келіп түсті. Әскери боры­шын өтеп келгендер жоғары білімді кез келген мамандық бойынша ала алады. Және олар жо­ғары оқу орнындағы әскери кафедрадан тегін бі­лім игереді, – дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілдері.

Бұған қатысты тиісті министрліктер арасында ке­лісімшарт жасалған. Соның негізінде осы жобаға қолдау білдірген еліміздегі жоғары оқу орындарында әскери міндетін өтеген кез келген азамат ақылы түрде оқуға түсе алады. Ал мерзімді әскери міндетін орындау барысында үздіктер қатарынан көрінген ұланға оқу орындарына грант негізінде түсуге мүмкіндік бар. Министрлік өкілдері қолжетімді университеттер мен кафедралардың тізімін ресми сайтқа жариялаған және жергілікті жердегі басқармаларға мәлімет үшін жолдаған. Одан бөлек әскери борышын өтеп жүр­гендерге несиелік демалыс беру қарастырылғанын айта кетейік.

Көршілес елдердегі саяси қақтығыс­тар­­дың сал­дары біздің елге де әсер етуі мүмкін. Сондай­да ел ұландары ел қор­ғаны, қалқаны болуы мін­детті. Ал ол үшін кәмелет жасқа толған әрбір ер жігіттің әскер қатарында болып, ұрыс тактикасын меңгеруі тиіс. Қолына қару ұстап, ел тыныштығы жолында қырағылыққа, төзім­ділікке төселуі қа­жет. Абыройлы міндетті адал өтеуге ынталы азаматтар үшін ми­нистрлік тарапынан ай­тулы қолдаулар жүзеге асырылып-ақ жатыр.

Мұндай қолдауларды іске асырудың астарында көптеген жастың әскерден жалтаруы тұрғаны жасырын емес. Расында, қазір әскерге шақырту келсе, бармаудың амалын жасайтындар қатары көбейіп барады. Бұлай әскери міндеттен қаша берсе, ел қауіпсіздігін қорғайтындар қатары да сиреп қалары анық. Былтырдың өзінде ауданда әскери шақырту барғанда 100-ге тарта жігіт аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің маңайына жоламай жүрген. Ал бүгінде күзгі әскери мерзімге сарбаздар жасақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның барысы жөнінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бас­ты­ғының міндетін уақытша атқарушы Б.Сейтов ақпарат берді.

– Отанның адал ұлдары әскери пары­зын өтеуге міндетті. Осы бағытта жұмыс­тарды үйлестіріп келеміз. Бізде жылына екі рет мерзімді әскери қыз­метке шақырту жұмыстары жүргізіледі. Биылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруда ауданнан 45 жігіт әскер қатарына алынды. Ал осы күзгі мерзімде 60 сырдариялық азаматтық парызын өтеуге аттануы тиіс. Бүгінде 34 жігіт ел төңірегіндегі әс­кери бөлімдерге бар­ды. Десе де, әс­ке­ри міндеттен жалтарып жүр­гендер бар­шылық. Қазақтың қаһарман батыры Ба­уыр­жан Момышұлы «Қашу – жау­дан құтылудың жолы емес, өлімнен де жаман, ауыр опасыздық» деп бекер айтпаған. Сондықтан әскери міндеттен жалтару – абырой емес, – дейді Б.Сейтов

Сыр елінің аты да, даңқы да ерлікпен, еңбекпен шыққан. Сондықтан антына адал батыр бабаларымыздың атына сын келтірмей, абыройлы жолды жалға­ға­нымыз дұрыс. Қорыта айтқанда, Отан әскерден жалтара­тындармен емес, оны қорғай білетін ер азамат­тарымен мәңгі жасайды.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
Фото: ашық дереккөзден
14 қараша 2023 ж. 290 0