Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскерден жалтару – абырой емес

Әскерден жалтару – абырой емес

«Міндет. Абырой. Ерлік». Бұл қазақ әскерінің ұраны бол­ғаны қашан?! Ер азаматқа Отаншылдық рух сыйлайтын осы ұранның «Міндет» деп басталуының өзіндік ма­ңызы бар. Ол – «Біздің бір ғана Отанымыз бар» десек, сол атамекенді қорғау осы елдің ұланына жүктелетін па­рыз деген сөз. Одан кейін Отан алдындағы борышын өтеген азамат абыройға ие бо­лып,­ ел басына күн туған­да ерлік көрсетуге, елді, жер­ді қорғауға тас түйін дайын­ болуы тиіс.

Шет мемлекеттермен шекарамыз шегенделіп тұрса да, бейқамдыққа салынуға болмайды. Се­бебі, әскери қуатты мемлекеттің ғана Тәуел­сіз­дігіне, тұрақтылығына сызат түспейді. Сондық­тан да елімізде «Қуатты әскер – қуатты мемлекет» ұранымен әскери күштік құрылымдарды мықты етуге жұмыстар жасалуда. Оның қатарында Отан алдындағы міндетін өтегендер үшін жеңілдіктер де қарастыруда.

Жақында ғана ҚР Қорғаныс министрлігі мер­зімді әскери қызметке баратын ұландар үшін жағымды жаңалықты мәлімдеді. Атап айтқанда, әскерге шақырылған сарбаздар қызметін өтеген соң ҰБТ нәтижесін тексермей-ақ еліміздің жетек­ші жоғары оқу орындарына түсе алады. Олар ақы­лы да, тегін де оқуға мүмкіндік алады.

– Қазір еліміздің барлық өңіріндегі жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, жас­тардың әскери қызметке деген ынтасын арттыру мақсатында Қорғаныс министрлігінің жобасы жүзеге асырылуда. Бізге қазірдің өзінде 50-ге жуық жетекші жоғары оқу орындары (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ­стан инженерлік-технологиялық университеті және т.б.) қолдау көрсетті. Қорғаныс министрлігіне тиіс­ті қолдау хаттары келіп түсті. Әскери боры­шын өтеп келгендер жоғары білімді кез келген мамандық бойынша ала алады. Және олар жо­ғары оқу орнындағы әскери кафедрадан тегін бі­лім игереді, – дейді ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева.

Бұған қатысты тиісті министрліктер арасында ке­лісімшарт жасалған. Соның негізінде осы жобаға қолдау білдірген еліміздегі жоғары оқу орындарында әскери міндетін өтеген кез келген азамат ақылы түрде оқуға түсе алады. Ал мерзімді әскери міндетін орындау барысында үздіктер қатарынан көрінген ұланға оқу орындарына грант негізінде түсуге мүмкіндік бар. Министрлік өкілдері қолжетімді университеттер мен кафедралардың тізімі кейінірек жарияланатынын айтады. Одан бөлек, Қорғаныс министрлігі екінші деңгейлі банктермен әскери борышын өтеп жүргендерге несиелік демалыс беру мәселесін де пысықтауда.

Қазіргідей жан-жақтағы қақтығыстардың сал­дары біздің елге де әсер етуі мүмкін. Сондай­да ел ұландары ел қорғаны, қалқаны болуы мін­детті. Ал ол үшін кәмелет жасқа толған әрбір ер жігіттің әскер қатарында болып, ұрыс тактикасын меңгеруі тиіс. Қолына қару ұстап, ел тыныштығы жолында қырағылыққа, төзімділікке төселуі қа­жет. Міне, осындай абыройлы міндет үшін ми­нистрлік тарапынан айтулы қолдаулар жүзеге асырылып-ақ жатыр.

Мұндай қолдауларды іске асырудың астарында көптеген жастың әскерден жалтаруы тұрғаны жасырын емес. Расында, қазір әскерге шақырту келсе, бармаудың амалын жасайтындар қатары көбейіп барады. Бұлай әскери міндеттен қаша берсе, ел қауіпсіздігін қорғайтындар қатары да сиреп қалары анық. Былтырдың өзінде ауданда әскери шақырту барғанда 100-ге тарта жігіт аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің маңайына жоламай жүрген. Ал бүгінде күзгі әскери мерзімге сарбаздар жасақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның барысы жөнінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі жасақтау тобының бастығы, капитан Бейбіт Жағал ақпарат берді.

– Отанның адал ұлдары әскери парызын өтеуге міндетті. Осы бағытта жұмыстарды үйлестіріп келеміз. Бізде жылына екі рет мерзімді әскери қыз­метке шақырту жұмыстары жүргізіледі. Биылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруда ауданнан 40-қа жуық жігіт әскер қатарына алынды. Ал осы күзгі мерзімде 50-ге тарта сырдариялық азаматтық парызын өтеуге аттануы тиіс. Бүгінде 20 жігіт ел төңірегіндегі әскери бөлімдерге бар­ды. Десе де, әскери міндеттен жалтарып жүр­гендер баршылық. Қазақтың қаһарман батыры Ба­уыр­жан Момышұлы «Қашу – жаудан құтылудың жолы емес, өлімнен де жаман, ауыр опасыздық» деп бекер айтпаған. Сондықтан әскери міндеттен жалтару – абырой емес, – дейді капитан Бейбіт Жақсыбекұлы.

Біздікі белдескеннің белін бүктіріп, тірескеннің тізесін сындыратын сарбаздардың қатары көп болып, қиындығы мен қызығы мол әскери өмірді көрмеген жігіттер ел қорғау ісіне машықтанса дейміз. Отан оны қорғай білетін ер азаматтарымен мәңгі жасайды.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
01 қараша 2022 ж. 648 0