Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркістанға сапар

Түркістанға сапар

Егемен еліміздің жарқын болашағына сеніммен қарап, жақсы күндерді жақындатқан аға ұрпақ ардагерлеріміздің бай тәжірибесі, дархан даналығы – біз үшін тамаша тағылым. Кейінгі ұрпақтың бойында ізгілік пен мейірбандылық, Отанымызға адал қызмет ету секілді елжанды қасиеттер болса, ол әрбіріміздің үйіміздегі қазыналарымыздың арқасы. Осы ретте ауданымызда ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында жақсы іс-шара ұйымдастырылды.

Бұл жолғы іс-шараның ұйымдастырылуына Салтанат Қуандықова басқаратын аудандық тарихи-өлкетану музейі бастамашы болды. Музей ұжы­мы Айдарлы мен Жетікөл ауылының 20-ға жуық ардагерлерінің қасиетті Түркістан қаласына саяхаттауын жоспарлап, бұл ұсынысты жүзеге асыру үшін аудандық мәслихат депутаты Анар Қалдыбаеваға айтқан. Ұсынысты құп алған депу­тат мереке қарсаңында ардагерлерге қуаныш сыйлап, қол­дау білдірген.

«Жақсыдан – шарапат» деп бекер айтылма­са керек-ті. Жақсы іске жанашырлық танытып, қол­­дау білдірген аудандық мәслихат депутаты бұл істі перзенттік парызы санайтынын айтады.

– Аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы ерекше бастама көтергенде қуана қа­­был­дадым. Талай жыл еңселі еңбек етіп, ауыл өмірімен біте қайнасқан ардагерлерге құрме­тіміз ерекше. Елдің дамуына зор үлес қосқан қазыналы қарияларымыздың мәртебесін көтеруді өзімізге міндет санаймыз. Үлкенге бас иіп, айрықша ілтипат көрсетуге мүд­де­ліміз. Барлық ардагерді биыл атап өтіп жатқан мерейтойымен шын жүректен құттық­таймын, – деді Анар Қалдыбаева қарт­тардың қасиетті шаһарға сапарына орай ұйым­дастырылған басқосуда.

Сапар барысында қос ауылдың 70, 80 жасқа толған қазыналы қарттары Түркістан қаласының көрікті жерлерін аралап көрді. «Кер­уен сарай» кешенін аралаған қариялар ерекше көріністерге куә болды. Сонымен қатар ардагерлер Қожа Ахмет Яссауи және Арыстан баб кесенесіне барып, бабалар рухына тәу етті. Біз ардагерлердің де пікірін білдік.

– Сапарымыз «Мединеде – Мұхаммед, Түр­кіс­танда – «Қожа Ахмет» деп халық арасында тарап кеткен аңызда айтылатын Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың ізбасары саналатын Қожа Ахмет Яссауи мавзолейімен танысумен басталды. Деректі аңыздарға сүйенсек, са­ғананы Әмір-Темір түсіне кірген аян бойынша Қожа Ахмет Яссауиге арнап салдырған. Сағананы аралап танысқан ардагерлерді оның салыну тарихы қатты қызықтырды. Бұл жерде қазақ хандары, басқа да әулие адамдардың сүйектері жерленген. Мұнда біз тазалықтың, айшықты жасыл желекпен, гүлдермен көм­ке­­рілген орындардың, мәдениеттіліктің куәсі бол­дық, – дейді Жетікөл ауылының ардагері П.Аяшев.

Бұл пікірді айдарлылық ардагерлер де қуаттап, ұйымдастырушыларға риза­шылығын біл­діріп, ақ батасын берді.

– Түркістанға жасаған сапарымыздан ерекше әсер алдық. Білуімізше, кесенені шәкірті Қожа Ахмет Яссауидің тапсыруымен Әмір-Темір салдырған екен. Арыстан баб Исламға дейін 39 дінді біліп, соның ішінде ислам дінін мойындаған Мұхаммедтің (с.а.у.) ізбасары болған екен. Меккеде Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар халықты жинап, өзі қайтқаннан кейін төрт жүз жылдан соң түркі елінде ізбасарының дүниеге келетіндігін, соған аманат ретінде құрманың сүйегін беруді Арыс­тан бабқа тапсырады. Алланың әмірімен Арыстан баб бес жүз жыл жасап, осы уақыт бойы­на құрманың сүйегін тілінің астына сақтап, соңында болашақ Мұхаммед (с.а.у.) пайғам­бардың ізбасары бала Қожа Ахмет Яссауиге аманатты тапсырып, оның «…саған түнесін, менен тілесін, аумин» деген батасын алыпты. Міне, содан бері зияратқа келген халықтың Арыстан бабқа түнеп, Ахмет Яссауиден тілеуі содан қалған дәстүр екен. Осы дәстүрді ұстанған қос ауылдың арда­герлері қасиетті орынға зиярат жасадық. Кесене жанындағы 4000-ға жуық кітап қоры сақталған кітапхананы да көрдік. Онда ежелгі көркем әдебиеттер, ескі құрандар және құнды қол­жазбалар сақталыпты, – дейді айдарлылық ардагер Б.Сұлтанбекова.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
30 қыркүйек 2023 ж. 238 0