Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бес жыл көлеміндегі белес

Бес жыл көлеміндегі белес

Осыдан бес жыл бұрын Сырдария ауданы­ның құрылғанына 90 жыл толды. Сол кезде аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің мерекелік саны жарыққа шығып, онда тарихтан бір үзік сыр шертіліпті. Одан бері, міне, бес жыл қас-қағым сәтте өте шықты. Бүгінгі мерекелік санымызда ауданның соңғы бесжылдық ішінде жеткен жетістіктерін саралап, негізгілеріне тоқталып өтуді жөн санадық.

2019 жыл

– Аудан халқын түрлі нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Айша» кондитерлік өнімдер, асханалар желісі өз жұмысын бастады. Бүгінде аудан орта­лығында орналасқан көпшілік тамақтану орны сырттан келген қонақ­тар үшін де жайлы асханаға айналып үлгерді.

– Дәл осы жылы аудан орталығындағы іргелі білім ордасының бірі №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей ғасырлық мерейтойын тойлады.

– 2019 жылы аудан айнасына айналған «Тіршілік тынысы» газеті өзінің 80 жылдық мерейтойын жыл көлемінде атап өтіп, айшықты мақалалар жариялап, тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды.

– «Майжарма» каналының пойыз жолға жақын тұсынан ұзындығы 12 метр, ені 4 метр болатын кезекті көпір салынды.

– 2019 жылдың басты жаңалығы – Тереңөзек кентіне табиғи газ келіп, тұрғындар үйлеріне газды кіргізе бастаған. Бұл туралы аудандық газет сүйінші хабар таратып, газдандыру жүйесі мен басты қауіпсіздік талаптары туралы ұдайы ақпараттандырып отырған.

– Руслан Рүстемов Сырдария ауданының әкімі болып тағайындалған.

– Ақжарма ауылдық округінде мешіт пайдаланылуға берілген.

– 2019 жыл сырдариялықтар үшін ғана емес, Қазақстан халқы үшін жаңа Президенттің сайлауымен есте қалды. Мемлекет тізгіні ресми түрде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа табысталып, бұл туралы ақпараттық материалдар мен қоғам белсенділерінің пікірлері жарияланды.

– Осы жылы асар әдісімен кент орталығындағы 24 сағат қызмет көрсе­тетін дәріхана орналасқан негізгі көше бойына жаяу жүргіншілер жолы салынды.

2020 жыл

– 2020 жылы ҚР Ұлттық банкі құны 200 теңгелік монетаны айналымға шығарды. Бұл туралы аудандық газетте жазылып, тұрғындар ақпараттандырылыпты.

– С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектебі 90 жылдық мерейтойын атап өтіпті. Бұл туралы аудандық газетте тарихи тағылымды мақала жарияланған.

– Аудан орталығына ерекше көрік беріп тұрған «Алтын сағат» та дәл осы жылы орналастырылды.

– Қасиетті Рамазан айында «Хикмет» қайырымдылық қоры тереңөзектік көпбалалы ана Р.Балмахановаға 7 бөлмелі баспана кілтін табыс еткен.

– А.Тоқмағамбетовтің 115 жылдық мерейтойына тарту ретінде ауыл кіреберісіндегі автокөлік жолы жөндеуден өтті.

– А.Иманов және Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысында бой көтерген қос тұрғын үйдің алғашқы кірпіші қаланды.

– Талғат Дүйсебаев Сырдария ауданының әкімі болып тағайындалған.

– Шаған ауылында 350 орындық мұсылмандар мешіті ашылған.

2021 жыл

– 2021 жылы Сырдария ауданының халқы ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына біркісідей атсалысып, ауызбіршілікпен қатысқан.

– 2021 жылы аудан бойынша 17 білім ошағында 8232 оқушы білім алған. Оның 387-сі сол жылы мектеп бітірген.

– Осы жылы ауданға Мұрат Ергешбаев аудан әкімі болып тағайындалған.

– Дәл осы жылы аудан орталығындағы қос қабатты «Серікбол» сауда үйі халыққа өз қызметін көрсете бастады. Бүгінде аудандағы ең ірі сауда үйі саналатын дүкеннің тұтынушылары баршылық.

– Ауданда Н.Ілиясов, А.Тоқмағамбетов, Іңкәрдария ауылдық округтері бойынша ауыл әкімдерін сайлау өтті.

– Н.Ілиясов ауылында «Күріш мұражайы» ашылды.

– Аудан тұрғындары ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаң­ында 10 отбасыға тұрғын үй кілті табысталды.

– Жетікөлде бой көтерген жаңа мешіт қолданысқа берілді.

– Аманкелді ауылының тумасы Құралай Мейрамбек «Қазақстан дауысы» мегажобасының жеңімпазы атанды.

2022 жыл

– Ғасыр жасаған майдангер Яхия Тасыров 100 жасқа толды. Аймақ басшысы ауданға арнайы ат басын бұрып, ардагерге автокөлік сыйлады.

– Аудан орталығынан әлеуметтік дәріхана ашылып, тұрғындар игілігі үшін қызмет көрсете бастады.

– Қалжан ахун ауылындағы Қиясовтар әулетінде үшем дүниеге келген.

– Н.Ілиясов ауылында «Farmana» дәріханасы ашылған.

– Аудан орталығындағы А.Иманов көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйлер жөндеуден өтті.

– Ауданда 31,4 шақырым автомомбиль жолы жөндеуден өткен.

– «Балалар жылына» орай демеушілер есебінен аудан орталығы мен ауылдық округтерде ойын алаңдары салынып, халық игілігіне берілді.

–Жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында кентке кіреберістегі төртжолға бағдаршам орнатылды.

– Сырдария ауданы агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп, «Үздік аудан» атанды.

– Республика күні халықпен қайта қауышып, аудан тұрғындары 13 жылдан кейін ел-халықпен қауышқан ұлттық мерекеге үн қосты.

– Сыр жұртшылығы Президент сайлауына үлкен жауапкершілікпен қатысты.

2023 жыл

– Кент және ауылдық округтердегі электр бағаналарын жаңарту жұмыстары қолға алынды.

– Тұрғындар өтінішіне сай А.Әлиакбаров көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің ауласы толықтай жаңартылды.

– Республика көлемінде «Үлгілі ауыл» атанған Н.Ілиясов ауылында «Еңбек аллеясы» салынды.

– Аудан халқы кезектен тыс Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауына бірауыздан қатысып, аудандық мәслихат депутаттарын сайлады.

– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сыр еліне сапар жасап, Н.Ілиясов ауылына ат басын тіреді. Сондай-ақ іргелі аймақтың даму деңгейін жоғары бағалады.

– Ауданда тұңғыш рет аудан әкімдерінің сайлауы өтіп, аудан тұрғындары ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті.

Жыл аяғына дейін де жақсы жаңалықтар болып, оның бәрі аудан тарихында алтын әріппен жазылатын болады.

Дайындаған
Аружан Мұханбетқали


07 қараша 2023 ж. 248 0