Мезгілінде жеген қауын пайдалы
Жаз мезгілінің соңғы айы тамыздың да орта тұсы келіп жетті. Тамыздың тамылжыған күндерінде диқаншылар да еңбегінің жемісін көре бастайды. Алқаптарда қауын мен қарбыз пісіп, ерекше дәмді қауынның иісі мұрныңды жарып, оның дәмін көруге асықпайтын адам кемде кем.
«Биылдыққа дәмді қауынды бірінші рет жедім» деп мәз болған бала шағаның қуанышында да шек жоқ. Есік алдындағы бақшалық жерден жаңа ғана жұлып әкелген қауынның хош иісі мен тәттілігі тым бөлек боп шықты. Ешқандай тыңайтқышсыз есік алдында бақшада өскен қауынды әспеттеп, өзінің ырымымен тілімдеп кесе бастаған отағасы да қауын жайында сөз қозғады.
Мезгілінде жеген жемістің де, көкөністің де адам ағазасына несімен пайдалы деген сауалды қойып, оның жауабын өзі тарқата бастады.
Ең алдымен қауынның құрамы көптеген дәрумендерге және құнарлы заттарға бай болады. Адам ағзасындағы ішектің жұмысын жақсартатын қабілеті бар қауында сүйекті қатайтатын калий мен магний бар. Ал біле білгенге калий қазір көп адамда кездесетін қан қысымын төмендетін дәруменнің бірі. Сондықтан дәмді қауынды жеп, денсаулықты нығайтуға болады. Ал қауынның құрамындағы С дәрумені иммунитетті нығайтатыны тағы бар.
– Бұрынғының адамдары неліктен көп ауырмаған. Мүмкін ол кездің адамдары бақшаға еккен көкөністің мол қорын жинап алып, таза тағам пайдалану арқылы денсаулықтарын қорғаған болу керек. Қазір екінің бірі ұялы телефонның кесірінен көзінен айырылып жатыр. Әсіресе, жас ағза, балалар болашақта көз жанарынан айырылып қала ма деген қорқыныш бар. Мына жеп отырған қауынның құрамындағы дәрумендер көздің саулығына да әсер етеді. Көздің көруін жақсартады. Темір, калий, магний, кальций тағы басқа дәрумендер жүрек-қан тамырлар жүйесі аурулары мен қант диабетінің алдын алады. Ағзада холестерин мөлшері көбейіп кетсе, қауын оны да төмендетуге қабілетті. Қауын жесеңдер ашуың басылып, тынышталасың, – деп қауын жайындағы пайдалы ақпаратты әкем де жалғастырды.
Әрине, таза, табиғи тағам денсаулықтың кепілі. Табиғи тағам тұтынатын адамдар ұзақ өмір сүреді деген пікір де бар. Мұны дәрігерлер де құптайды. Мәселен, біз пайдалы деп отырған қауынның зияны да бар екен. Аналарымыз жас босанған әйелге қауын жегізбейтінін көзіміз көрді. Яғни, емізулі әйел қауын жесе, сәбиінің ас қорыту жүйесін бұзуы мүмкін. Асқазан жарасынан зардап шегетіндерге қауын жеуге болмайды. Қауын жегенде салқын сусын, сүт өнімдерін қоса ішсеңіз ішек жұмысы бұзылады. Негізінен, не нәрсені де мөлшерімен тұтыну ағзаға пайдалы. Сондықтан көп мөлшерде қауын жеу ағза жұмысын бұзады. Қауынды ыстық тағам ішерден екі сағат бұрын немесе екі сағаттан кейін жеген жөн.
Піскен қауынды таңдаудың шебері болудың ешқандай құпиясы жоқ көрінеді. Оны осы мезгілде білгеніңіз дұрыс. Қауынның сырты жасыл болса, ол піспеген. Дәмді қауын бүтін, қара дақтарсыз, ешқандай сызатсыз, жарылған жерлері болмауы тиіс. Қабығы қаттылау, бірақ тым қатты немесе тым жұмсақ болмағаны жөн. Қарбыз секілді қауынды да сыртынан ұрып көру арқылы дұрыс таңдауға болады. Қатаңдау дыбыс шықса, оның піскенін аңғартады. Піскен қауында хош иіс болады. Иіскеп көріп, әбден піскен қауынды сатып алып, мезгілінде тұтынсаңыз, ағзаңызды дәруменмен байытасыз.
Сыр елінің бренді саналатын күріштен кейінгі басты өнімі қауын сырт елдерге де экспортталуда. Ауданның шалғай елді мекені Іңкәрдарияның диқаншылары жаз бойы еккен қауыннан мол өнім алып, оны алыс-жақын шет елге жөнелтуде.
Мәселен, Сыр қауыны өзінің ешқандай химиялық өңдеусіз пісіп-бапталған түрі торлама, Жиенбай мен Мырзашөл қауындарына сұраныс жоғары. Бұл қауындар алыс жолға шыдамды, әрі дәмі тіл үйіретіндіктен диқаншылар қауынның бұл сортынан жыл сайын тонналап өнім алады.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөзден