Олқылық опық жегізеді
Сырдария ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Ернар Оспан мекемелер үйінің мәжіліс залында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатын өткізді.
Жиын барысында сала маманы аталған бөлім тарапынан өрт оқиғаларын болдырмауға байланысты атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Сырдария ауданы бойынша әлеуметтік осал топтарына жататын 252 отбасының тізімі нақтыланды. Барлық тұрғын үйге рейдтік іс-шара кезінде өрт қауіпсіздігі ережесінің талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар 751 дана көмірқышқыл газының алдын алу датчигі орнатылды. Негізінен, жылу беру маусымы кезінде тұрғын үйлерде барлығы 11 өрт оқиғасы орын алды. Өрт оқиғаларының басым бөлігі – жылу беру маусымы басталар уақытта жылыту пештеріне жөндеу және тазарту жұмыстары жүргізілмегендіктен, яғни ақау пайда болуынан орын алып отыр. Жалпы, өткен жылы 3220 тұрғын үйдің мекен жайына барған сала мамандары 14668 адамға түсіндірме жұмысын жүргізді, – дейді Ернар Оспан.
Айта кетейік, өткен жылы Сырдария ауданы бойынша автокөліктегі 5 өрт оқиғасы тіркеліп, 800 мың көлемінде материалдық шығын келген. Автокөліктегі өрт оқиғасы электр сымының қысқаша тұйықталуы салдарынан болғандығы анықталған. Осыған сәйкес, автокөліктегі өрттің алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімімен бірлесе отырып, «Автокөлік» акциясы ұйымдастырылған.
Алдағы уақытта да тиісті іс-шаралар жүргізілетінін айтқан маман журналистер сауалдарына жауап берді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ