Жастар – интеллектуалды сайыста
"Сырдария-Нұрдария" қоғамдық қоры, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен, аудандық қоғамдық даму бөлімінің қолдауымен 30 тамыз – ҚР Конституция күніне орай кітап оқырмандары клубының арасында интеллектуалды сайыс өткізді.
"Жемқорлықсыз қоғамға қадам" тақырыбын арқау еткен сайысқа ауданнан 4 команда қатысты. 14-35 жас аралығындағы оқырмандардан құралған командалардың қатарында "Қыран" тобы №135 А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектеп, "Жастар" тобы №131 орта мектеп, "Алаш" тобы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектептің жоғарғы сынып оқушылары, "Жалын" тобы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің жас ұстаздары болды.
"Жемқорлықсыз қоғамға қадам" тақырыбын арқау еткен сайысқа ауданнан 4 команда қатысты. 14-35 жас аралығындағы оқырмандардан құралған командалардың қатарында "Қыран" тобы №135 А.Тоқмағамбетов атындағы орта мектеп, "Жастар" тобы №131 орта мектеп, "Алаш" тобы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектептің жоғарғы сынып оқушылары, "Жалын" тобы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің жас ұстаздары болды.
Интеллектуалды сайысқа аудандық газеттің тілшісі Б.Жанәлі, тарихи-өлкетану музейінің директоры С.Қуандықова, жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Н.Сейтжан қазылық жасады.
Қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлық ұғымын түсіндіріп, оның пайда болуы, жемқорлыққа қарсы өз көзқарастарын білдіру мен дүниетанымын кеңейту, жауапкершілікпен қарау мақсатын алға қойған клуб мүшелері бірнеше кезең бойынша сайысқа түсті. Әр командада үш мүшесі бар белсенді жас оқырмандар алдымен сәлемдесіп, өздерін таныстырды. Таныстыру рәсімінде "Жастар" тобы сайыс тақырыбын әнге қосып, ерекшеленді. Алдын ала берілген тапсырма бойынша бірінші кезеңде әрбір топ "Жемқорлықсыз ел – гүлденген ел" тақырыбына эссе жазып, оны көпшілік алдында қорғады. Нәтижесінде эссе талаптарын орындап, өзіндік көзқарастарын білдірген "Жастар" мен "Жалын" командалары бұл кезеңде алға шықты. Екінші кезең "Келешектің тұтқасы – білімді ұрпақта" тақырыбы бойынша өтті. Сұрақ-жауап негізінде ұйымдастырылған бұл кезеңде кезекпен әрбір топ ұяшықтарда жасырылған сұрақтарға жауап берді. "Өткен тарихты зерделеу", "Атаулы даталар", "Конституция", "Терминдер" ұяшықтары бойынша өз таңдауларымен ұпай саны бойынша сұрақ таңдап, командалар өз білімдерін көрсетті. Бұл кезеңде "Жастар" командасы 6 сауалға дұрыс жауап беріп, ең көп ұпай жинады. "Алаш" команадасы да қалыспай 5 сұраққа дұрыс жауап беріп, екінші орынға тұрақтады. Үшінші кезеңде "Қыран" мен "Жалын" тең түсті. Олар әрқайсысы 4 сұрақтан дұрыс жауап берді.
Интеллектуалды сайыстың шешуші кезеңінде сұрақтарға дұрыс, әрі жылдам жауап берген командалардың арасында ең жас мүшелері бар алаштықтар озды. Төрт сұраққа дұрыс жауап тапқан команда бұл кезең бойынша үздік шықты.
Сайыс нәтижесінде жалынды "Жастар" командасы бірінші орынға шықса, екінші орынға "Алаш" командасы лайық деп танылды. Үшінші жүлделі орынды "Жалын" тобы иеленді. Асқар ауылынан келген "Қыран" командасы ынталандыру сыйлығына ие болды.
– Ауданның жалындаған жастары әрдайым сыбайлас жемқорлықтан бойын аулақ ұстауы керек. Өз елінің патриоттары Жаңа Қазақстанды құруда осындай жігерлі іс-әрекетпен ғана жемқорлықты түбімен жоюға ықпал етеді. Бүгінгі сайыста жастар өздерінің білімдерін көрсетті. Тарихты зерделеп, атаулы даталар жайлы, Конституция, терминдер туралы білімдерін көрсетті. Сондықтан сіздер секілді жас мұғалімдер білім берген шәкірттеріңіз де білімді, туған елдің нағыз патриоты болып өсетіндеріне сенеміз. Қоғамдық қор алдағы уақытта да осындай сайыстар ұйымдастыратын болады. Сондықтан үнемі белсенділік танытуға шақырамыз, – деді қор төрағасы Марат Омаров.
Жүлдегерлерге "Сырдария-Нұрдария" қоғамдық қорының атынан арнайы диплом мен қаржылай сертификат табысталды.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ