Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Төтеншеліктер сан салаға жауапты

Төтеншеліктер сан салаға жауапты

Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімі осы жылдың 8 айында атқарған жұмысының қорытындысы бойынша баспасөз брифингін өткізді. Оған аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары, Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Салтанат Джалмухамбетова, инженер Ернар Оспан, БАҚ өкілі қатысты.

Баспасөз брифингі барысында Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Ернар Оспан атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

– Сырдария ауданының төтенше жағ­дайлар бөлімі азаматтық қорғау сала­сындағы мемлекеттік саясатты, оның ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, аудан аумағында азаматтық қорғанысты ұйым­дастыру және өрт қауіпсіздігін қамта­масыз етуді, төтенше жағдай аймағында халыққа көмек көрсетуді жүзеге асырады. Бөлімнің 25 тармақтан тұратын 2022 жылға арналған жұмыс жоспары Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Р.Қайрақбаевпен бекітілген. Негі­зінен, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы мерзімді уақытта 3 рет өткізілген. Комиссия отырысында 6 мәселе қаралған. Жалпы, төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға аудан бюджетінің шұғыл шығындар резервіне 2022 жылға 88 млн 23 мың теңге қаржы қаралған. Айта кетейік, Сырдария ауданының қауіп-қатер каталогы мен қауіпсіздік паспортына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 2022 жылы қайта бекітілді, – деді сала маманы.

Өз кезегінде аудан аумағында су басу қаупі бар кент және елді мекендердің халқын қауіпсіз аймаққа орналастыру іс-шара жоспары сараланды. Су басу ықтимал аймаққа Тереңөзек кенті, Қалжан Ахун, Нағи Ілиясов елді мекен­дері мен Асқар Тоқмағамбетов ауылына қарасты саяжай жатқызылған. Аудан көлемінде оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай жалпы ұзындығы 77 шақырымды құрайтын «Сырдария» өзені ағады. Өзен бойымен жалпы ұзындығы 96,9 шақырым (оң жаға – 55, сол жаға – 41,9) болатын қорғаныс бөгеттері бар. Жалпы халықты су басу аймақтарынан көшіру мақсатында 8 эвакуациялық жинақтау пункті және 10 эвакуациялық қабылдау пункті бекітілген. Аудан бойынша Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеттеріндегі учаскелерге бекітілген жауапты мекемелер кестесі аудан әкімімен 2019 жылдың 26 желтоқсанда бекітілген. Жауапты тұлғалар мен мекемелерден белгіленген мекеме – 8, учаскілер саны – 9. Бұл ретте, азаматтық қорғаныс саласы бойынша толықтай мәлімет берілді.

Өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру бойынша қызметтік жұмысты ұйымдастыру, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізуді жүзеге асыру бойынша бөлім тарапынан біршама тиісті іс-шаралар қабылданған.

– 2022 жылдың І жартыжылдығына арнал­ған тексеру кестесіне сәйкес, осы мерзімде төтенше жағдайлар бөлімі аудан аумағында орналасқан барлығы 29 (оның ішінде 18-і білім беру нысаны) нысанға ерекше тәртіп бойынша өрт-техникалық тексеру жұмысын жүргізді. Тексеру нәтижесінде, 3 нысан талапқа сай болса, қалған 26 нысаннан барлығы 281 өрт қауіпсіздігі бұзушылығы анықталды. Тексеру барысында анықталған олқылық бойынша бірнеше заңды тұлғаға ескерту беріліп, жекелеген тұлғаларға айып­пұл салынды. 2022 жылдың 8 айында Сырдария ауданы аумағында барлығы 20 өрт (1 өрт Қызылорда қаласы ТЖБ тіркелген) оқиғасы тіркелді. Орын алған өрттердің салдарынан қаза болу 2 фактісі, жарақат алу 1 фактісі тіркелді, – дейді Ернар Оспан.

Баспасөз брифингінде Сырдария ауда­нының төтенше жағдайлар бөлімінің суға түсу, жылу беру маусымы, сыбайлас-жем­қорлық, құжат айналымы, заңды және жеке тұлғалардың өтініші жайында кеңінен мәлімет берілді.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
27 қыркүйек 2022 ж. 306 0