Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 14 өрт оқиғасы тіркелген

14 өрт оқиғасы тіркелген

Аудандық тө­­тен­ше жағдайлар бөлімінің бас маманы Рүстем Беркінбаев алдағы жылу беру маусымында төтенше жағ­дайлардың алдын алу және халық арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін насихаттау мақса­тында бұқаралық ақпарат құрал­дарына брифинг өткізді. Жиында санитарлық талаптар қатаң сақ­талып, қауіп­сіздік ережелері назарға алынды.
Жылу беру маусымының басталуымен төтенше жағдайлар жиі орын алады. «Апат айтып келмейді» деген, десек те, мамандар талабына құлақ асқан жөн. Себебі, жылыту пешінен шыққан иістен улану, жанып жатқан оттың бақылаусыз қалуынан өрт туындауы мүмкін.
Маман алдағы жылу беру маусымы бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар есебіне тоқтала отырып:
– 2020-2021 жылдар бойынша ауданда 14 өрт оқиғасы тіркелді. Пештен шыққан көмірқышқыл газы денсаулыққа, адам өміріне аса қауіпті. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары мен қауісіздік шараларын жүргізу жұмыстары атқарылуда. Аудандық газетке өрт қауіпсіздігі туралы мақала ұдайы беріліп отырады. Одан бөлек әлеуметтік желілер арқылы, семинар-брифингтер мен түсіндірме жұмыстарын жүргізу негізінде тұрғындарды құлақтандырудамыз, – деді.
Сондай-ақ, әр көшеге арнайы маман бөлінген. Бір қызметкер бірнеше көше тұрғындарын қауіпсіздік шараларымен ақпараттандыру жұмыстарын жүргізеді.
– Жылу беру маусымында тұрғын үйдегі пеште үш рет, нысандарда екі реттен тазарту жұмыстары жүруі керек, – деп түсіндірген Рүстем Бибосынұлы тұрғындардан төтенше жағдай орын алғанда 101 және 112 нөмеріне хабарласуды сұрады. Сондай-ақ, өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалғанда асықпай мекенжай мен толық ақпаратты берудің маңыздылығын ескертті.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
11 қыркүйек 2021 ж. 485 0