Жылу беру маусымына дайындық пысықталды
Өткен аптада жылу беру маусымында өрт және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Сырдария ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері С.Джалмұхамбетова баспасөз брифингін өткізді.
Брифингке аудандық жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің әдіскері Д.Күзербаев, Қызылорда газ тарату жүйесі мекемесінің слесарлері Е.Төремұратов, Б.Көшербаев және аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Қ.Ережепбаев қатысты.
Жиын барысында Сырдария ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері С.Джалмұхамбетова жылу беру маусымында жүргізілетін профилактикалық және газ құю бекеттерінде қауіпсіздіктің алдын алу бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
– Ел көлемінде жылу беру маусымына дайындық жұмысы жан-жақты пысықталуда. Сырдария ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімі әрқашан профилактикалық іс-шараларды күшейтіп, олқылықтардың алдын алу жүргізілуде. Қызылорда газ тарату жүйесі мекемесінің мамандарымен бірлесіп, тұрғын үйлерде газды ережеге сай пайдалану керектігі ескертілуде. Сонымен қатар газ құю бекеттерінде газды ережеге сай құю ұдайы қадағаланады. Негізінен, өрттің шығу себептеріне бірнеше фактор әсер етеді. Пештің ақаулығынан немесе пайдалану кезінде өртке қарсы қауіпсіздік ережесі сақталмауынан, электр желілерінің қысқаша тұйықталуынан өрт шығу қаупі жоғары. Балалардың отпен ойнауы мен ашық отты пайдалану және тағы басқа себебінен төтенше жағдай салдары анықталуы мүмкін. Кез келген адам үйден шыққан уақытында барлық газ және электр қондырғыларының өшірілгеніне көз жеткізгені дұрыс. Жылыту маусымы басталған мезетте пешті бір рет тазартып тұру қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Электр желісін бір нүктеге қосуға жол бермеу керектігі басты рөл ойнайды. Электр желісінің бір жерде орналасуы шамадан тыс қуаттығына әкеп соқтырады. Жалпы, қатты отын пайдаланылатын пеш есігінің астындағы жанғыш материалдан жасалған еденді өлшемі 50х70 см кем болмайтын есік алды қаңылтырмен қорғаған жақсы. Пешке тез жанғыш сұйықтықтарды қолдануға болмайды. Және пешті жағуды үйден шығар алдында кемінде 2 сағат бұрын тоқтату төтенше жағдайлардың алдын алады, – деді бөлімнің аға инженері С.Джалмұхамбетова.
Өз кезегінде сала мамандары газ құю бекеттеріне барып, кәсіпкерлік нысанының иелері мен онда жұмыс істейтін операторларға талапқа сай жұмыс жасау керектігі жөнінде түсіндірме жұмысын жүргізді. Іс-шара барысында өрттің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат беріліп, арнайы әзірленген жадынамалар да таратылды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ