Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер – құрмет төрінде

Ардагерлер – құрмет төрінде

Қарты бардың – қазынасы бар. Мереке қарсаңында аудандық білім бөлімі мен бі­лім қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті бірлесе отырып білім саласында ұзақ жыл ең­­бек етіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерлерге құрмет көрсетті. Аудан ор­та­­лығы мен ауылдық округ мектептерінде бала тәрбиелеу ісімен айналысып, бү­гін­де қазыналы қарттыққа абыроймен жеткен ардагер ұстаздар бас қосты.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков ардагер ұстаздарды саладағы негізгі жетістіктермен, жаңалықтармен таныстырып өтті. Соңғы жылдары орын алған жаңашылдықтарды тізбектей отырып, қария­ларға алғыс білдірді.

– Ең алдымен, қатар келген қазыналы қарттар күні мен ұстаздар күні мерекесімен сіздерді шын жүректен құттық­таймын. Сіздерге зор денсаулық тілегім келеді. Біз, алдыңғы буын, сіздерден үлгі-өнеге аламыз. Баталарыңызды алып, алға қарай үздіксіз жылжып отырамыз. Соңғы жылдары аудандағы білім саласы айтарлықтай зор жетістіктерге жетіп келеді. Оның бәрінде өздеріңіздің қолтаңбаларыңыз бар. Әр баланың білім алуында, өскелең ел ертеңіне айналуына үлес қостыңыздар. Ұстаздық – ұлы қызмет. Сіздердің әр күндеріңіз, әр сәттеріңіз мереке. Бүгінгі сән мен салтанат өздеріңізге арналады, – деген Берік Съездұлы ауданымыздың ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша облыс бо­йын­ша үздік үштікке енгенін мақтанышпен атап өтті. Сондай-ақ ауданда 1700 педагог бар екенін және олардың қарқынды жұмыс жасап, оқушылары да республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып жүргенін айтты. Және саладағы 500-ге тарта ардагер­лерге де үздіксіз қолдау көрсетіліп келе жатқанын тілге тиек етті. Білім бөлімінің басшысы аудан әкімінің білім саласына әркез қолдау көрсетіп отыратынын да назардан тыс қалдырмады. Қазіргі таңда Айдарлы ауыл­дық округіндегі орта мектептің алаңын қоршау жұмыстары аудан әкімінің ықпал етуімен кәсіпкерлердің қаржыландыруымен өз дең­гейінде аяқталды. Қоғалыкөл ауылдық округі мен кент орталығындағы №36 мектеп-лицей авто­тұрағының да демеушілер тарапынан ретке келтіріліп, асфальтталып жатқанын, жалпылай айтқанда салада қарқынды алға жылжуы, үздіксіз даму жүріп жатқанын айтып, ақпараттандырып өтті.

Одан кейін ардагер ұстаздар сөз алды. Күлбарам Әбілова, Жантемір Айсин, Ұлмекен Жаналиева, Тынышбек Қыстаубаев, Фатима Байзілдаева, Мансия Мамбетовалар замандас-әріптестерін мерекемен құттықтай оты­рып, бір сәт өткен кезеңді еске алыс­ты. Қоғамдағы жаңалықтарды әркез бақы­лап отыратындықтарын, аудандағы әрбір жетістікке тілектес екендіктерін жеткізді.

Аудандық білім қызметкерлері ардагерлер ұйымының төрайымы К.Әбілова:

– Біз де жас болдық. Алғаш қызметке кіріскеніміз әлі күнге көз алдымызда. Уақыт зымырап өтуде. Қазіргі таңда сіз бен біз қазыналы қарттыққа үлкен абыроймен жетіп отырмыз. Бүгінгі жастардың жалғастырып келе жатқаны – сіздердің дара жолдарыңыз. Бүгін керемет іс-шара өтіп, түрлі бағыттағы ардагер ұстаздардың басы қосылып жатыр. Сонау ауылдардан арнайы келген ардагерлерге алғысымыз шексіз. Бұл кісілер зейнет демалысына жеткенімен, ешқайсысы қоғамнан тысқары қалған емес. Қазір дамыған техника мен технологияның арқасында жылдам ақпарат алу бәріне қолжетімді. Бұл кісілер де өздері еңбек еткен білім ордаларының, жалпы қоғамның жаңалықтарынан хабардар. Білім саласы жыл өткен сайын қарқынды жаңғырып келеді. Бұл біріншіден сіздердің салып кеткен жол мен бағыттарыңыздың дұрыстығы болса, екіншіден, қазіргі жастардың жүргізіп келе жатқан жарқын жұмыстарының нәтижесі. Қарттар күні мерекесімен бәріңізді құттықтағым келеді. Ең бастысы, денсаулықтарыңыз зор болсын деп тілек білдіремін, – деп, тілектестігін білдірді.

Мәдениет саласының үздігі, ұзақ жыл ауданымыздың рухани-мәдени саласының дамуына үлес қосқан ұстаз Жантемір Айсин кейінгі жастардың жаңа қарқынмен жұмыс жасап келе жатқанын тілге тиек етіп, жалынды жастар басшылық етіп отырған саланың жетістік­­ке жететінін айтты. Өзінің жүрекжарды лебізін арнап, тілектестігін білдірді.

Аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Есназар келелі жиын­ның негізгі мәні мен мақсатына тоқталып өтті.

– Берік Съездұлы айтып өткендей, ауданымыз ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша облыста үздік үштікке енді. Одан бөлек ғылыми жобалар мен республикалық, халықаралық сайыстар бар, пәндік олимпиа­­да­лар бар. Міне, бұлардың барлығы – білім деңгейін көрсететін сайыстар. Осындай білім бәсекелерінде біздің ауданымыздың оқушылары зор жетістікке жетуі – білім саласының қарқынды дамып келе жатқанының көрсеткіші. Қазіргі таң­да салада жас педагогтер жетерлік. Жалын­ды жастардың жұмыс жүргізу реті де жаңаша. Сондай-ақ 500-ге жуық ардагеріміз бар. Жас ұстаздар үлкендер ізін жалғап, дәстүр­ді жаңашылдықпен астастыра отырып, өске­лең ұрпақты тәрбиелеу ісіне өзіндік үлестерін қосып келеді. Біздің мақсатымыз білім саласының түрлі бағытындағы, яғни, мектеп, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, балабақша және өнер мектебінің ардагер ұстаз­дарының басын қосып, жақсы бір іс-шара өт­кізу, үлкендерге құрмет, сый көрсету, – деген Алмас Зейноллаұлы алда аудан тұрғындары үшін маңызды саяси науқан келе жатқанын да айтып өтті.

Жиын барысында ардагер-ұстаздар марапат биігінен көрінді. Арнайы алғыс хат табысталып, сый-сияпат ұсынылды. Бір сәт көңіл сергітіп, замандастарын көріп көзайым бол­ған ардагерлер арқа-жарқа болып, өз ризашылықтарын жасырмады. Дене шынықтыру пәнінің ардагер ұстазы, қырық жыл еңбек өтілі бар шағандық Тынышбек Қыстаубаев жиналғандарға ақ батасын бе­ріп, елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тіледі.

Көңілді іс-шара барысы аудандық әуез мектебінің өнерпаз-ұстаздарының ән мен күй шашуымен өріліп, мерекенің шырайын келтіре түсті.

– Үлкеннің батасын алып, алғысына бөленген адам еш уақытта жаман болмайды. Ал жасы келген кісіге халін сұрағанның өзі же­тіп жатыр. Бүгін, міне, мереке қарсаңында білім бөлімі мен кәсіподақ комитеті бірлесе оты­рып тағылымды, жастарға үлгі боларлық іс шара өткізіп жатыр. Хабарласып, арнайы шақырғанда қуанып қалдық. Мен ұзақ жыл бойына география пәнінен сабақ бергенмін. Қазір зейнет демалысында болғаннан кейін, қоғамдық іс шараларға көп араласа бермейміз. Бүгінгі іс шара көңілге қуат сыйлап, көптен көрмеген жандармен жүздестірді. «Қарттарым – асыл қазынам» деп тамаша тақырыппен керемет жиын өтті. Ұйымдастырушыларға ризашы­­лығымды білдіремін. Білімі бар елдің – ертеңі кемел. Ендеше, ұстаздар қауымын келе жатқан мерекемен құттықтаймын, – дейді мәні мен мазмұны зор іс-шараға арнайы келіп қатысқан ардагер ұстаз Рыс­жан Алдабергенова.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
01 қазан 2023 ж. 188 0