"36 жастары" чемпион
Бүгінде ауданда өнерге құштар жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Жайдарман» мектеп лигасы тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жыл басынан бері әзілге біртабан жақын жастар арасында бірнеше ойын өтті.
Өткен аптаның сенбісінде аудандық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен, «Жас Орда» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мектеп лигасының финалдық ойыны өткізілді. Сайысқа 5 топ қатысты.
Сайыстың «Сәлемдесу» деп аталатын алғашқы кезеңін Аманкелді ауылынан келген «42 жастары» тобы бастады. Одан кейін Қалжан ахун ауылының атынан сынға түскен «Қанат бренд» және тереңөзектік «Тереңград», «35 жастары», «36 жастары» өнер көрсетті. Екінші кезеңде әр топтың капитаны көрерменге күлкі сыйлайтын жаңалық оқыды. Соңғы «Үй тапсырмасы» сайысында мектеп оқушылары студенттік өмір, мектептегі қызықты сәттер, қоғамдағы жастар мәселесі жөнінде көрініс қойды. Әрбір топтың өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамында облыстық жастар ресустық орталығының бөлім басшысы Б.Қалиев, Жалағаш аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Е.Бақбергенұлы, Сырдария аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Ғ.Оралов болды.
Финалдық сайыс қорытындысында «42 жастары», «Тереңград» тобы Алғыс хатпен марапатталды. Жүлделі ІІІ орынды «35 жастары» иеленсе, ІІ орын «Қанат бренд» тобына берілді. Ал көрерменді күлкіге қарық қылған «36 жастары» І орынға лайық деп танылып, чемпион атанды.
Б.ОРДАБЕКОВ