Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еселі еңбек еленген күн

Еселі еңбек еленген күн

Сыр диқандарының қажырлы еңбегі алтын күріш болып ырғалып, бидай болып жайқалып, Сыр тайқазанын тасытты. «Алтын дән – 2023» мерекелік іс-шарасында дәнін сақтаған, жерін баптаған ауыл халқының, диқан қауымының мерейі асқақтады. Салтанатты іс-шараға еңбек адамдарымен қатар ауданның атқарушы билік өкілдері қатысып, сәні мен салтанаты ұштасқан концерттің куәсі болды.

Мерекелік іс-шарада аудан әкімінің мін­детін атқарушы Д.Байдушев еңбек­кер­лерді науқанды мереймен аяқтап, зор же­тістікке жетуімен құттықтады.

– Дана халқымызда «Әлемнің әміршісі – еңбек» деген тағылымы мол сөз бар. «Еңбек еткеннің еңсесі биік» екенін ескерсек, күз маусымы – дала еңбеккерлерінің мерейі тасып, абыройы асқақтайтын берекелі кезең. Жыл сайын сырдариялық диқандар күріштен мол өнім жинап, жақсы көрсеткішті бағындырып келеді. Міне, биыл да ел қамбасын алтын дәнге толтырған аудан егіншілері сенім үдесінен шығып, ризық-несібесін ысырапсыз жинап алды. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан нәтижелі жұмыстар. Сонымен бірге берлесе атқарған жұмыстардың жарқын көрсеткіші аудан жұртшылығының ынтымақ-бірлігінің айқын көрінісі екенін атап өткеніміз жөн.

Алты алашқа ана болған Сыр өңірінің облыс болып құрылғанына биыл 85 жыл және Сырдария ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Сырдариялықтар бұл мерейтойға үлкен табыспен жетті. Аудан диқандарының зор табысы – біріншіден, тынымсыз еңбектің жемісі болса, екіншіден, аграрлық салаға көрсетіліп отырған қолдаулардың нәтижесі. Аудан еңбеккерлері биыл 23 811 гектарға күріш дақылын орналастырып, әр гектарынан орташа 59,8 центнерден өнім жинап, барлығы 142 390 тонна астықты қамбаға құйды. Баршаңызға ырыс-несібеге толы молшылық мерекесі құтты болсын, – деді Димаш Серікбайұлы.

Бұл жолы «Ыбырай Жақаев» атындағы төс­белгі­мен «Бесарық» шаруа қо­жа­лы­ғының төрағасы Бейбіт Белгі­баев пен «Қызылдихан» шаруа қожалығының кү­ріш­­­­­шісі Бақтығали Ілияс марапатталды. Ал «Озат егін шаруашылығы» номинация­сы бойынша облыс әкімінің дип­ломы «Бес­арық» шаруа қожалығына берілді. Шаруа­шылық 386 гектар күріштің әр гектардан 69,1 центнерден өнім жинаған. «Озат картоп өсіруші» номинациясы бойынша «Айдарлы» ауылы жастар бригадасының картоп өсірушісі Н.Аханов марапатталады. Ол 20 гектар картоптың әр гектарынан 210,0 центнерден өнім жинаған. Сондай-ақ «Озат ветеринар» номинациясын С.Сейфуллин ауылдық округінің ветеринарлық пунктінің мал дәрігері С.Мүталлабұлы иеленді. Мұнан бөлек «Озат шопан» номинациясы бойынша «Нұр-Асыл» шаруа қожалығының шопаны Ш.Рүстемов марапат биігінен көрінді. Ол қой малы басының өсуін арттырып, әр аналық бастан жоғары төл алуды қамтамасыз етіп, мал басын 100 пайызға аман сақтаған.

Іс-шарада ауыл шаруа­шы­лығы саласында қажырлы еңбек еткен бірқатар азаматқа облыс және аудан әкімінің Алғысы табысталды. Сондай-ақ үз­дік­терге арнайы дип­лом мен сертификаттар табыс етілді.

Айта кету керек, бүгінгі күнге ауданда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Ресей, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттеріне 15000 тонна ақ күріш экспорттады. Ал алдағы егін науқанына сапасы жоғары 5200 тонна тұқым қорын әзірледі.

Мерекелік іс-шарада аудан еңбек­кер­ле­рінің құрметіне концерттік бағдарлама ұсынылды.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
31 қазан 2023 ж. 220 0