Тоқшылық тойы

Аудан орталығында Республика күні қарсаңында өткен «Алтын дән» мерекесі жәрмеңкемен басталды. Тоқшылық тойын аудан әкімі аралап, алдымен Орталық алаңдағы қолөнершілердің туындыларымен танысты. Содан соң жәрмеңкені аралап, шаруалармен тілдесті.
Таңалакеуімнен аудан, кент тұрғындары асыққан жәрмеңкеге ауыл шаруашылығы өнімдерінің көптеген түрі әкелінді. Үздік аудан еңбеккерлері жәрмеңкеде өнімдерін нарық бағасынан арзан сатылымға шығарды. Кенттегі А.Құнанбаев пен А.Әлиакбаров көшесінің бойында өткен жәрмеңкеге келушілердің де қатары қалың болды.

– Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді дегеннен алдын ала хабардар болып ертерек келдік. Қыс қамымен жыл сайын қажетті өнімдерді осы жәрмеңкеден аламыз. Қаппен күріш, картоп, жуа, сәбіз алдық. Асқабақ, қауын-қарбызды да сатып алдық. Молшылық мерекесінде берекесі тасыған сырдариялық диқандарға айтар алғысымыз мол. Қазір азық-түліктің бағасы қымбат. Сондықтан осындай ізгі іс-шаралар жиі ұйымдастырыла берсін деген тілегім бар, – дейді кент тұрғыны Г.Асқарова.
Айту керек, тоқшылық тойына аудан шаруалары 55 көлікпен 190 тонна өнім әкелді. Жалпы, 22 млн теңгені құрайтын 34 түрлі өнім тұрғындарға нарық бағасынан арзан ұсынылды.
Бибісара ЖАНӘЛІ