Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағатты ұстазға – ыстық ықыласпен

Ұлағатты ұстазға – ыстық ықыласпен

Бүгін аудандық білім бөлімінде қарттар күні мен Ұстаздар мерекесіне орай білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков мерекелік қабылдауы өтті.

Мерекелік шараға білім саласында көп жылдар жемісті еңбек етіп, білім саласының дамуы жолындағы еңбектері, жүріп өткен жолдары жас ұрпаққа өнеге болған ардагер ұстаздар қатысты.

Білім бөлімі басшысы Берік Жәнібеков ардагер-қарттарын құрметтеген елдің ертеңі биік, мерейі үстем болатындығын атап көрсете отырып, «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп Мағжан ақын айтқандай, ұлылықтың басында тұрар ардагер ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтады.

Осынау үлкен ұғымдағы ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған, әлі күнге дейін игілікті істер атқарып, білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан еңбектеріне алғыс білдірді.

Сонымен қатар, білім қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы А.Есназар ұрпақтарының талапты болуы үшін айналасына білім мен тәрбие нұрын төгетін ұлағатты ардагер ұстаздар қауымын мерекемен құттықтай отырып, ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ерен еңбектеріне мерекелік ыстық ықыласын білдірді.

Әдемі кештің куәсі болған ардагер ұстаздарымыз К.Әбілова П.Құсейнова, С.Ахметова, Қ.Аубакирова, Қ.Ермаханова өздерінің алғыстарын білдірді.

Өнерпаз ұстаздар көрермен көңілін серпілтіп, қуаныш сыйлады. Әріптестер әзілі, игі жақсылардың жарасымды әңгімелері әрі қарай өрбіп, ақ пейіл мен толассыз лебіз тербелген тартымды кеш болды.

Сырдария аудандық білім бөлімі
30 қыркүйек 2022 ж. 569 0