Көктемдегі жәрмеңке
Ынтымақ пен бірліктің мерекесінде жергілікті тұрғындар аудан орталығына жиналды. Аудан орталығындағы А.Әлиакбаров көшесінің бойында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өткізіліп, көпшілік нарық бағасынан төмен бағада қажетті азықтарын алды.
Тереңөзек кентіндегі жергілікті халықтың басым көпшілігі шоғырланған жәрмеңке барысында ауыл шаруашылығы өнімдері сатылды. Анығын айтқанда, нарық бағасынан төмен пайызбен әлеуметтік маңызы бар тауарлар жұртшылыққа ұсынылды. Мұнда Сыр өңірінің басты өнімі – күріш, картоп, пияз, ет, күнбағыс, қияр, қызанақ секілді бірнеше тауар әкелінді. Нарық бағасынан 15-20 пайыз арзан бағада сатылған өнімді алған жұртшылық тұрмыстық қажеттілікті өтейтін азық-түлік қорын жасақтай алды.
– Жыл көлемінде аудан орталығы мен Қызылорда қаласында бірнеше жәрмеңке ұйымдастырылды. Егінге дайындық қыза түскен шақта шаруалар өз өнімдерін көпшілікке ұсынуда. Біздің мақсатымыз – алдағы науқанда жоғары өнім алып, азық-түлік қорын толықтыруға барынша үлес қосу болып табылады. Бұл жұмыстар соның бастамасы десек, артық айтқандық емес. Көктемде ұйымдастырып отырған азық-түлік жәрмеңкесіне 12 көлікпен 20 тонна өнім жеткізілді. Мұндай нарық бағасынан арзан сатылатын жәрмеңкенің жиі ұйымдастырылғанын тұрғындар қалайды. Сол себепті де халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында алдағы уақытта азық-түліктің нарықтағы бағасын тұрақтандыру үшін жәрмеңкелер өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің басшысы Нұрбол Жұмабеков.
Егін жинау мерзімі болмаса да халыққа бақша дақылдары, көкөністер, ет-сүт өнімдері жәрмеңкеде жеткізілді. Тұрғындар қалтасына қарай азығын қамдады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ