Кінәлілер жауапқа тартылады
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Қазақстан» шахтасында қайғылы жағдай орын алып, апат салдарынан 13 адам зардап шегіп, бірқатар кенші қаза тапты. Бұл еліміз үшін аса ауыр жағдай болды. Осыған орай Үкімет басшысы Ә.Смайлов Қарағандыға барып, шұғыл кеңес өткізді.
Бірінші кезекте Үкімет басшысы оқиға салдарынан қаза тапқан кеншілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Шұғыл кеңесте 17 тамыз сағат 10:05-те шахтада конвейерлік таспаның тұтануы орын алғаны баяндалды. Жедел әрекет ету шеңберінде апатты жою жоспары дереу іске қосылып, жұмысшыларды жер үстіне шығару ұйымдастырылғаны айтылды. Оқиға болған кезде шахтада 227 адам болған және сол күнгі сағат 13:50-дегі жағдай бойынша 222 кенші жер үстіне шығарылған.
Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шахтадағы апаттың себептерін егжей-тегжейлі зерттейтін арнайы комиссия құрылғанын атап өтті.
– Жауапты тұлғалардың барлығы тиісті түрде жазаланады. Өткен жылы да осындай жағдай болған. Ол кезде басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген еді. Бірақ, көріп отырғанымыздай, қайғылы оқиға қайталанып отыр, қажетті көлемде қаражат бөлінбеуде. Сондықтан қазір бұл компанияның иесі бойынша қандай шара қабылданады деген сұрақ қойылды. Өткен қайғылы оқиғалар бойынша тергеу жұмыстары аяқталу үстінде. Қыркүйек айында материалдар сотқа жіберіліп, кінәлілер, оның ішінде компанияның топ-менеджменті жауапқа тартылады деп күтілуде. Мұның соңына жететініміз анық, – деді Премьер-Министр.
Кездесу барысында қаза тапқандардың барлығының отбасына мемлекет пен жұмыс беруші қажетті қолдау көрсететіні атап өтілді.
«ТТ» ақпарат