Тұрғындарға құқықтық кеңестер берілуде
Қай кезде немесе қандай жағдай болса да әркімнің құқықтық сауаттылығы жоғары болғаны жөн. Себебі кез келген жағдайда адам баласы өзін қорғай білуі қажет. Осы орайда, құқық қорғау қызметкерлері жыл сайын түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Шілде айының 14-15 күндері аудан орталығында «Жолда қабылдау» Республикалық акциясы өткізілуде.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылықтарын арттыру. Осыған байланысты аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері кенттегі А.Иманов көшесі бойында орналасқан «Халыққа қызмет көрсету орталығы» ғимаратының алдында аудан тұрғындарына құқықтық кеңес беру жұмыстарын жүргізуде. Оның барысында аудан тұрғындары жол қауіпсіздігі, көші-қон заңнамасы, автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, жеке куәлік алу, төл құжатты алу, автокөліктерге қосымша бөлшектер орнату және әкімшілік айыппұлдарды төлеу жөніндегі мемлекеттік қызметтерді көрсету жұмыстары бойынша құқықтық кеңестер алуда.
– Республикалық акция жыл сайын ұйымдастырылады. Мұның тұрғындарға тиімділігі мол. Өйткені, құқықтық сауаттылыққа қатысты халықтың көкейінде сұрақтар көп. Сала қызметкері ретінде тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп жатырмыз. Акция аясында аудан халқы жол қауіпсіздігі, автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәлігін алу секілді мәселелерге қатысты бірқатар сұрақтарын жолдап, жауап алды. Құқықтық кеңестерге қатысты түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіледі, – дейді аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің жол және техникалық инспекциясы тобының мемлекеттік инспекторы, полиция майоры Нұрлан Бердібекұлы.
«Тт» ақпарат