Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр өңірінде тілдер мерекесі аталып өтті

Сыр өңірінде тілдер мерекесі аталып өтті

Қызылорда қаласында Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесі аталып өтті.

Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылған Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті.

«Тіл – татулық тірегі» атты облыстық фестиваль Алаш арысы жайлы мазмұнды бейнероликпен басталды.

Іс-шарада облыс әкімі аппаратының басшысы Ш. Байманов мерекеге жиналған жұртшылықты құттықтап, сала бойынша облыста атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.

Атап айтқанда, бүгінгі күні Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының қатысуымен «Қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірлерінің лингвистикалық базасын қалыптастыру» және «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының жанынан құрылған «Таза тіл» еріктілер тобының қатысуымен «Körneki» әлеуметтік жобалары іске асырылуда.

Аймағымыздағы 930 білім беру ұйымында мемлекеттік тілді дамыту бағытында жүйелі шаралар жүргізілуде.

Облыстың медиа кеңістігіндегі 148 бұқаралық ақпарат құралдарының 142-сі мемлекеттік тілде ақпарат таратады.

Үстіміздегі жылдың 21 ақпаны «Халықаралық ана тілі» күніне, мамыр мерекелері мен Жеңіс күні қарсаңында және «Астана» күніне орай жалпыхалықтық, жалпыұлттық патриоттық диктанттар ұйымдастырылды.

Диктант жұмыстарына облысымыздан 95 243 оқушы мен студент, 252 538 ересек тұрғын қатысып, жоғары белсенділік танытты.

Шара барысында, тіл жанашырлары мен сала мамандары облыстың Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің, орталық атқарушы органдардың Алғыс хаттарымен марапаттады.

Сондай-ақ Қырғыз елінің егемендігі мерекесі аясында ақын Молдо Нияз Эрназар Уулунун 200 жылдығына арналған халықаралық ақындар айтысында бас жүлдені жеңіп алған дарабоз ақын, үш мәрте «Алтын домбыра» иегері М.Ниязовқа ұлт тілін ардақтаудағы ерекше үлесіне арналған аймақ басшысының Алғыс хаты табысталды.

Бұдан соң Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы С. Аңсат «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Мемлекеттік тілді дамытуда белсенділік танытқан, облыс тұрғындарына қазақ тілінде сапалы қызмет көрсеткен үздіктерге «Үздік этномәдени бірлестік», «Тіл жанашыры», «Үздік қазақтілді кәсіпкерлік нысан», «Үздік қазақтілді қаржылық ұйым», «Үздік қазақтілді ас мәзірі», «Үздік қазақтілді кәсіпкер», «Үздік қазақтілді нотариус» номинацияларын тапсырды.

Фестиваль соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Тіл мерекесіне орай 80-ге жуық түрлі форматта кешенді іс-шаралар өткізіліп, оларға облыс бойынша 20 мыңнан астам адам қатысты.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
06 қыркүйек 2023 ж. 254 0