Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасылық зорлық-зомбылықты алдын алу тиімді

Отбасылық зорлық-зомбылықты алдын алу тиімді

Елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегетіндер саны артып келеді. Мұндай келеңсіз жағдайларға көбінесе қоғамның әлсіз топтары әйелдер мен балалар, қарттар ұшырайды. Көп адамдардың пікірінше, отбасылық зорлық-зомбылық тек күйеуі мен әйелі арасында орын алады, алайда деректер ересек балалардың қарт аналары мен әкелеріне сыйламаушылық танытып, былапыт сөздер айтып, отбасы тыныштығын алатынын көрсетіп отыр.

Ағымдағы жыл басынан бүгінге дейін Сырдария АІІб-нің Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инс­пекторлары және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторымен ҚР «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР Заңының 20-бабы басшылыққа алынып, 49 азаматқа қорғау нұсқамасы шығарылған. Бұл 49 жәбірленушінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілгендігін білдіреді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алу себептері қызғаныш, жұмыссыздық, отбасылық құндылықтардың төмендеуі, алкоголь өнімдерін тұтыну болып табылады.

ҚР Конституциясының 27-бабында: «1. Неке мен отбасы, ана мен әке жә­­не бала мемлекеттің қорғауында болады. 2. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың етене құқығы әрі міндеті. 3. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті»делінген. Заңда белгіленген мін­дет­терге қарамастан отбасы тұрмыстық қатынастар аясында ерлі-зайыптылар және ата-ана мен ересек балалар арасында осындай жайсыз көріністер сақталып отыр. Заңның басым бағытттарының бірі отбасын қолдау және сақтау болғандықтан, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған әрбір адам Заң аясында қорғауда болады. Сол себепті де отбасында орын алатын зомбылыққа төзіп отыра бермей, уақытылы құқық қорғау органдарына хабарласып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ЖОҚ деңіз!!!

Н.Байжанов,
Сырдария АПБ-нің Жергілікті
полиция қызметінің Әйелдерді
зорлық-зомбылықтан
қорғау тобының инспекторы,
полиция лейтенанты 
23 тамыз 2021 ж. 671 0