Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны

Ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны

Әр ұлттың өзіне тән ұлттық дүниетанымы, ұлттық құндылықтары болады. Қазақ халқын өзге елден ерекшелеп, ұлылығымыз бен ұлттығымызды көрсететін, болмысымызды даралайтын байлығымыз – ұлттық мәдениетіміз, ұлттық құндылықтарымыз. Әдетте ұлттық таным жайлы сөз қозғағанда біздің есімізге не түседі? Тіл, салт-сана, дәстүр, халық мұрасы, мәдениет, менталитет, т.б. Кеңестік санада «ескінің қалдығына» айналған ұлттық құндылығымызды болашақ ұрпақ санасына сіңіретін сәт, Тәуелсіздік таңы атқалы биыл жиырма тоғызыншы жыл. Шүкір!

Жасампаз еліміз еншісін алғалы ұлттық сана, ұлттық көзқарас, ұлттық құндылықтарымыздың хәл-ахуалы қандай дәрежеде? Әріге бармай, бүгінгі күн тұрғысынан саралайық. Толғауы тоқсан қызыл тілдің толғамағы – ұлттық таным мәселелері. Неге «мәселелері» дегенді қоса алып отырмыз? Күнделікті құр сөзді айтып, даурықпа сөз бен жасанды ұран салудан аулақпыз. Мәселенің ашығын айтып, жастарға аз да болса ой салу негізгі мақсатымыз болмақ.

Тіл тағдыры – ұлт тағдыры

Әуелгі мәселе – тіл мәселесі. Ұлттық дүниемізді халық арасында насихаттау, жеткізу үшін ең әуелі тіліміз түзу болмақ керек. Тіл – халықтың қазынасы, ұлттың мұрасы. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Бұл сөзге жасанды жанашырлықпен емес, терең түсінікпен қарасақ екен.

Əдеттегідей, автобусқа мінсем жан-жағымдағылардың қимылын бағып, кімнің аузынан қандай сөз шығады екен деп бақылайтын əдетім. Себебі, меніңше, автобус – ең бір қайнаған қоғамдық орын. Шаруасынан шаршап, жұмыстан қалжырап қайтқан халықтың «шынайы бет-бейнесі» көрінетін кез – әсіресе кешкі мезгілдегі автобус іші... Жұма сайын жүретін жолыма түсіп, аязды күні аялдамада аяқтарымды бірді-біріне соққылап, сарылып сары автобусты күттім. Не керек, сегіз минут күттірген сары автобус селкілдеп жетіп те келді. Күндегідей, халық ығы-жығы... Қысқасы, біз отырған автобусқа бес аялдамадан соң баласын жетектеген əйел мінді. «Ақша төлеп, отырамыз» деп тап-таза айтып тұрған кондуктор əйел «баламен орын берейікші» деп қалды. Ниетін түсіндік, бірақ тілді қалай болса солай қолдануға бола ма? Мен ызаланып үлгергенше, бір үлкен кісі: – Əй, осындай да сөз бола ма екен, «балалы əйелге орын берейік» деп жөндеп айтсаң болмас па? – деді. «Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен бездің» кері келіп, аузымды ашуға арым жібермей, ашуды ала көзбен көрсетіп тұрған едім. Əлгі кісіге сонша риза болғанымды да айта кетейін. Осыны оқыған адам «Жай сөз айтыла салған сөз ғой, аса маңызды да емес, не айтқысы келгені түсінікті болса болды емес пе» деп ойлауы мүмкін. Кондуктор әйелдің де ойы осылай-ау, тілін дұрыстамақ боп безектеген кісіге бет бұрып та қарамады. Рас, əйтеуір түсіндік. Бірақ, біреу солай жүйесіз сөйлесе, екінші тағы солай жасаса, тіліміздің ертеңі не болады? Ойлануды қажет етеді. Асылында, бәрін өзімізден бастағанымыз дұрыс.

Әлгі оқиға əсер етті. Бірдің сөзі түзелсе, мыңға сабақ емес пе?

Тіліміздің өз заңдылықтары бар, ережені еркін меңгеріп, бай тіліміздің байлығын сарқа пайдаланып, бал тамызып неге сөйлемеске?! Бұны бір деп қойыңыз.

Бала – біздің болашағымыз

Қоғамдағы келесі келелі мәселе – бала тәрбиесі. Бүгінгі бала – виртуалды әлемнің «құлы». Көпке топырақ шашудан аулақпыз... Кішкентай бүлдіршіндердің бетін адам көргісіз қанжоса кейіпкерлерге ілесіп жасаған ерсі қылығын, тіс дәрігерінің кезегінде отырып, «мама, айтшы, бұл ойын ғой, иә» деп жыламсыраған баласына «жоқ, балам, бұл шынайы өмір» деп ұғындыра алмай әлек болған ананы көргенде жаным ашыды.

Әдеттегідей, «қызықты жаңалыққа тап болармын» деп ғаламтор желісін ақтарып отырған едім. Бірде көзім жапон мақалдары деген сілтемеге түсті. Жапонша білмесем де, «мақал – сөздің мәйегі» деп білетін, үш ойдың бірін мақалдап жеткізбесе қарабайыр сөйлегендей сезінетін қазақ болған соң, сілтемені басып, өзге елдің мақалы қандай екенін көргім келді. Құдай оңдағанда, қазақшаға аударылған екен. Менің бір таң қалғаным мына мақал болды. «Баланы еркелету – тастап кетумен бірдей» дейді. Ал керек болса! Бала тәрбиесінде «баланы бес жасқа дейін патшаңдай көр, бес жастан кейін құлыңдай жұмса, он үш жасқа келгенде досыңдай сырлас» деген нақыл әрі қағидатты жиі еске алатын біздің халық дана деп қалай айтпассың?! Міне, нағыз тепе-теңдік. Әр нәрсені өз уақытысымен жасай білетін халқымыз «бала – бауыр етім» деп біледі, еркелетіп, жылы-жұмсақты ұсынып, бар тәттісін аузына тосады. Баланы тәрбиелер кезінде тәрбиелеп, еркелетер тұста ықыластан ада етпей, жиі-жиі мақтап, қанат бітіріп отырған жөн. Жас баланың ойы жүйрік, бір айтқанды бірден ұғып алады. Әрі көп нәрсені білгісі келеді. Сондықтан қояр сауалы да көп. «Ол кім?, бұл не?» деп жиі сұрайды. Бұл кезде оған бәрін жүйелі түсіндіріп айту маңызды. Баласы бірдеңеге қызығушылық танытып сұрай қалса, екі көзі ғаламтормен торланған ата-анасы ештеңеге қарамастан, «иә, иә» немесе «мә, балам, телефонмен ойын қосып беремін» деп жауап беретіндер де бар. Бір-бірін өлтірген қантөгісі көп мультфильм, адамның басын алып жатқан сорақы ойын ойнап өскен бала есейгенде қандай азамат болмақ? Содан келгенде безбүйрек әке мен тасбауыр ана қайдан шықты деп зарлаймыз. Қиыны сол, көңілге өкініш ұялатар, «қап, әттеген-айды» айтқызар жайттар кейінгі уақыттарда жиі орын алып жүр. «Бала нені білсе жастан, ұядан – өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген Ж.Баласағұн данамыз. Әрбір сөзі алтын, зерден құралған ақылгөй данышпанның сөзін қате деп кім айта алады?! Сондықтан барымызды бағалап, баланы еркелетер тұста мейірімді де аямай, қажет тұсында тәрбиеге де салып, түзу жол, дұрыс нұсқау беріп, ең бас­тысы ұлттық тәрбиемізді, ұлттық мінезімізді бойына сіңдіріп, Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй» қағидасын ұғындырып өсірсек, нұр үстіне нұр құйылғандай болмас па?! Одан бөлек балаға Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған тағылымды мәліметтер жөнінде ақпарат берсек, өзіміз үшін де, өзгелер үшін де пайдалырақ болады деп есептеймін.

Шығыстың ғұлама ғалымы әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін», – дейді. Ал, адам сенген, заман сенген жастарымыздың арманы – шет елде өмір сүру болғанына кім кінәлі? Адам ба, заман ба? Бір көршімнің көзбен көрмесе де айтулы шет елде тұрғысы келетінін, аузынан сонша суы кете армандағанын көріп жағамды ұстап, қайран қалдым. Себебін түсінгім келмесе де, сұрадым. Уәжі – біреу. Шетелде өмір сүру керемет екен-мыс. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болдың» мәнін түсінбейтін қазақша білмейтін қазақ көршім өз елінде сұлтан болып жүргенін ұқпайтын да секілді. «Тасиды қаның, ашиды жаның...» Айтасың, «баяғы жартасқа» соғылып, өзіңе ғана естіледі. Жаңғырық...

«Ауруын жасырған өледі» деген тәмсіл бар. Бүгін көз көріп, құлақ естіген мәселені көтергіміз келді. Негізінде, бұл құлдырау емес. Әрине, бүгінгі күннің қаһармандары жетерлік. Елдің елдігін, халықтың тұтастығын, тілдің тазалығын сақтау үшін, еліміздің керегесі кең, терезесі өзге елмен тең, шаңырағымыз биік болуы үшін, жұртымыздың жалғасты өмірі жарық, жастарымыздың болашағы жарқын болуы үшін, ұлттық тәрбиенің жарқын үлгісін көрсетіп, халқымыздың ұлықтығын, ұлылығын насихаттап жүрген азаматтар қаншама? Соларды насихаттау керек, үлгі етіп көрсету қажет. Сонда ғана еліміздің іргесі берік болып, болашағымыз баянды бақытпен көмкеріледі.

«Қазақтың бір жаманы осы...»

Неге біз «Қазақпыз ғой, қазақ десең өзіңе тиеді» деген сөзді жиі қолданамыз. Ойлаңызшы, бірде-бір ел өз ұлтын жаман демейді. Дәл осы қолданыс өзге елде мүлде жоқ. «Жаман ұлт болмайды, жаман адамдар болады» деген. Ең бастысы біздің елге ұлттық танымды білумен қатар, ауызбіршілік керек. Ауызбіршілік – ұлттық тұтастығымыздың, бейбітшілігіміздің жарқын көрінісі. М.М.Сперанский: «Қазақтар шөлейтте өсетін балтамен ұрып сындыра алмайтын сексеуіл ағашы сияқты, сексеуілді тек бір-біріне ұрып сындыруға болады. Қазақтарды да бір-біріне айдап салып, әлсіретіп барып құлдықтың қамытын кигізе аламыз» деген болатын. Біз ұлы халықтың ұлағатты ұрпағы ретінде бұрынғы салтымызбен, ұлттық түсінігімізбен бұндайға жол бермеуіміз керек. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деп, біліміміз бен білігімізді, ұлттығымыз бен ұлылығымызды танымымызбен ұштастырып, бағымыз бен берекемізді, тектілігіміз бен тәуелсіздігімізді сақтай білейік! Бабалар қанымен қорғап жеткізген ұлылығымызды сақтайық! Ұлы халықтың ұлағатты ұрпағы, ұлттығымызды жоғалтпайық!

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ,
аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі
25 тамыз 2020 ж. 2 093 0