Алапат өрт: қазақ елінің қабырғасы қайысты
Тағы да өрт. Тағы да алапат апат. Қабырғасы қайысқан қазақ жұрты бұл жолы Семей өңірі үшін күңіреніп, өртке оранған аймақтағы ауыр жағдайға алаңдап отыр. Сай-сүйекті сырқыратар бұл қайғының орны бөлек, өйткені 14 азамат қызмет бабында қаза болды. Осыған орай Мемлекет басшысы ел жұртшылығына және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарына көңіл айтып, 12 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
«Семей орманы» резерватындағы өртті сөндіру кезінде «Успенское» орманшылығының 14 қызметкері қаза тапқандығы туралы қаралы хабарды біз де қабырғамыз қайысып, зор күйзеліспен қабылдадық. Тілсіз жаумен алысып, туған халқының амандығы жолында жандарын қиған азаматтардың ерлігі ешнәрсемен өлшенбейді. Олар қызметтік міндетін адал атқарып, ерлікпен қаза тапты. Сондықтан қайтыс болғандардың отбасыларына, ағайын-туыстары мен әріптестеріне көңіл айтамыз.
Ауыр жағдайды тікелей бақылауына алған Президент Абай облысына жұмыс сапарымен келіп, өртеніп жатқан орман алқабын тікұшақпен аралап шықты. Мемлекет басшысына Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өрт сөндіру жұмысының барысы және табиғат апаты салдарымен күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, күннің ыстығы мен ұйытқыған желдің салдарынан өрт тез өршіп, 60 мың гектарға жуық орман алқабы өртке оранған. Өрт сөндіруге 300-ге жуық техника, 1500-ге жуық адам және 11 тікұшақ жұмылдырылған. Табиғат апаты аймағына жақын орналасқан елді мекендердің халқы эвакуацияланып, Бородулиха ауылындағы және Семей қаласындағы арнайы әзірленген ғимараттарға орналастырылды. Алайда қазір қауіп сейілгендіктен, тұрғындар өз үйлеріне орала бастады. Президент өртке оранған орман алқабын тікұшақпен аралап шыққан соң Бородулиха ауылында орналасқан мобильді командалық пунктке келді. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Семей орманы» табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарымен кездесіп, оларға көңіл айтты.
«Мен сіздерге көңіл айту үшін арнайы келдім. Екіншіден, жан-жақты көмек көрсетілетінін айтуға келдім. Қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі. Балалар балабақшаға, ЖОО-ға орналастырылады – бәрі орындалады. Мен, әрине, сіздермен біргемін. Сіздер – еліміздің азаматысыздар. Мен сіздер үшін жауаптымын. Мен Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Өте ауыр жағдай екенін түсінемін. Асыраушыларыңызды, отағасын, ең жақын туыстарыңызды жоғалттыңыздар. Өкінішке қарай, өмірде мұндай қайғылы жайттар болады. Мұны ақтайтын ешқандай себеп жоқ. Тағы да айтамын. Моральдық және материалдық көмек көрсетіледі» деді Президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ зардап шеккен барлық отбасыға жеке жәрдемақы тағайындалатынын айтты. Президент жанынан арнайы қор құрылатынын, зардап шеккендерге жеке көмек көрсетілетінін жеткізді. Мұнан бөлек министрлік пен басқа да тиісті органдар апаттың ауқымы бойынша қате болжам жасағанына тоқталып, жағдайға салғырт қарап, біліктілік танытпағандардың барлығы жазаланатынын айтты.
Қаза тапқан азаматтардың туыстары Президентке қиын жағдайға тап болғанын айтып, тұрмыстық проблемаларын шешіп беруді сұрады. Сондай-ақ орман шаруашылығындағы олқылықтар туралы арыз-шағымдарын жеткізді. Атап айтқанда, марқұмдардың туған-туыстары резерваттағы материалдық-техникалық база сын көтермейтінін, орманшылардың еңбекақысы аздығын, ал қызметкерлерді әлеуметтік қорғау шаралары нашар екенін айтты.
Мемлекет басшысы Бас прокуратура осы қайғылы жағдай бойынша тергеу амалдарын жүргізіп, кінәлі адамдар жауапқа тартылатынын айтты. Сондай-ақ Президент жақынынан айырылған отбасыларға таяу арада көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырмалар берді.
Абай облысына жасаған жұмыс сапарында Президент шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді. Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысы табиғат апаты кезінде қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев алда ауқымды жұмыс бар екенін айтып, жалпы, бұл салада түйткілдер, шешілмей жатқан мәселелер аз еместігін атап өтті.
«Қазіргі таңда негізгі міндет – жұмысты сапалы жүргізу. Бұл – ең алдымен, осындай апаттарға жол бермеу қажет, сонымен қатар төтенше жағдай болған кезде тиісті шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек деген сөз. Біздің жағдайымызда кәсіби салғырттық, адамдардың тағдырына мүлде немқұрайлы қарау байқалды. Қазір бұған тағы да көз жеткіздім. Ал, қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту қажет. Министрлік, оның басшылары өз қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай апаттар орын алып отыр» деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады.
«Қателік көп. Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Сондықтан жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын.
Негізі, мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек. Он төрт адамнан айырылып қалдық. Олар қызметтік борышын атқара жүріп қаза тапты. Қазір сіздің міндетіңіз – Үкіметпен бірге менің азаматтарға берген барлық уәдемнің орындалуын қадағалау. Сөз бен іс қабысу керек. Иә, мен көңіл айттым. Бірақ адамдарға нақты көмек көрсетілуге тиіс» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, қазіргі басты міндет – адам өмірін сақтап қалу, өртті тоқтатып, елді-мекендерге таралуына жол бермеу. Ол үшін өрт қаупі бар жерден көшірілген тұрғындарды қауіпсіз мекенге орналастырып, оларға қажетті жағдай жасау керек. Қатердің беті қайтқан соң, залалдың көлемін шұғыл анықтау қажет. Енді Президенттің пәрменімен зардап шеккен тұрғындардың бәріне қолдау көрсетіледі. Қаза болған азаматтардың отбасына және зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу мәселесін шешу жөнінде де нақты тапсырма берілді. Бұл туралы Президент созбалаңға салу мүлдем болмауы керектігін қатаң ескертті.
Алапат өрт кезінде өмірін құрбан еткен жандар мемлекеттік наградаға ұсыну жұмыстары да қолға алынады. Сондай-ақ бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беру тапсырылды.
Қалай дегенде де, бұл жағдай – орны толмас қайғы, бүкілхалықтық апат. Жер көлемінің жалпы есебі бойынша біздің елде 4 пайызға жетпейтін орман қоры бар екен. Сондықтан орманды сақтауға ерекше көзқарас қажет. Мүмкін осы жағдайдан кейін Ел Үкіметі мен салалық министрліктер нақты шаралар қабылдар. Ал, орны толмас қазаға душар болған отбасылар келесіде мұндай жағдай орын алмас үшін саладағы жұмыс жүйесін түбегейлі реформалау керектігін айтады. Ол уақыттың еншісіндегі іс екені белгілі. Ең бастысы, орын алған жағдай Президенттің тікелей бақылауында. Ел соны медеу тұтып, сабыр сақтап, ертеңгі күннен үміт күтуде.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ