184 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында жергілікті БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл аудан басшысының Сырдарияның тізгінін ұстағалы өңір журналистері алдында бірінші рет есеп беруі болған соң баспасөз мәслихатына жиналғандардың қарасы қалың болды.
Аудан әкімі алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс әкімінің қолдауымен ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрақты өсімді қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалар аясында атқарылған жұмыстар бар.
– Жоспарланған ауқымды іс-шаралардың нәтижелі жүзеге асырылуының негізінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім қалыптасты. 2023 жылға аудан бюджеті 9,6 млрд теңге болып бекітіліп, ол 10,7 млрд теңгеге нақтыланды. Аудан бюджетінің 63,7 пайызы әлеуметтік және инфрақұрылымдық саланы дамытуға бағытталған. Биыл есепті кезеңде аудан экономикасына тікелей ықпал ететін өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасып, өнеркәсіп өндірісі 68,5 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 3,4 пайызға, ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,4 пайызға өсті. Инвестиция 72,4 пайызға, тұрғын үй 26,9 пайызға және құрылыс жұмыстарының көлемі 5,3 есеге артты, – деді аудан басшысы.
Осы ретте ақпарат ретінде айта кететін болсақ, былтырғы жылы өнеркәсіп өндірісі 4,3 есеге, өңдеу өнеркәсібі 55,9 пайызға өскен. Ал, инвестиция 219 пайызға, тұрғын үй құрылыс жұмыстарының көлемі 1,9 пайызға артқан. Мұның бәрі бірлесе атқарылған жұмыстардың жемісі және халықтың ынтымақ-бірлігінің арқасында мүмкін болған дүние. Аудан басшысы Сырдарияның әлеуеті бұдан да жақсы көрсеткіштерге жететініне назар аударып, аграрлы аймақ болып табылатын ауданның негізгі күнкөрісі егін шаруашылығымен байланысты екенін айтты.
– Биыл аудан бойынша егілген егістің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7,8 пайызға артты. Атап айтқанда, 35 мың 732 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 23 мың 500 гектарға күріш, 12 мың 232 гектарға басқа да дақылдар егілді. Оның ішінде, жаздық бидай 1723, мақсары 180, күнбағыс 100, арпа 15, жаңа жоңышқа 1846, картоп 508, көкөніс 240, бақша дақылдары 420, ескі жоңышқа 7200 гектарға егілді. Өткен жылы 33 мың гектарға егін егілсе, оның 21 мың гектары күріш болатын. Соңғы жылдары аймақта су тапшылығы үлкен мәселе тудырды. Осыған байланысты облыс әкімінің қолдауымен 2022 жылы шаруашылықтарға 22 дана насос алынды. Биыл қосымша 4 насос алынып, бүгінде ауданда 32 насоспен егінге су жеткізілуде, – деген аудан әкімі өткен жылдан бастап аймақ басшысының тапсырмасымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауылдық жерлерден бақша дақылдарын егу жұмыстары басталғанын айтты.
Соған сәйкес, ауданда былтырғы жылы 210 гектар қосымша жер ашылып, 865 отбасы бақша дақылдарын ексе, биыл жер көлемі 359 гектарға дейін артып, 1105 отбасының әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егуіне қолайлы мүмкіндік жасалған. Ерекше айта кететін жайт, бұл бағытта әсіресе жастар белсенділік танытуда. Былтыр Айдарлы мен Аманкелді ауылында жастар бригадасы құрылып, еңбексүйгіш жастар 20 гектарға егін ексе, биыл қосымша 4 ауылда жастар бригадалары құрылып, адал еңбекті ту еткен ауыл жастары 60 гектарға бақша дақылдарын орналастырған. Олардың жұмысы лайықты насихатталып, аудан басшысы жастар бригадасының мүшелерімен бірнеше рет кездесіп, қолдау білдірген. Мұнан бөлек ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мақсатында наурыз айынан бастап жәрмеңкелер тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
– «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, айына екі реттен өткізілетін жәрмеңкеде азық-түлік халыққа базар бағасынан 10-15 пайыз төмен сатылуда. Сонымен бірге ауданда «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен келісімшарт негізінде қазір екі әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Оларға қажетті азық-түлік қорын толықтыру мақсатында, оның ішінде ақталған күрішке байланысты аудандағы шаруашылық құрылымдарымен меморандум жасалған. Мұндағы азық-түлік бағасы нарықтағыдан 15-20 пайыз төмен, – деді Б.Сәрменбаев.
Ауданда кәсіпкерлік саласын дамыту да тұрақты назарда. Қазіргі таңда 3247 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасап тұр. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34 пайызға артық. Жалпы, бірінші жартыжылдықта мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,4 млрд теңгені құрайтын 184 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Нақтырақ айтсақ, «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы бойынша құны 136 млн теңгенің 12 жобасы, Ұлттық жобалар аясында екінші деңгейлі банкттерден құны 223,4 млн теңгенің 7 жобасы қаржыландырылған. Мұнан бөлек 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде 72 адамға 99,4 млн теңге қайтарымсыз грант берілген. Сонымен қатар «Кең дала», «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары бойынша 408,8 млн теңгенің 66 жобасы жүзеге асса, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Қызылорда филиалы арқылы құны 520,5 млн теңгеге 15 ауылшаруашылық техникалары мен құрал-жабдықтары алынған. Жастарды шағын несиелеу бойынша 55,4 млн теңгені құрайтын 12 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Аудан әкімінің айтуынша, жылдың соңына дейін құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаны нақты жүзеге асыру жоспарлануда.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың табысын арттыру мақсатындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға аудан халқы белсенділік танытуда. Бүгінде бағдарлама аясында 3 млрд теңгені құрайтын 489 жобаның құжаты әзірленіп, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына ұсынылуда. Ауданның құрылыс және коммуналдық саласында да қарқынды жұмыстар атқарылуда. Биыл 11,6 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылып, 7,4 млрд теңгенің 62 жобасы қолдау тапты. Бірінші жартыжылдық бойынша 6,8 млрд теңге игерілді. Жол жөндеу саласында да жұмыс қарқынды. Биылға 31 жобаға 1 млрд теңге қаржы бөлінді, – деді аудан әкімі.
Ақпарат ретінде кеңінен айтар болсақ, Тереңөзек кентінде 12, Айдарлы мен Жетікөлде 3, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Іңкәрдария, А.Тоқмағамбетов ауылдарында 2, Аманкелді мен Н.Ілиясовта 1 көшеден жөнделмек. Жалпы 27,6 шақырым жолға асфальт төсеу жоспарланған. Есепті кезеңде 14,3 шақырым жол қайта жаңғырту және орташа жөндеуден өткізілген. «Ауыл ел бесігі» жобасы арқылы 488,7 млн теңгеге 12 жоба, облыстық бюджеттен 335,2 млн теңгеге 16 жоба және аудандық бюджеттен 206,1 млн теңгеге 3 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен бірге «Қызылорда-Айдарлы-Тартоғай» автожолына 1,4 млрд теңгеге, «Шымкент-Самара-Тереңөзек» трассасына 687 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
– Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру бойынша ауданда электр қуаты мен ауыз су құбыры желілеріне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, электр желілерінің 70 пайызының тозығы жеткені анықталды. Осыған байланысты бюджеттен 2,7 млрд қаржы қаралып, Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл, Шаған елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері, трансформаторлар толық жаңартылуда. Ал, Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин елді мекендерін электрмен жабдықтауға демеушілікпен жобалар әзірленуде. Сондай-ақ ауыз су құбырын жаңарту үшін демеушілік есебінен 6 жоба әзірленіп, бүгінде Шаған мен Қоғалыкөл ауылы бойынша 3 жобаға 246 млн теңге қаржы бөлінді. Ал Тереңөзек кенті мен Аманкелді ауылына қатысты 3 жобаны қаржыландыру күтілуде. Атап өтетін жағдай, Тереңөзек кенті табиғи газбен толық қамтамасыз етілсе, елді мекендерде газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Қазіргі таңда Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов және Шаған ауылдарын газдандыру үшін 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен қаржыландыруға 3,9 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылып, биыл Қалжан ахун ауылына газ жүргізуге 330 млн теңге бөлінді. Ал, С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов ауылдарын газдандыру жобасын бастауға облыстық бюджеттен 40 млн теңге бөлініп, жұмыстар жасалуда. Демеушілік есебінен жасалған Н.Ілиясов ауылын газдандыру жобасына бюджеттік өтінім ұсынылса, Бесарық, Ақжарма елді мекендерінің жобалары әзірленуде. Жалпы, аудан әкімдігі барлық ауылдардың табиғи газбен қамтамасыз етілуін тұрақты назарда ұстауда, – деді аудан әкімі.
Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, ауданның көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарына аудандық бюджеттен 97 млн теңге бөлінген. Соған сәйкес, биыл 5000 түп көшет отырғызылса, аудан орталығындағы «Майжарма» каналының бойы демалыс орны ретінде абаттандырылуда. Сондай-ақ, Иса Тоқтыбаев көшесінің бойына 133 млн теңгеге ұзындығы 3,2 шақырым болатын тротуар мен лоток салынған. Облыс әкімінің бастамасымен «Үздік елді мекендер» байқауы өткізіліп, таза әрі жинақы елді мекен болып табылған Нағи Ілиясов ауылы бірінші орынды жеңіп алғанын да айта кеткеніміз жөн. Бұл – ауданымыз үшін ортақ жетістік.
Халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту қашанда басым бағыттарға ие. Биыл ауданда 2142 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысында 1233 жаңа жұмыс орны ашылып, бұл 57,6 пайызды құрапты. Ал, мемлекеттің жарқын болашағы жастарды сапалы біліммен қамтамасыз етуге тікелей байланысты дейтін болсақ, бүгінде аудан бойынша 53 білім беру ұйымы жұмыс жасауда. Оның ішінде, жаратылыстану-математикалық бағытта 5 инновациялық мектеп-лицей бар.
– Аз қамтылған отбасы мен 1-4 сынып оқушылары толықтай бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. 2022-2023 оқу жылын 471 түлек мектеп бітіріп, олардың 396-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Ауданның орташа балы – 83,2 пайызды құрады. Мектеп бітіруші түлектердің 29-ы «Алтын белгі», 35-і «Үздік аттестат» иегері атанды. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша мамыр-маусым айларында 880 бала Түркістан, Қызылорда облысы көлемінде саяхатқа шықты. Бастауыш сыныпта оқитын 4665 оқушы мектеп жанынан ашылған күндізгі тынығу лагерлерімен қамтылды. Аудандағы «Жалын» лагерінде 6 ауысымда 681 бала демалуда. Демеушілер есебінен 100 оқушы «Қамбаш» лагерінде, республикалық бюджет есебінен 138 оқушы Алматы, Шымкент, Бурабай және Қонаев қаласындағы лагерьлерде демалыстарын өткізді, – деген аудан әкімі «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында аудан орталығында 300 орындық жаңа мектеп салу жоспарланғанын жеткізді.
Ауданның денсаулық сақтау саласында да жақсы жетістіктер бар. Мәселен, халық денсаулығын жақсарту үшін медициналық мекемелер жаңартылуда. Облыстық бюджеттен 182,4 млн теңге бөлініп, Іңкәрдария, А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік бекеттер күрделі жөндеуден өтуде. Ал республикалық бюджеттен бөлінген 405 млн теңгеге Н.Ілиясов ауылында жаңа амбулатория құрылысы салынуда. Бірінші жартыжылдықта ауданда 360 бала дүниеге келіп, ана және сәби өлімі тіркелмеген. Сондай-ақ Аманкелді ауылына биохимиялық анализ алатын анализатор аппараты қойылды. Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық ауылдарының халқы аудан орталығына бармай, жақын жерден анализдерін тапсырып, ем шаралары жасалуда. Осы және басқа да мәліметтермен бөліскен аудан әкімі облыстық бюджет есебінен бөлінген 88 млн теңгеге Тереңөзек кентіндегі спорт клубы күрделі жөндеуден өткізіліп жатқанын да айтты. Оған қоса, Бесарық ауылындағы спорт кешені биыл пайдалануға берілетінін жеткізді. Жаңа нысандардың талапқа сай салынуы бақылауға алынған.
Баспасөз мәслихатында ауданда атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтқан аудан басшысы ақпараттық қолдау көрсетіп келе жатқан журналистерге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, өз ойларымен бөлісті.
Бұл күні аудан басшысы «qyzylorda» телеарнасындағы «Өзекжарды» бағдарламасында тікелей эфирде сұхбат берді. Сұхбат барысында аудан әкіміне абаттандыру, электр желілерін жаңғырту, жер кезектілігі, апатты үйлер мен газдандыру және мен жер дауы мәселелеріне қатысты сұрақтар қойылды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ