Зорлық-зомбылыққа жол жоқ
Аудандық полиция бөлімі тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарына қарсы іс-шаралар легін жандандырып, нақты жұмыстар жүргізуде. Полиция қызметкерлері отбасылық жанжалдардың соңғы өкінішпен аяқталмауы үшін түсіндірме жұмыстарын да ұйымдастыруда.
Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, шілде айынан бастап «102» бірыңғай арнасына отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 13 хабарлама келіп түскен. Хабарламалар тіркеліп, құқық қорғаушылар әр істі мұқият зерделеп, барлығына әкімшілік шара қолданылған. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген 13 отбасыға қатысты қорғау нұсқамасы қабылданған. Осы ретте аудандық сот арқылы 7 азаматқа алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салуға ерекше талап тағайындалғанын айтып өткеніміз жөн.
– Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында бөлімнің учаскелік полиция инспекторлары мен әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы халық арасында түсіндірме жұмыстары жүргізуде. Бұл бағытта орын алатын заңбұзушылықтар департаменттің қатаң бақылауында. Сондықтан қоғам тыныштығын бұзып, отбасы берекесін қашыратындар міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірі, оның ішінде Сырдария ауданының отбасылары өзге өңірлерге үлгі-өнеге көрсетуі тиіс деп есептейміз, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Азамат Оспанов.
Сонымен қатар ауданда жасөспірімдер арасында құқыққа қайшы іс-әрекеттерге тосқауыл қою және кәмелетке толмағандардың жүріс тұрыстарына бақылау жасау мақсатында «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылуда. Іс-шара аясында колледжде, мектептерде кездесулер өткізілуде.
«Тт» ақпарат
Фото: ашық дереккөзден