Жұрт күткен жәрмеңке
Күз – молшылық мезгілі. Бұл шақта ерте көктемнен қамданған егінші қауым еткен еңбегінің нәтижесін көріп, қамбаны астыққа толтырады, өнімді молынан жинайды. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, сол жиналған мол өнімде жұртшылықтың ризық-несібесі бар. Егіншінің мәрттігінен көпшілік тәттіден дәм татады, қыстың қамын жасайды. Мұндайда елге жәрмеңкенің пайдасы көп.
«Алтын дән – 2023» мерекесі аясында Тереңөзек кентінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы А.Әлиакбаров көшесінің бойында өткен жәрмеңкеде ауылшаруашылық өнімдері базар бағасынан 15-20 пайыз арзан сатылды.
Жәрмеңкеге 54 көлікпен 169 тоннаны құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді. Таңалакеуімнен аудан, кент тұрғындары асыққан жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы өнімдерінің көптеген түрі әкелінді. Аудан еңбеккерлері жәрмеңкеде өз өнімдерін нарық бағасынан арзан сатылымға шығарғандықтан жәрмеңкеге келушілердің де қатары қалың болды.
Тоқшылық тойын аудан әкімі-нің міндетін атқарушы Д.Байдушев пен аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов бастаған азаматтар аралап, тұрғындармен пікірлесті. Тұрғындарға ауданның ауылшаруашылығы саласы бойынша жеткен жетістіктері жөнінде ақпараттар берілді.
– Қамбаны астыққа толтырған дала ерлерінің жыл сайынғы «Алтын дән» мерекесі таң атқаннан басталды. Жәрмеңкеге аудан елді мекендерінен келген көліктердің қарасы көп. Жүк көліктеріне тиелген жем-шөп, ет-сүт өнімдері, азық-түліктің көптеген түрі аудан тұрғындарына нарық бағасынан арзан сатылды. Халық тарапынан сұраныс жоғары болды. Жаңа астықты қаппен тасығандар келер жылдың азығын молынан алып үлгерді. Сонымен қатар көкөніс, бақша дақылдары да жәрмеңкенің сәнін кіргізді, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Мейрамбекұлы.
Біз жәрмеңке барысында тұрғындардың да пікірін білдік. Көпшіліктің әсіресе бақша өнімдерін көп алғанын аңғардық.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді дегеннен алдын ала хабардар болып ертерек келдік. Қыс қамымен жыл сайын қажетті өнімдерді осы жәрмеңкеден аламыз. Қаппен күріш, картоп, жуа, сәбіз алдық. Асқабақ, қауын-қарбызды да сатып алдық. Молшылық мерекесінде берекесі тасыған сырдариялық диқандарға айтар алғысымыз мол. Қазір азық-түліктің бағасы қымбат. Сондықтан осындай ізгі іс-шаралар жиі ұйымдастырыла берсін деген тілегім бар, – дейді кент тұрғыны Т.Құттымұратов.
Сенбі күні ұйымдастырылған жәрмеңкеден керегін қамдап алған тереңөзектіктер Сыр еңбеккерлеріне зор ризашылығын жеткізді. Айта кетейік, жәрмеңке барысында аудан өнерпаздары тұрғындарға өз өнерлерін ұсынып, әсерлі көңіл-күй сыйлады.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ