Арқадағы ағайынға Сырдың берекелі тартуы
Күз – берекеге толы молшылық мезгілі. Бұл шақта ерте көктемнен қамданған егінші қауым еткен еңбегінің нәтижесін көріп, қамбаны астыққа толтырады, өнімді молынан жинайды. «Елде болса, ерінге тиеді» демекші, сол жиналған мол өнімде жұртшылықтың ризық-несібесі бар. Егіншінің мәрттігінен көпшілік тәттіден дәм татады, қыстың қамын жасайды. Мұндайда елге жәрмеңкенің пайдасы көп.
Қыркүйек айының екінші сенбі-жексенбісінде Елорда жұртшылығы ерекше қуанышқа кенелді. Жыл сайын Арқа төрінде молшылық мерекесін жасайтын Сыр жұртшылығы бұл жолы да үрдісті істі жалғады. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен қыркүйектің 10-11 күндері Нұр-Сұлтан қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Сыр еңбеккерлерінің мол өнімін асыға күткен Елорда тұрғындары «Тұран» даңғылының бойында орналасқан «Астана Арена» стадионының жанында екі күн бойы қызу сауда жүргізіп, қысқа дайындықты қамдап алды.
Жалпы, бас қалаға аймақтың 70-ке жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 50 жүк автокөлікпен жалпы құны 200 млн теңгені құрайтын 500 тоннадан астам өнім жеткізілді. Атап айтқанда, жәрмеңкеге 100 тонна күріш, 15 тонна ет және 30 тонна балық өнімдері, 80 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 210 тонна бақша өнімдері, 50 тонна асқабақ, 3 тонна ас тұзы, 10 тонна сүт өнімдері, 5 тоннаға жуық кондитер өнімдері астана жұртшылығына нарық бағасынан арзан ұсынылды.
– Елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын өсірмеу үшін үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Бұған қатысты Мемлекет басшысы елге қолжетімді бағамен азық-түлікті сату бойынша нақты тапсырма берген. Соған орай Сыр елінің еңбеккерлері ауыл шаруашылығы өнімдерін Нұр-Сұлтан қаласына әкеліп, ұсынып жатыр. Түрлі өнімдерді нарық бағасынан 20 пайызға дейін арзанға сатып жатырмыз. Биыл облыс диқандарына су тапшылығын болдырмау мақсатында мемлекетаралық деңгейде жүйелі жұмыстар жүргізілді. Соның арқасында аймақ еңбеккерлері жақсы өнімге қол жеткізуде, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов.
Отандық өнімді қолдауда мұндай игілікті іс-шараның маңызы зор. Өйткені, қазір қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрғанда арзан баға тұрғындар қалтасына қолайлы. Мұның бағаны тұрақтандыруға да септігі бар. Сондықтан осындай жәрмеңкелер халықтың әлеуметтік жағдайына көп көмегін тигізеді.
Жәрмеңкеде күріш, балық, көкөніс пен жеміс-жидектерге, қауын, қарбызға, сүт өнімдерінің түрлері яғни, құрт, ірімшік, шұбат өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Әсіресе, Сырдың басты дақылы саналатын – күрішті күткендердің қарасы қалың екені белгілі. Сондай-ақ бақша дақылдары, оның ішінде қауын-қарбызды алушылар қатары көп. Өңірден жеткен балыққа да сұраныс жоғары болған.
Елорда төріндегі жәрмеңкеге аудан әкімі Мұрат Ергешбаев арнайы барып қатысты. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына сырдариялық еңбеккерлер де зор үлес қосты. Атап айтар болсақ, ауданға қарасты Бесарық ауылынан 20 тонна ақ күріш, Іңкәрдариядан 13,5 тонна қауын-қарбыз, Қоғалыкөлден 100 литр қымыран ел астанасына жеткізілді. Мұнда Іңкәрдария топырағына егілген «Әміре» қауынын сұраушылар қатары жиілеген.
Екі күнге созылған жәрмеңкеден керегін қамдап алған астаналықтар Сыр еңбеккерлеріне зор ризашылығын жеткізді. Ұйымдастырылған іс-шараға алғыстарын білдіріп, Арқа жұртына берекелі тарту жасағандарына дән риза екендіктерін білдірді.
Айта кетейік, жәрмеңке барысында облыс тарапынан қайырымдылық қоры аясында жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері таратылды. Сондай-ақ Сыр елінен барған өнерпаздар елордалықтарға әсерлі көңіл-күй сыйлады.
Ердос БЕРКІНБАЕВ